Сабақ жоспары
Мерзімі:
Сыныбы: 5 "А"
Пәні: қазақ әдебиеті
Сабақтың тақырыбы: Әдеби ертегілер. Әбділдә Тәжібаев. Толағай.
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: оқушыларға ертегі түрі - әдеби ертегі туралы, Әбділдә Тәжібаевтың өмір жолы және "Толағай" ертегісі жөнінде түсінік беру. "Толағай" ертегісінің әдеби ертегі түріне жататындығын меңгерту.
Дамытушылық: оқушылардың өз ойын жүйелі айта білуін, шапшаңдыққа, сөздік қорының молдығына назар аудару, пәнге деген қызығушылықтарын, мәнерлеп оқу дағдыларын дамыту.
Тәрбиелік: оқушыларды адамгершілікке, ізгілікке баулу, елжандылыққа, ер жүректілікке тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: жаңа сабақ
Сабақтың әдіс - тәсілдері: слайдтар, актив студио дыбыстық жүйесі, түсіндіру, жекелей оқыту, хронологиялық кесте, Венн диаграммасы, сұрақ - жауаптар.
Сабақтың көрнекілігі: тірек сызба, Ә. Тәжібаевтың портреті, тірек сызбалар, Интерактивті тақтамен жұмыс
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі:
а) сәлемдесу;
ә) түгендеу;
б) зейіндерін пәнге аудару.
ІІ. Жаңа материалға даярлық:
- Балалар, бүгін біз Ә. Тәжібаевтың өмір жолымен және әдеби ертегі түріне жататын "Толағай" ертегісімен, ертегідегі Толағайдың елі, жері үшін жасаған ерлігімен таныс боламыз.
ІІІ. Жаңа материалды түсіндіру:
Әдебиет нешеге бөлінеді?
1) ауызша
2) жазбаша
Ауыз әдебиетінің түрлерін атаңдар!
1. Тұрмыс - салт жырлары
2. Мақал - мәтелдер
3. Жұмбақтар
4. Жаңылтпаштар
5. Ертегілер
6. Батырлар жырлары
7. Ғашықтық жырлар
8. Айтыс өлеңдері
9. Аңыз әңгімелер
Ертегілердің бір саласы - әдеби ертегілер. Әдеби ертегінің жазған авторы белгілі болғандықтан, оны әдеби ертегі деп атайды. Әдеби ертегілер көбінесе ел арасында ауызша айтылып келген аңыз әңгімелердің негізінде туады. Әдеби ертегілер еңбек адамын қадірлеуді, туған елін сүюді, биік адамгершілікті, шыншыл, әділетті болуды уағыздайды.
Мысалға Әбділдә Тәжібаевтың "Толағайы" әдеби ертегісіне жатады. Толағай атты батыр бала туралы және оның атымен аталып кеткен Толағай тауы туралы халық аңызы арқау болған.
Әдеби ертегі авторы Ә. Тәжібаев өмірі, шығармашылығы.
(актив студио арқылы диктордың сөзімен баяндалады)
• 1909 жылы 4 - ақпанда Қызылорда қаласында дүниеге келген.
• 1995 жылы 23 – қыркүйекте дүниеден өткен.
• Ә. Тәжібаев – ақын, драматург, әдебиет зерттеуші, Қазақстанның халық жазушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор.
• Тұңғыш жинағы Жаңа ырғақ 1933жылы жарық көрген.
• 50 шақты кітаптың авторы.
• Толағай әдеби ертегісі 1978 жылы жазылған
• Жамбыл кинофильмінің сценарийін жазған.
• Марапаттаулары: Октябрь революциясы орденімен, Еңбек Қызыл Ту орденімен екі рет, Құрмет белгісі орденімен, медальдармен.
• Әбділдә Тәжібаев "Күй атасы", "Ақын", "Портреттер" дастандары, балалар тақырыбында да қалам тартты.
Толағай ертегісін оқушылардың өздеріне жекелеп оқыту.
Толағай
(Ерлік туралы аңыз)
Ел аузында ертеректен,
Ертек болған қызық көптен
Бір әңгіме есімде бар.
Айтып соны баяндайын,
Ерінбейін, аянбайын,
Тыңдау үшін кел, балалар.
Бес жүз жылдар шамасында
Сонау Ертіс жағасында,
Болған біреу Саржан атты.
Даңқы шыққан мерген екен,
Талай жерді көрген екен,
Сүйіпті жұрт сол қазақты.
Жұбайы да өзіне сай,
Аты Айсұлу - ақ маралдай,
Ақша беті айменен тең.
Көркінен де ақылы басым,
Көршілердің кәрі, жасын
Сүйсіндірген қылығымен...
Айы толды, күні жетті,
"Ұл туды" деп ел шу етті,
Дүниеге бір бала келді.
Отыз күндік мерекені,
Естен кетпес берекені,
Сол ауылға ала келді.
Ақ тілекті дос - жарлары
Ат арытып жетті бәрі,
Қалмай адам көңілі жақын.
Ақсақалдар қол көтеріп,
Жас бөбекке бата беріп,
Толағай деп қойыпты атын.
Балғын бөбек жетті бірге,
Ілінбесін көз бен тілге.
Кереметтен туған жандай:
Кере қарыс, ақша маңдай,
Күн нұрынан ақша маңдай,
Күн нұрынан жаралғандай,
Көзі түскен таңғалғандай.
Үштен төртке жетті жасы,
Туған айдай екі қасы,
Ақ тістері ақ меруерттей.
Қос жұлдыздай көз жанары,
Қос бетінің тамып қаны,
Жалындайды жанған өрттей.
Тым ерекше, тұлға пішін,
Өлшеп болар емес күшін,
Қуанышты ата - анасы.
Бота болып ойнағалы
Арқаласа он баланы -
Қайыспайды қабырғасы.
"Алып болар"деді үлкендер,
Тірі болсын, туды бір ер,
Ер жетуін күтті халық.
Арнап келіп көрер болды,
Көрген соң көз сенер болды,
Алыстағы ел хабарланды.
Жеті жаста садақ тартты,
Атқан оғы тасты уатты,
Жай отынан кейін емес.
Темірден де өткізеді,
Түндік жерге жеткізеді,
Ел осыны етті кеңес.
Еріп кәрі мергендерге -
Әкесімен шықса бірге
Аң аулауға - кең даладан
Құтылмайды қашқан құлан.
Жалғыз толғап тартуынан,
Жан құтқармас болды қыран.
*Осындай бір аңшылықта
Кетіп ұзап айшылыққа,
Шексіз - шетсіз көлге келді.
Мөлдір судан шөл қандырды.
"Алайын,- деп,- көзімді іліп",
Әкесімен тілге келді.
Жалғыз ұлы - көз жанары,
Сұраса да берер жанын:
"Ұйықта, қозым"деді Саржан.
Ұйқыдағы Толағайды
Айналады, толғанады,
Көбелектей от айналған.
Елсіз, малсыз көлдің қасы,
Қалың қамыс айналасы.
Көз қызығар ұшқан құсқа.
Оқта - текте үн береді,
Үрейді ала күңіренеді,
Жем іздеген жолбарыс та.
Жолбарыстың естіп үнін,
Оятайын десе ұлын,
Аң батырын атқызбаққа:
Сабырсыз боп қызбайын деп,
Тәтті ұйқысын бұзбайын деп,
Өзіне - өзі салды тоқтау.
Сол кезде бір сыбдыр шықты,
Жалт бұрылды, көзін тікті,
Көрді Санжар аң балуанын.
Жортып жүріп келіп қапты,
Жол тосқанын аңғармапты,
О да торып қалды жауын.
Оқтан ұшқыр өр жолбарыс,
Жібермейтін жатқа намыс,
Лақтыратын атандарды,
Жымитты да қос құлағын,
Көздерінен шашып жалын,
Жер бауырлап жата қалды.
Сонда мерген қатты састы,
Адамды аңның сұсы басты,
Жолбарыстан көз алмады.
Қимылдаса, атқалы тұр,
Қанды аузын басқалы тұр,
Арбасуға төзе алмады.
"Өлдім, балам, Толағайжан!"
Деген дауыс шықты жаман
Атып сонда тұрды бала.
Тырнақтарын арандатқан,
Аждаһадай аузын ашқан,
Жолбарысты көрді бала.
Әкесінен әл кетіпті,
Қояр емес, жауы мықты,
Мендеп барад, күші басым.
Тал шыбықтай майыстырып,
Теңбіл шұбар алған мініп,
Күйрететін қабырғасын.
Толағайды ашу қысты:
"Келе қал,- деп - болсаң күшті",
Құйрығынан алды барып.
Таяқ құрлы көрмей тіпті,
Жолбарысты дөңгелетті.
Ойнағандай шыр айналып,
Ұршықтайын үйіргенде,
Екпінінен соққан желге,
Көк құрақтар қалды жатып.
Әлден кейін аспандатып
Айдын көлге жіберді атып,
Күмп етті де, кетті батып.
- Бұл не деген үлкен мысық,
Салқындады - ау суға түсіп,-
Деді бала, күлімдеді.
Әкесі де езу тартты.
"Мысық" жүзіп бара жатты,
Қайырылатын емес енді.
ІІ
Жылдар өткен...
Жазғытұрым,
Басталды бір жаман ырым,
Жаумай жауын жалғыз тамшы.
Ерте солды гүл - бәйшешек,
Еркін өспей, қурады шөп,
Етке тиді ауыр қамшы.
Еккен егін өнбей жерге,
Еткен еңбек ұшты желге,
Ел күйзелді ем таба алмай.
Жабырқаған жарлы қауым
Жалбарынды тілеп жауын,
Көкжиектен көзін алмай.
Сезген мұны Толағай да
Сабырсыздық болды пайда,
Ойланады ұзақ күндер:
"Қайтсем жауын жаудырамын,
Ел сусынын қандырамын,
Адал ақыл айтар кімдер?"
Көп өтпеді. Бір күндері
Шешесіне еркеледі.
Отыр сұрап әр нәрсені...
Тағы да бір бар сауалым:
Көп жауады қайда жауын?
Білсең, апа, айтшы!- деді.
Айғақ ете үлкендерді
Апатайы жауап берді:
- Деген сөзі бар: "Тауда тандыр".
Қарлы, шыңды тау жерінде,
Тарбағатай өңірінде
Үзілмейді жылда жаңбыр.
Толағайың тыңдап алды,
Екі беті гүл - гүл жанды.
Кідірмеді, жүріп кетті.
Кеудесімен бұлт бөгеген,
Бұлттан жаңбыр себелеген
Асқар тауға келіп жетті.
Таңдап жүріп тау жотасын,
Талғай қарап орман, тасын,
Тарбағатай өңірінен,
Көңілі сүйген бір шатқалды
Ұзақ ырғап бөліп алды,
Өркештенген түйінінен.
Басындағы қарын қоса,
Баурындағы аңын қоса,
Шайқап бұлақ, көк орманды,
Күшпен әрең алды - дағы,
Арқасына салды - дағы,
Келген ізбен қайта оралды.
Арқалады ауыр тауды,
Жаншып бара жатыр жанды,
Маңдайынан тер көл боп ақты.
Жеткенше дем алмайын деп,
Жарты жолда қалмайын деп,
Шаршаса да, тоқтамапты.
Тау жақындап қалды келіп,
Бұйраланған бұлт еңсеріп,
Таңданысты көрген адам.
Әлден кейін танылды анық,
"Толағай!" деп шулап халық,
Қуанбаған қалмады жан.
Құйды жаңбыр, сел боп ақты,
Күн күркіреп шатырлатты,
Күйген жердің кірді жаны.
Шөлдегендер суға қанды,
Ауыл қайта ажарланды,
Тарқады елдің бір құмары.
Талған дене, жанған өкпе,
Келген шыдап сонша көпке,
Ұзақты күн сыр бермеген.
Жетеріне жеткен кезде,
Күн еңкейіп шөккен кезде,
Сүрінді алып әлденеден.
Кетті құлап, тұра алмады.
"Апа!" деді жалғыз ғана,
Тау да басып шөге берді,
Апасы жас төге берді,
Отаны үшін өлді бала.
Кім қалды екен егілмеген,
Кім қалды екен төгілмеген,
Көз көргеннен Толағайды.
Күңіренді де анасындай,
Күн де баты шарасыздай,
Түн қап - қара шашын жайды.
Ауысыпты заман талай,
Аталғалы тау - Толағай...
Соны үлкендер ертегі еткен,
Алыпты тау басып жатқан,
Ана сүтін тас боп қатқан
Көреді әлі өткен, кеткен.
Толағайдың төңірегінде,
Толқындаған желмен бірге
Көк теңіздей көк шалғыны.
Алыпты жұрт ардақтайды,
Алып атын бір атайды
Жылда жаңбыр жауған күні.
ІV. Жаңа сабақтан түсінгендерін тексеру:
*Сөздікпен жұмыс
Отыз күндік мереке - қазақта үлкен ұзақ уақыт тойлаған дәстүр болған. "Отыз күн ойын, қырық күн тойы" деген сөз содан қалған.
Жай оты - найзағай
сұсы басты - айбатынан сескенді
еткен еңбек ұшты желге - пайдасы болмады, зая кетті
Егілмеген - жыламаған
*Хронологиялық кестемен жұмыс (өмір жолы бойынша тапсырма)
1909 жылы 4 - ақпанда Қызылорда қаласында дүниеге келген
1995 жылы 23 – қыркүйекте дүниеден өткен.
1978 жылы Толағай әдеби ертегісі жазылған
1933жылы тұңғыш жинағы Жаңа ырғақ жарық көрген.
50 шақты кітаптың авторы.
*"Толағай" ертегісінен теңеулерді тауып, теріп жазыңдар.
ақ маралдай, айменен тең, жандай, ақ меруерттей, жұлдыздай, өрттей, Аждаһадай, анасындай.
* Поэманы сатылай кешенді талдау
кім?
1. авторы
2. тақырыбы
3. жанр түрі
4. идеясы -
5. құрылысы:
а) шумақ -
ә) тармақ -
б) бунақ -
в) буын -
г) ұйқас -
6. Көркемдік ерекшелігі:
1) эпитет -
2) метафора -
3) риторикалық сұрақ -
Ү. Жаңа сабақты қорытындылау:(қима - қағаздардағы сұрақтар)
1. Ертегі дастанға қандай оқиға арқау болған?
2. Толағайдың жанашырлық, елге деген сүйіспеншілік сезімдері өз бойыңнан табыла ма?
3. Шығарманың мазмұнын өз сөзіңмен қысқаша мазмұндап бер.
4. Ертегіні бөлімдерге бөліп, әр бөлімге ат қой.
5. Ертегінің қысқа мазмұн - жоспарын құр.
6. Толағайды әдеби кейіпкер ретінде сипатта. (Дүниеге ерекше болып келуі, мінез - құлқы, ерлік істері, ел есінде қалуы).
7. Толағай секілді ер болу қолыңнан келе ме? Алда - жалда жұрт күйзелсе сен не істер едің?
8. Толағайды бұрын оқыған кейіпкерлермен салыстыр!
Венн диаграммасы
Керқұла атты Кендебай - Толағай
Сөз жұмбақ
1. ауыз әдебиетінің түрі
2. Ә. Тәжібаев дүниеге келген қала
3. Ислам діні ұғымында күллі ғаламды жаратушы
4. Адамата жасаған ең алғашқы адамның аты
5. Жаңбыр үзілмейтін өңір
6. Құранды жаттап, үнемі есінде сақтайтын адамдар
7. Толағайдың анасының аты
Сонымен балалар, Толағай - халық арманынан туған кейіпкер екен. Ертегі идеясы - ел үшін, отан үшін сондай ерлер туса екен деген тілек, ниет. Толағайдың тауды көтеруі мүмкін бе? - жоқ, әрине,
- Сендерге бүгінгі ертегі ұнады ма, балалар?
- иә.
ҮІ. Үй тапсырмасын беру:
Ә. Тәжібаевтың өмір жолы мен Толағай ертегісін оқып, мазмұндау.
Толағай ертегісінен ұнаған үзіндісін жаттау.
Бағалау:
- Қазақ осы қонақ келсе көл - көсір,
Ат мінгізіп, жібек шапан жабатын,- деп Қ. Мырзалиев атамыз айтқандай сендерге жабатын шапаным бүгінгі алған бағаларың деп есептеңдер.