Бізбен бірге келіпсің бүгінгіге, Бізбен бірге барарсың алдағыға

Скачать

Қасым Аманжолов өлеңі

Абай арманы
Адасып, алаңдама жол таба алмай,
Берірек түзу жолға шық, қамалмай.
He ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ,
Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай ,
Деген сөзі ақынның қайнап іште,
Келе жаттық жүйткітіп шаңқай түсте.
Көсіліп арыстандай жатты Шыңғыс,
Сенген соң бойындағы алып күшке.
Келе жаттық кең қорық Жидебайға,
Қарауыл қалды артта әлдеқайда.
Кернеген көкіректі көп сыр жатыр,
Келеміз айтарлықтай соны Абайға...
Айдынның аралындай бір дөңесте
Тұр қыстау талай сырды салып еске.
Еркіндеп араладық әр бөлмесін,
Абайдың еркелері біз емес пе!
Бейіт тұр кәдімгі ескі, төрт құлақты,
Япыр-ай, ақын бұған қалай жатты?!
Тіл қатпас түсі суық, сұп - сұр мола,
Сезе ме қуанышты, махаббатты...
Қария жас көңілді, жүзі бір нарт -
Әрі әнші, әрі күйші, өзі жомарт,
Көп сырды көңілдегі берді шешіп
Абайдың немересі Исраил қарт:
- Жігіттер, келіпсіздер Абайды іздеп:
Маған да ишаратпен қалайсыз? деп.
Ризамын! Ойламаған екенсіңдер
Абайдың ескі жұрты Абайсыз деп.
Сөзімде, ескертерсіз, болса қатам,
Ақынға мекен болмас зират пен там.
Аралап туған елін кеткен еді
Сенің де, менің дағы Абай атам.
Атаңның аңсағаны сендер едің,
Әрқайсыңды атаңа тең дер едім,
Ғылым, еңбек, бар бақыт өздерінде,
Осы емес пе, қарағым, ең керегің.
Жұттай қысып бір кезде қатал заман,
Оны жырлап берген - ді атаң саған.
Үнін естіп бүгінгі бақыттының,
Атаң шыдап қабірде жата алмаған, -
Деген сөзі зерделі қарияның
Бір сілкінтті ақынның өр қиялын.
Кеттік тағы аралап байтақ елді
Арасымен алуан уақиғаның.
Колхоз бардық, әрбір үй, әрбір мектеп
Ақын ата Абайын жүр құрметтеп.
Қала келдік, шықты алдан тағы да Абай,
Бекер ойлап жүріппіз құр сурет деп.
Қабырғадан қараса ойлы көзбен,
Тірі адамдай емес пе бәрін сезген.
Асқақ жыры ақынның жүр аралап
Өзіміздей кәдімгі өр мінезбен.
Республика тойына жаздым өлең , -
Деп барсам мен ұйымға - кімді көрем?
Нағыз төрде отыр ол маңғазданып,
Сөйлесердей сенімен, меніменен.
Ақын ата, жетіпсің арманыңа,
Осыны аңсап жүрегің талмады ма!
Бізбен бірге келіпсің бүгінгіге,
Бізбен бірге барарсың алдағыға.

ШҚО, Тарбағатай ауданы, Тұғыл ауылы,
Ш. Уалиханов атындағы орта мектептің
9 сынып оқушысы Рашитова Рашиля


Скачать


zharar.kz