Әдеби – шығармашылық курсының бағдарламасы
Арнайы курс бағдарламасы 1 жылға арналған негізгі мектептерге, аптасына 2 сағаттан барлығы 68 сағат, 1 теория, 1 практикалық сағаттан құралған.
Әдебиет – халқымыздың бай мұралы көркем тарихы. Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен ата – баба тарихы, танымы, талғамынан нәр алған жас ұрпақтың зерделі көңілін шығармашылық ізденіске бұра білу – бүгінгі таңның өзекті мәселесі.
Көңіл көкжиегі талмас сағымдарға ілескен саналы шәкірттің алар асуы, шығар биігі тек ғылыми түсініктермен емес, шынайы өмірді тануымен есептелуі керек. Қандай ортада да өз ойы мен пікірін айта білетін құзіретті тұлғаны қалыптастыра білсек, қоғамға қосқан зор үлес деп есептейміз.
Өмірде дұрыс жол табу үшін адам дұрыс ой түйіп, өздігімен сапалы, дәлелді шешімдер қабылдай білуді мақсат етуі тиіс. Сондықтан бүгінгі жас ұрпақты тәрбиелеуде әдебиет пәнін өмірмен байланыстыра оқыту арқылы көркем шығармадан тәлім алуға үйрету керек. Шәкірттің өзін – өзі тануына жағдай жасау қажет.
Туған әдебиеттің ұлттық сипатын, ондағы халықтың әдет – ғұрпын, салт – санасының көрісін, идеялық – адамгершілік түпкі мазмұн – мәнін түсіндіруді; көркем әдебиетті оқуға деген шәкірт қызығушылығын оятып, олардың бойында жоғары эстетикалық талғам қалыптастыруды жолға қойып; сөз өнерінің ерекшеліктерін түсініп тануға, ой көзімен зерделеуге негіз болар білім дағдыларын қалыптастырып, шәкірттің оқу еңбегіндегі ой дербестігін дамытып, өз пікірін жеткізе білуді үйретуді басшылыққа алған арнаулы курс мақсатының өзі - көркем туындыны ғылыми, әдеби тұрғыдан сауатты талдай білуді үйретуге негізделді.
Әдеби – шығармашылық курсының мақсаты: Оқушылардың рухани дүниесін байыту, көркем сөзбен қаруландыру; Оқушыларға эстетикалық, интелектуалдық, көркемдік, сезімдік, адамгершілік, азаматтық тәрбие беру; Оқырманның жеке шығармашылығының ұштасуына әсер етіп, жағдай туғызу; Логикалық ойын, ауызекі және жазбаша тіл мәдениетін қалыптастыру. Танымдық бағыт бойынша: Әдеби – теориялық және тілдік – эстетикалық білімге сәйкес көркем тексті талдау және бағалау;
Көркем туындының тұтастық бітімін ұғыну, оқушылардың оны талдап – таразылауы, бағалауы; Лирикалық, драмалық, эпостық шығармаларды талдай білуге, арқалатар ой мәнін таразылай білуге үйрету болса, практикалық бағыт бойынша: пікір айту, рецензия жазу, сұхбат – интервью жүргізуге баулу; Жеке шығармашылықтың туу процесін меңгерту; Публицистикалық еңбектерді талдауға үйрету; Белгіленген мақсатты ой - толғау арқылы дәйекті, дәлелді аша білуге үйрету.
Арнайы курстың жүргізетін жұмыс түрлері мынандай:
1. Қазақ әдебиетінен берілетін теориялық білімді практикалық жұмыстармен тығыз ұштастырып, тіліміздің өзіндік заңдылықтарын өздерінің ауызша, жазбаша жұмыстарында дұрыс сауатты қолдану;
2. Өтілген грамматикалық ережелердің негізінде мәтінмен жұмыс істеу;
3. Шығармашылық тапсырмалар орындау;
Курс бағдарламасын меңгергеннен кейін оқушылардан күтілетін нәтиже:
- салыстыра, дәлелдей, талдай, қорытындылай білу дағдыларын меңгеру, тілдік және әдеби білімдерінің толығуы;
- практикалық, танымдық, шығармашылық тапсырмаларды еркін орындай алуы;
- сауатты жазу, сауатты сөйлеу, өзіндік ой дербестігінің болуы;
Атырау қаласы, Д. Байбосынов атындағы
№13 ұлттық мектеп – гимназиясының
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Ильясова Эльмира Төлепқызы