Жығылып жатып, сүрінгенге күлме

Скачать

Жығылып жатып, сүрінгенге күлме!
СЫНАЙ БІЛЕСІЗ БЕ?
КҮНДЕЛІКТІ ӨМІРІМІЗДЕ бәріміз сынға құмармыз. Қараптан қарап отырып, анау – анандай, мынау – мынандай деуге әуеспіз. Биіктей бастасаң, ол үйтіп - бүйтіп кетті дейміз. Төмендесең ол өзі барып тұрған ақымақ еді - дей саламыз. Осы сөздер адамды қаншалықты қажытып, шаршататынын біле бермейміз.
Әсіресе, орынсыз сын адамды құлдыратады, тіпті мертіктіреді... Кезекті сынға шыдамаған ағылшын ақыны өзін - өзі өлтіруге мәжбүр болған. Орынсыз сындардан кім жапа шекпеді екен? Оның бәрін айтып жеткізу мүмкін емес. Қайран біздің Мұқағалидың шықпаған жаны - ай десейші...
Сынның негізгі мақсаты – тіршілікте теріске шығару емес іске асыру.
Әріптесіңіз жасаған жұмысқа көңіліңіз толмаса, сыбау немесе құрту емес, шабыттандыру, жігерлендіру керек.
Әсіресе, алдымен кемшілігін емес, қол жеткізген мүмкіндігін атап өткен дұрыс. Содан соң ғана оны қалай реттеуге болатын жолдарын көрсеткен орынды.
Жалпы сын – ешкімге ештеңе бермейді. Қайта көңіл - күйіңді құлазытады. Санадағы ойды тура жеткізе алмасаң – сынаудың да қажеті жоқ.
Жалпы біз сынай аламыз ба? Жанымызды жегідей жейді осы сұрақ. Адамдар жөнінде жаман ойлаудың қажеті жоқ. Қайта жақсы жақтарына көбірек назар аударған жөн. Біз де өз атына сын айтқанды ешқашан ұмытпай, кезекті бір жиында оған кек қайтару мақсатында тырнақ астынан кір іздеп, жатамыз. Осы дұрыс па? Дұрыс еместігін білеміз, әйтсе де пендешілігіміз қалмайды.
Адам көңілін қалдыру – ешқашан жақсы нәтиже бермейді. Қолыңнан келсе қуаныш сыйлағанға не жетсін.
Қытай ойшылы Конфуцийдің: Өз аулаңыз тазаланбай жатып, көрші үйінің төбесінде қар жатыр деп шағымданбаңыз - деген сөзі бұл тұрғыда қандай әдемі айтылған.
Жығылып жатып сүрінгенге күлмейікші, ағайын.
Иә, сын болсын, тек әділдікпен, тілеулестікпен шын болсын!

Әкім Ысқақтың Жүректегі жазулар Күнделік эссесінен


Скачать


zharar.kz