Ақтөбе облысы, Алға ауданы,
№3 Алға қазақ орта мектебінің
математика пәні мұғалімі
Туребекова Жаңылсын Барсаевна
Тәрбие – білім бастауы
Қазақстанда қазіргі уақытта білім беру жүйесі – болашақ ұрпақты жан – жақты жетілдіретін, бәсекеге төтеп беруге қабілетті, сапалы адам етіп тәрбиелейтін білім беру жүйесі екені сөзсіз. Қазақстан Республикасының Білім туралы заңында оқыту әдістерін, технологияларын таңдауда көп нұсқалық қағидасы бекітілген, бұл білім мұғалімдерге өзіне ыңғайлы нұсқаны қолдануға, педагогикалық үрдісті кез келген үлгімен, тіпті авторлық үлгімен құруға мүмкіндік береді.
Жалпы 12 жылдық мектептің мақсаты: жедел дамып келе жатқан ортада өмір сүруге қабілетті, өзін-өзі дамытуға, өз ойын еркін айта білуге, өз қалаулары мен қоғам талабына сай, өзін көрсете білетін жоғары білімді, ұлттық тілді, тарихты жетік меңгерген, отандық және әлемдік мәдениеті бойында қалыптастырған, бәсекеге қабілетті, шығармашылығы дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру болып отыр.
Осы мақсаттан төмендегі міндеттер туындайды: тәрбиелеу және дамыту іс-әрекетін ұйымдастыру; құзыреттіктерді қалыптастыру және дамыту; оқушы жеке тұлғасының қалыптасуына көмектесу, оның ішкі мүмкіншілігі, бейімділігі, мақсат - мүдделері мен шығармашылық қабілеттерінің байқалуы мен қалыптасуына жағдай жасау. Бұл мақсат-міндеттерді іске асыру үшін тәрбие жүйесі тұлғаны әлеуметтендіру идеяларын іске асыра отырып, оқытудың жаңа әдістерін: жеке тұлғалық қасиеттерге бағытталған оқытуды, зерттеу, жобалау әдістерін, денсаулық сақтаушы әдісін қолдана отырып тәрбие жұмысын ұйымдастыруы қажет.
12 жылдық білім беру жүйесіндегі тәрбие берудің ерекшелігі – тек өз халқының ұлттық мәдениетінің негізінде ғана шектеліп қоймай, жалпы адамзаттық және өркениетті дамыған мемлекеттердің озық жетістіктерін, мәдениетін т. б. адамгершілік құндылықтарын игеру арқылы тұлғаның жан-жақтылығын тәрбиелеу.
Қазіргі жағдайларда адамның ұзақ та арнайы ұйымдастырылған өмірге тәрбиесіз араласуы өте қиын. Тек тәрбие ғана жеке тұлғаның дамуының әлеуметтік бағдарламасын жүзеге асыратын, оның бейімділігі мен қабілеттілігін жетілдіретін шешуші күш. В. Г. Белинский; Тәрбие – ұлы іс, тәрбие арқылы адам тағдыры шешіледі деген болатын. Тәрбиенің маңыздылығы сондай, біздің болашақ ұрпағымыз тәрбиеден ғана рухани байлық алып, тәрбие арқылы ғана Адам болып қалыптасады.
Оқу мен тәрбие егіз, оларды бір – бірінен бөліп қарауға болмайды. Ұлы данамыз Әл – Фараби Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы десе, ал В. Белинский Бала тәрбиесіне ерекше мән берілуі керек, тәрбиенің арқасында болашақ адамзат тағдырының негізгі мәселесі шешіледі деп айтқан болатын. Бүгінгі бәсекеге қабілеттілікті талап еткен қоғамда жас ұрпақты сол қоғам мүддесіне сай, оның мұң – мұқтажын өтерлік, елін, жерін, халқын көзінің қарашығындай қорғайтын ұлтжанды, отаншыл азамат етіп тәрбиелеу көзделінеді. Сондықтан ұстаздар қауымының мақсаты: бүгінгі ұрпақ – еліміздің болашағын – қазіргі қоғам мұратына сай жан – жақты жарасымды тұлға етіп өсіру.
Күн сәулесі өсімдік тіршілігіне қандай қажет болса, тәрбие тұлғаның дұрыс өсіп жетілуіне соншалықты қажет. Ұрпағымызға дұрыс тәрбие бере алсақ, оның жан дүниесі де дұрыс қалыптасып жетіледі, яғни бойына жақсы қасиеттерді сіңіріп өседі. Бұл қасиеттердің бәрі адамның бойында бала кезінен бастап тұрақты қалыптаспақ. Баланың өмір сүруге құштарлығының оянуы жақсы мен жаманды ажырата білуі өзін қоршаған ортасына, мұғаліміне, ата – анасына, құрбы – құрдастарына, олардың іс – әрекеттеріне және де басқа да қасиеттеріне байланысты. Бала тәрбиесі - өте күрделі процесс.
Оның күрделігі бесіктен бастау алып, үнемі уақытпен, бала көңіл – күйімен, жеке қабілетімен, икемділігімен, тізгінді үнемі қадағалау қажеттігімен ұғындырылады. Тәрбие негізінен баланың бал дәуренінен бастап азамат болғанына дейін тәні мен жанына бірнеше арнамен құйылады: отбасы, мектеп, қоршаған орта, жұмыс орны.
Тәртіптің ең тамаша мектебі – отбасы , Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің дейді халқымыз. Иә, ұрпақтың тәрбиесі - қоғамның болашағы және оған аса зор жауапкершілікпен қарау - әрбір саналы азаматтың борышы. Ел боламын десең, бесігіңді түзе , - деп М. Әуезов дәл айтқан. Бала тәрбиесінің дұрыс жолға түсуі оны қоршаған ортаға, әсіресе отбасы мен ұстаздар қауымының парасаттылығына байланысты. Мемлекетімізде қазіргі таңда сапалы білім берумен қатар, болашақ жастарды рухани – адамгершілікке тәрбиелеудің де зор қажеттігі туындап отыр.
Тәрбие жұмысы - педагогтардың нақты міндеті, яғни шәкірт тұлғасын сомдау мәселесін саналы түрде шешуге бағытталған үйлесімді іс - әрекеті.
Тәрбие және тәрбие жұмыстары әр баланы қайталанбас тұлға ретінде қарап, оның өзгеше қасиеттерін дамытуы қажет. Әрбір бала - тұлға, өзінше бір әлем, ал әр педагогтың міндеті әр тұлғаны көре білу, жүректеріне жол табу. В. А. Сухомлинский: Әлемде адам тұлғасынан күрделі, одан бай ешнәрсе жоқ , - деп жазған. Бүгінгі күнде барлық ұстаздардың алдындағы мақсат - өмірдің барлық саласында белсенді, шығармашылық іс - әрекетке қабілетті, еркін тұлға тәрбиелеу болып табылады.
Тәрбие мәселесінің нәтижелі болуы ата - аналар мен қоғамдық ортаның тәрбие ісінен шет қалмай белсене араласуына, адам тәрбиелеудегі жауапкершілікті бірлесе көтеріп, жұмыла істеуге тікелей байланысты. Ол жөнінде Қазақстан Республикасының Білім туралы заң жобасында Ата - аналар балалардың өмірі мен оқуы үшін олардың денсаулықтарын, рухани әрі дене қуатының қауіпсіз дамуын, адамгершілігі жағынан дұрыс қамтамасыз етуге міндетті делінген.
Сынып ата - аналарымен бала тәрбиесінде ата - ананың алатын орнының ерекше екенін түсіндіру, оқу - тәрбие үрдісіндегі міндетті жүзеге асыру үшін ата - аналардың белсенділігін көтеру және ынтымақтастықты нығайта отырып, отбасы мен мектеп арасындағы байланысты күшейту мақсатында Баланың бас ұстазы – ата - ана тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Отырыста ата - аналар: отбасындағы бос уақытты қалай пайдаланасыздар, балаңыздың досы кім, оның қандай іс - әрекетін, қылықтарын білесіз, білім сапасын көтеруде ата - ана рөлі бар ма, кез - келген ісіңізді тастай салып, баламен айналыса аласыз ба, балаңыздың қандай пәндерге бейімділігін байқадыңыз, сізді ерекше толғандыратын қандай жағдайлар сұрақтары төңірегінде пікір алысты.
Халықтың болашағы - ұрпағы, ұрпақтың тәрбиесі – ұстазда. Ұстаздың мұраты - жетілген, толыққанды азамат тәрбиелеу. Ал толыққанды азамат қалыптасу үшін – ақыл - ой тәрбиесі, имандылық, еңбек, эстетикалық, тілдік қатынас, дене тәрбиесі, сонымен қатар экологиялық, экономикалық, жыныстық, патриоттық тәрбие берілуі тиіс.
Оқушы жастардың жүрегін тебірентіп, ой - сезіміне әсер ету үшін біріншіден, тәрбиеші ұстаздың саяси сауатты, жан – жақты энциклопедиялық мол білімі болуы шарт, екіншіден, тәлімгер ұстаз өз бойындағы білімді оқушы жүрегіне еркін ұялата аларлықтай әдіскерлік шеберлігі қажет, үшіншіден, мұғалім оқу – тәрбие үрдісін жүргізу кезінде оқушының психологиялық ой - өрісінің өсу, даму дәрежесін бақылай білетіндей сезімтал психолог болуы керек.
Яғни А. Н. Толстой айтқандай Мұғалім өн бойына өз ісіне, шәкіртіне деген сүйіспеншілікті жинақтаса ғана ол нағыз ұстаз .
Білім мен тәрбиені сабақ барысында ұштастырып, бірлікте оқыту - әрбір ұстаздың басты шарты болса, сынып жетекшілері тек сабақта ғана емес, сабақтан тыс уақытта да іздене жүріп, оқушылардың бойына тәрбиенің ең ізгісін, ең асылын сіңіре білуі керек. Қазіргі уақытта жас ұрпақтың жеке тұлға болып қалыптасуына ізгілік, ғылымилық, жүйелілік ұстанымдарына негізделген үздіксіз экологиялық білім беру жүйесін құру, оның тәрбиелік мүмкіндіктерін саралау өзекті мәселелердің бірі болып саналады.
К. Д. Ушинский – баланы табиғатпен жастай таныстыра дамыту, оның өзіндік логикалық ойын, сөз қорының, санасының жетілуіне әсері мол екенін көрсеткен. Ал табиғатпен таныстыру – балалардың танымын дамытудың басты құралдардың бірі. Мұнда балалардың қоршаған орта жөніндегі ұғым түсініктерін байытатын жалпы және нақты ғылыми мәліметтер алуының маңызы зор. Табиғатпен таныстыру барысында Табиғат – бүкіл тіршілік атаулының алтын ұясы, тал бесігі, өсіп - өнер мекені екендігі жөнінде нақты түсініктер беріледі.
Табиғаттағы әдемілікті сезініп, қабылдау дағдысы өзінен - өзі келе қоймайды, оны дамыту, жағымды іс - әрекет түріне айналдыру ата - аналардың және тәрбиеші - ұстаздардың көмегімен жүзеге асырылады. Демек, оларды өз бетінше әрекет жасауын бақылау, оның мазмұнын талдау балалардың жеке басы ерекшеліктерінің экологиялық тәрбиелілігінің деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.
Сыныпта оқушыларға табиғат ұғымының мәнін ашып, түсіндіру, табиғатты аялап, сүюге тәрбиелеу, оған үнемі қамқорлық жасауды насихаттау, жерге деген мейірімі мен ықыласын ояту, экологиялық білім беру, елінің байлығы мен әсем табиғатын қорғай білуге үйрету мақсатында Табиғат – тіршілік иесі атты ашық тәрбие сағаты өткізілді. Сусылдап аққан судың, сайраған құстың, шуылдаған орманның дыбыстары оқушылардың табиғат сұлулығын сезінуіне әсер етті.
Еліміздің даму бағытын бекіткен Қазақстан – 2030 бағдарламасында салауатты өмір салтын ұстану мемлекеттік маңызы бар мәселелермен тең дәрежеде екендігі баса көрсетілген. Салауатты өмір салты тұлғаның дамуы мен тәрбиесінде маңызды рөл атқара келе, қалыпты өмір салтының басты құрамдас бөлігі болып табылады. Ойшыл ғалым Гиппократтың айтуынша Адамға өмірінде бір - ақ рет беріліп, өмір бойында шығындалатыны бұл – денсаулық. Бұл бағытта мектебімізде күнделікті сабақ басталар алдында ертеңгілік дене шынықтыру жаттығуларын жасау әдетке айналған.
Бала дүниеге келген күннен бастап бірнеше психо - физиологиялық дағдарыс кезеңдерінен өтеді. Соның бірі біздің сынып оқушылары бастауыш мектептен орта буынға өткен шағы, яғни 5 - сыныпқа бейімделу кезеңі. Бұл кезеңде балада дағдарыс кезеңі байқалады. 5 - сыныпта жаңа таныс емес пәндер еніп, оқу жүктемесі көбейеді, күнделікті жоспары ауысады, кейбір оқушыларда физиологиялық өзгерістер де байқалып жатады.
Бұл кезеңде психологиялық жағынан – агрессия, сенімсіздік, өз ортасын мойындамау, өшпенділік, қарым – қатынаста енжарлық таныту, эмоционалды қызбалық, мазасыздану, беймазалық, жалған сөйлеу, ұшқалақтық байқалады. Бірі өтпелі кезеңді ұзақ уақыт бойы өткерсе, бірі белгілі бір уақыт арасында көзге түседі. Бұл кезеңде оқушыларға мектеп психологының көмегі ауадай қажет. Олармен психологиялық тренингтер өткізіліп, түрлі сауалнамалар алынды. Тәрбие күрделі, көп өлшемді, көп қырлы процесс. Тәрбие жұмысын ұйымдастыруда сынып жетекшісі өзінің оқушыларының инициативасына сүйену, барлық баланың деңгейін, қызығу бағыттарын, әрқайсысының дара дамуын, жеке тұлғалық қалыптасу жолын және шығармашылықпен жаңа формамен түрлендіріп өткізуі қажет.
Қорыта келе. бала тәрбиесі күрделі де жауапты міндет екендігі бәрімізге белгілі. Баланың өмірге бейімдеуде мектеп, ұстаз және ата – ананың орны бөлек. Тәлім – тәрбиелік жарасымдылық мектеп пен ата – ана, әлеуметтік орта бірлесіп жұмыс істеген жағдайда ғана үйлесімділік табады. Қай халық болсын ұрпағының тәрбиесіне терең мән беріп, болашағына үнемі алаңдаушылықпен қараған. Ұрпақ тәрбиесі келешек қоғам мұрагерлерін тәрбиелеу ісі. Сондықтан ата – аналар мен ұстаздар қауымы үшін жас ұрпақ тәрбиелеп, оны қоғам мүддесіне жарату кезек күттірмейтін мәселе. Осы мәселеге ата – аналар мен ұстаздар қауымы болып бірге атсалыссақ, алар асуымыздың биік болары сөзсіз. Сондықтан да ұстаздар қауымы, сапалы білім бере отырып, еліміздің болашақ жастарын ұлағаттылыққа тәрбиелейік!
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қазақстан – 2030 стратегиясы
2. Қазақстан мектебі журналы,
3. Қоянбаев Ж. Семья және балалар мен жеткіншектер тәрбиесі. – Алматы:
Рауан, 1990.