Құмырсқалар, көбіне топтанып (10 – 100 мыңға дейін), арнайы илеу жасап, тіршілік етеді. Әрбір илеуде аталық, аналық, “жұмысшы” және “жауынгер” құмырсқалар болады. Жыныстық тұрғыдан жетілмеген топтары – жұмысшы құмырсқалар деп аталады. Олар илеудегі дернәсілдерді, аналық құмырсқаларды қоректендіреді, ауаның алмасуын, ылғалдың бір қалыпты болуын қамтамасыз етеді. Аталық құмырсқалар шағылысып болғаннан кейін өледі. Аналық құмырсқалар ұрықтанғаннан кейін қанаттарын жойып, тек ұрпақ жалғастырады, олар кейде 20 жылға дейін өмір сүреді. Аналық құмырсқаның дене тұрқы ірі.
Әрбір илеудегі құмырсқа топтарының бір - бірімен қарым - қатынасы, негізінен, өздерінен бөлетін ерекше химиялық заттар – феромондар арқылы реттеледі. Олардың иіс, дәм сезуі өте жақсы жетілген. Құмырсқалар илеуін қураған өсімдік сабақтары мен жапырақтарының қалдықтарынан жасайды. Тропиктік аймақтарда илеу жасамай жеке дара тіршілік ететін құмырсқалардың түрлері де бар. Негізгі қорегі басқа жәндіктер, және өсімдіктердің жапырақтары мен тұқымдары, шырындары болып табылады. Бір илеудегі құмырсқалар тәулігіне 10 мыңнан 30 мыңға дейін жәндіктерді жояды.
Жанұя тобы: аналық, аталық, жұмысшы және солдаттық құмырсқалардан тұрады. Жұмысшы құмырсқалар ғана өз бетінше қоректенеді. Олар өсімдіктен шыққан құрғақ органикалық қалдықтар мен, көбіне шөп жейтін жануарлардың қиымен қоректенеді. Қалған топтарды жұмысшы құмырсқалар сілекей безінің өнімдерімен қоректендіреді. Сонымен қатар олар жылу сүйгіш, көлеңкелі жерлерді де ұнатады.
Илеулерінің негізгі бөлімі жер астында салынып, үстіңгі жағы 0, 5м биіктікке мұнара тәрізді көтеріледі. Бір қызығы жер бетіндегі күмбездің ішіндегі микроклимат өзгермейді, яғни біздің тілімізбен айтар болсақ желдеткіш орнатып қойғандай. Тіпті жазғы құрғақшылық кезінде айналадағы өсімдіктер құрғап қалса да термит күмбезіндегі ауа ылғалдылығы 96, 2 проценттен өзгермейді, сырттағы температура бұл кезде 30 градус ыстық шамасында болады.
Құмырсқалар санай біледі.
Ғалымдар құмырсқалардың тек сөйлесіп қана қоймай, олардың тіпті санай алатын қабілеттері бар екенін анықтаған. Олар қосуды, алуды, тіпті қарапайым есептерді шығаруды да біледі екен. Зерттеу нәтижесі қарапайым. Бір үлкен тығыздыққа шытырман (лабиринт) орналастырып, оның ішіне дымқылданған мақталар орнатады. Ал оның біреуін тәтті сиропқа малып қояды. Содан соң, сол шытырманға барлаушы құмырсқа келіп, қай жерде қандай азық бар екенің анықтайды. Құмырсқа илеуіне қайтып келіп, мұртшаларын тигізу арқылы, азықтың қай жерде тұрғанын басқа құмырсқаға хабарлайды. Осы жолмен тіке жүресің, сегізінші бұрылыстан кейін оңға бұрыласың, содан соң қайта солға екі рет бұрыласың . Шамамен осылай хабарлайды олар бір біріне. Содан соң құмырсқалар сол азыққа ұмтылып, еш қатесіз азығын табады екен.
Құмырсқалар да құл жұмсайды.
Құмырсқалар басқа бір типке үнемі шабуылдар жасап тұрады. Ол үшін олар ересек құмырсқаларын өлтіріп, жұмыртқаларын алып кетеді. Кейін сол алып кеткен жұмыртқалар өсіп шығып, олардың құлдарына айналады. Сол құл құмырсқалар қожайындарының жұмыртқаларын бағып қағып, асырап, оларды қауіптен қорғап жүретін көрінеді. Құмырсқалар империясында ең статусы төмені – бала бағушылары. Олар таңның атысы, күннің батысы аналық патшаның жатырынан тоқтаусыз туылып жатқан шақалақ тұқымдарды мәпелеп, аялап, жылы орынға жайғастырумен әуре. Ұлық патшайым ұзынынан созыла жатып, бала туумен ғана айналысады. Күтушілер оның ауызына тамақ тосып, тапқан таянғанын Ұлы ананың таңдайына тамызудан жалықпайды.
Бағбан құмырсқалар.
Америка шатырлы құмырсқалары бірнеше минут ішінде-ақ үп-үлкен ағашты жапырақтан түк қалдырмайды екен. Олар жапырақты дөңгелетіп қиып алады екен да, илеулеріне қарай алып жүреді. Жапырақты жеу үшін емес, олар өздерінің жер асты галереяларының түкпірінде бұл жапырақтарға ерекше бір саңырауқұлақ ұрығын өсіреді. Ол шатырлы құмырсқаның сүйікті асы болып табылады. Бағбан құмырсқалар бұл өсімдікке қандай температура мен ылғал қажет болса, тура сондай жағдай жасайды. Адамдар, мәселен, ондай саңырауқұлақты арнайы лабораторияларда бірде-бір рет өсіре алмаған екен.
Шопан құмырсқалар.
Ал балды құмырсқа қайың жапырағына жабысып тұратын өсімдік битінің, яғни жұлдызқұрттардың шырынын жинайды. Құмырсқалар оған жақындап келіп мұртшаларымен биттің бүйірін сауған сияқты қимыл жасап қыдықтай бастайды. Осы кезде бит денесінде жинаған тәтті сөлді бөліп шығарады, ал құмырсқа оны жемсауытына жинай береді. Құмырсқаның битті саууының мәні, ол жапырақ сөлін сорады. Бит ішінде қорытылып үлгермеген сөл құрамына кіретін ферменттің әсерінен сөл тәтті шырынға айналады. Тәулік ішінде бит өз салмағынан бірнеше есе артық тәтті шырын жасап шығарады. Ал жақын маңда құмырсқа болмаған жағдайда тәтті сөл тамшы болып жауады. Жапырақ бетіне тамса ол лак жаққан сияқты жалтырап кетеді. Құмырсқалар өздерінің сауын сиырлары үшін ағаштың үстіне ұзын үңгірге ұқсас етіп топырақтан қора жасап береді де, аузына күзет қояды. Қораны құмырсқалар өсімдік тамырларына да жасап, оның бір жағын жер асты жолдар арқылы өзінің илеуімен байланыстырып қояды. Жұлдызқұрт өсе келе қораның тар тесігінен сыртқа шыға алмай қалады. Бұл кезде оны құмырсқа жас жапырақ әкеліп беріп қоректендіреді. Бұл жерде құмырсқа не үшін сонша әуре боп жүр? - деген сұрақ туады. Себебі, құмырсқа жұлдызқұрттың өсуі кезінде оны үздіксіз сауып, одан сөл, шырын алып отырады.
Айлакер құмырсқалар.
Құмырсқа дене тұрқы өздерінен екі-үш есе үлкен жәндікті қулыққа құрылған айла-тәсілімен оп-оңай қолға түсіреді. Олар үлкен-үлкен өсімдік жапырағының талшықтарын қиып алып, олардан іші қуыс кішкене үйшік жасайды. Үйшікті құрастырып болған соң ішіне көп жауынгер жасырынып жатып алады. Бірнеше ұсақ құмырсқа басын ғана қылтитып, жемтігін шақырады. Әлгі жердегі өсімдіктің шырынына жиналған ара, шегіртке немесе қоңыз ол үйшікті өсімдіктің жапырағы немесе сабағы деп ойлайды. Олжасын күтіп отырған құмырсқалар ұйымдасқан түрде қорегіне күтпеген жерден тарпа бас салады. Мұндай шапшаң шабуыл күтпеген қоңыз, шегіртке, дәуіт не болғанын түсінбей, тапырақтап қалады. Сол сәтті күтіп жатқан жауынгерлер жан - жақтан лап береді. Біреуі тобықтан, біреуі бақайдан, енді біреуі кеудеден келіп қайшы тісті шақырлатып салғанда, дөңкиіп тұрған қоңыз, шегірткең шатқалақтап қалады. Көзі қарауытып, есеңгіреп қалған бейшара жәндік денесін ұйытып, дызылдатып бара жатқан құмырсқа уына шыдай алмай, ақыры гүрс етіп құлайды. Көзді ашып - жұмғанша бақытсыз жәндікті жіліктеп, турап тез арада түгін қалдырмай тасып әкетеді.
Аспазшы құмырсқалар.
Құмырсқалар шашылып қалған шөп-шалам мен дәнді дақылдың бәрін ұқыппен жинап, ұясындағы құрғақ қоймаға әкеліп сақтайды. Қоймадағы қызметшілер даладан жиылған әр алуан дәнек, шопақты тазалап, сұрыптайды. Жиналған астықты жемес бұрын қауызынан аршып, тазартып, ұн қылып ұнтақтайды.
Дастарханға жауапты аспазшы құмырсқалар ұнтақ ұнды сілекей суларына араластырып, қамыр илеп, быламық жасап, құндақта жатқан бөпелердің ауызына апарып салады. Сондықтан тіршілік кепілі болған дәнді ұзақ мерзімге дұрыс сақтау үшін жанкешті еңбек етеді.
Нөсер жауыннан соң ас-ауқаттары дымқыл тартып қалса дереу оларды далаға шығарып, кептіріп, құрғатып, ішке қайта тасиды.
Дайындаған: Асыл.