Көз дәрігері

Скачать

Білім саласы: Әлеуметтік орта .
Тақырыбы: Аурухана (Сюжеттік - рөлдік ойын)
Мақсаты: Баланың сөз қорын, тіл байлығын дамыту. Бір - біріне деген жағымды қарым – қатынас, көңіл - күй сезімдерін, ой - қиялын одан әрі дамыту; ойын арқылы балаларға қоршаған өмір жайлы кең білім қолдана отырып, тәрбиелеу. Ойын барысында ақ халатты абзал жандардың игілікті еңбегіне деген балалардың сүйіспеншілігін арттыру. Дәрігердің сезімталдығы мен кішіпейілдігі, қамқорлығы сияқты жақсы қасиеттерін жеткізе білу және тәрбиелеу.
Құрал - жабдықтары: Ақ халат, ойыншықтар, түрлі сюжеттегі плакаттар, медициналық ойыншық құрал - жабдықтар.
Алдын - ала жұмыстар: топтың іші ауруханадағыдай безендірілген, түрлі сала бойынша кабинеттер жасалған, (тіс дәрігері, көз дәрігері, т. б.) макеттер қойылған.

Барысы:
Балалармен бірге шаттық шеңберін құру:
Аспанымыз ашық болсын,
Еліміз тыныш болсын.
Деніміз сау болсын,
Достарымыз аман болсын!

Тәрбиеші: Біз тісіміз, ішіміз ауырса қайда барамыз?
Балалар: Дәрігерге.
Тәрбиеші: Дәрігер қайда жұмыс жасайды?
Балалар: Ауруханада, емханада.
Тәрбиеші: Олай болса, бүгін біз сендермен Аурухана ойынын ойнаймыз. Қане, балалар өздерің орындарыңа барып жайғаса қойыңдар.
Балалар өздерінің орындарына барып жайғасады.(Алдын ала рөлдерге бөлінген балалар дәрігерлік сала бойынша Аурухана кабинеттерінде отырады).
Алғаш болып, балалар дәрігеріне бір ана қызымен келеді.

Ана (Бану):- Саламатсыз ба, дәрігер?
Дәрігер (Несібелі):- Саламатсыз ба?
Ана:- Менің қызыма екпе салу керек еді, қызымды тексеріп жіберіңізші.
Дәрігер:- Жарайды (қызды тексеріп, өкпесін тыңдайды) қызыңыздың тамаққа тәбеті қалай?
Ана:- Ия, жақсы.
Дәрігер:- Олай болса, мына жеке медициналық кітапшасын алып, медбикеге барыңыз. Сізге екпе салып береді.
(Педиатрға (балалар дәрігеріне) тағы кезекте тұрған ата - ана баласымен кіреді).
Ата - ана (Тоғжан):- Саламатсыз ба, менің қызымның іші ауырып тұ, р тамаққа тәбеті жоқ.
Дәрігер: Саламатсыз ба, қане қызыңызды тексерейін. Аузыңды аша ғой, кеше қандай тамақ жедің?
Ата - ана: Кеше кешкісін көкөністерді көп жеп қойған.
Дәрігер: (тексеріп көреді де, қағазға рецепт жазып береді). Мына дәрілерді алып, күніне 2 мезгіл беріңіз.

Ата - ана: Рахмет дәрігер. Сау болыңыз!
(Келесі кабинетте тіс дәрігері (Стоматолог) отырады. Бір ата - ана баласымен кіреді).
Ата - ана:- Саламатсыз ба, дәрігер.
Тіс дәрігері:- Саламатсыз ба, келіңіз.
Ата - ана:- Менің баламның тісі түнімен ауырып шықты. Көріп жіберіңізші.
Дәрігер:– Қане, аузыңды аша ғой. (Тексеріп көреді). Тісіңді құрт жеп қойыпты. Тәтті нәрсені көп жеме. Күніне 2 мезгіл тісін тазалау керек. (Баланың тісін емдейді.)
Ата - ана: – Рахмет сізге, дәрігер!
Дәрігер: - 2 сағаттай еш нәрсе жемеңіздер, сау болыңыз!
(Келесі кабинетте көз дәрігері (Окулист) отырады. Окулистке бір ата - ана баласымен келеді).
Ата - ана:- Саламатсыз ба? Менің баламның көзі қызарып кетті, тексеріп жіберіңізші.
Көз дәрігері: – Саламатсыз ба! Қане, көзіңді аша ғой. (Көзін арнайы құралмен тексеріп көреді). Көзіңді шаң - тозаңнан қорғау керек, теледидардың алдында көп отыруға болмайды, компьютермен де ойнама, мына дәрілерді күніне 2 мезгіл тамызу керек.
Ата - ана:- Рахмет, дәрігер. Сау болыңыз.
(Ортада Дәріхана (Аптека) болады.)

2 - ата - ана:- Саламатсыз ба!
Дәріханашы: – Саламатсыз ба!
Ата - ана:- Мына дәрілерді маған беріңізші.
Дәріханашы: (Рецепт бойынша дәрілерді тауып береді). - Мінекей алыңыз. Ауырмаңыздар, сау болыңыз!

4 - ата - ана:- Саламатсыз ба!
Дәріханашы: – Саламатсыз ба!
Ата - ана:- Маған көзге тамызатын дәрі керек (қағазын береді).
Дәріханашы: - Мінекей дәріңіз. Ауырмаңыздар, сау болыңыз!
(Сюжеттік - рөлдік ойын осы жерден аяқталады).
Тәрбиеші: Балалар, жарайсыңдар. Ал енді, балалар, бізге бүгін қонақ келе жатқан сияқты.
(Осы кезде есіктен балабақшаның медбикесі кіріп келеді.)
Медбике:- Саламатсыңдар ма, балалар! Қал - жағдайларың жақсы ма? Денсаулықтарың қалай? Бүгін барлығың аппақ болып, әдемі болып кетіпсіңдер.
Тәрбиеші: Саламатсыз ба, дәрігер. Біз бүгін Аурухана ойынын ойнап, дәрігер рөлінде болдық. Құрметті дәрігер, біздің балаларымыздың сіздерге арналған тақпақ, мақал - мәтелдері бар. Тыңдап көріңіз.
(Бану. Аяжан. Сымбат.)

Медбике: Ой жарайсыңдар, балалар, осылай ақылды бала болыңдар. Ал енді мен сен сендердің аңғарымпаздықтарыңды байқайын. Маған бір ойын ойнап беріңдерші.
Тәрбиеші: Қанеки, балалар, біз қазір сендермен Не артық? деген ойын ойнайық.
(Ортада тұрған медициналық құралдардың арасында жеміс - көкөністер, ойыншықтар тұрады. Балалар артық затты табу керек.)
Тәрбиеші: Ал, балалар, құрал - жабдықтың барлығы ауруханаға қажетті заттар. Ал енді осының ішінде медициналық құралға жатпайын не нәрсе. Қанекей не артық?
(Балалар артық заттарды алып, көрсетеді).
Тәрбиеші: Жарайсыңдар, балалар, тапқырлық таныттыңдар.
Дәрігер:– Жарайсыңдар, балалар, тапқыр екенсіңдер. Рахмет сендерге. Ал енді мен сендерге өз сыйлығымды ала келдім. Сендерге өте пайдалы, құнарлы тамақтану керек. Күнделікті жуынып, таза болып жүру керек және дәрумендер пайдалану керек. Мен сендерге бүгін дәрумендер ала келдім. Мінекей ала қойыңдар.
Тәрбиеші: Рахмет сізге, дәрігер!
Ал, балалар, осымен бүгінгі Аурухана ойынымыз аяқталды. Ауырмайық, деніміз сау болсын!

Күтілетін нәтиже:
Жаңғыртады: аурухана туралы балалар білетін түсініктерін еске түсіреді;
Түсінеді: дәрігерлердің түрлі салаға бөлініп, қызмет ететіндіктерін түсінеді;
Қолданады: рөлдерге бөлініп ойнау арқылы дәрігер еңбегін бағалап, үйренеді,
олардың қиын жұмыстарына құрметпен қарайды.


Скачать


zharar.kz