Әлпеш ана

Скачать

Әлпеш ана. Қазақ тарихындағы әйелдер
Бізге жеткен деректер бойынша, Найман екі әйел алған адам екен. Бірінші Қырғауыл деген әйелінен – Ақсақал (Ақсопы деп те атайды), Үйелші, Күйелші деген үш бала туады. Екінші Шүңірекей деген әйелінен – Тоқбан жалғыз туыпты.
Ол кез ел іргесінен жау торыған бір мазаң заман екен. Найман әулетінен тіс басқан қасақы дұшпан қапысын тауып ауыл-елге жойқын шабуыл жасапты. Тұтқиылдан тиген қаскөй жау еркек кіндіктіні қынадай қырып, қарт Найманның төрт ұлын көз алдында өлтіріп, өзін ойрандалған жұртында жалғыз қалдырыпты. Онысы – қартайғанда қу бас атанып, қалған өмірі ит қорлықта өтсін дегені болса керек.
Найманның қаза тапқан төрт баласының ішінде үйленгені жалғыз Тоқбан екен, оның Әлпеш (Ақсұлу, Мәзбура деп айтылады) деген келіншегі жесір қалады. Әлпеш Үйсін Дулат бидің қызы болса керек. Шабылған әулет пен қорғансыз қарт Найманның ауыртпалығы енді Әлпештің иығына түседі.
Содан Әлпештің әмеңгерім деп алаңдайтын ешкімі болмаған соң, ақылына көркі сай жас келіншекке ата жолымен Арғын мен Қыпшақтың балалары сөз салады. Найман уәж айтар қисын таппай, ерікті келіннің өзіне береді. Әлпеш болса Атамның тұяғын үзбеймін, атын жоғалтпаймын, ошағын сөндірмеймін, Тәңірдің бір жазғаны болар! деп, басын босатып алады.
Әлпештің өзінің жесірлігінен гөрі келін болып түскен әулетінің тұқымы жалғаспай қалатынын уайымдап жүреді де, бір күні атасының дәрет ұсатқан жеріне көзі түседі. Найман қарттың дәреті құмдауыт жерді ырсита жырып, көпіршіп жатса керек. Е, Тәңірім, бере көр! Атамның бойында әлі де қуат бар екен-ау! деген үміт сәулесі Әлпештің тәуекелге жетелегендей болады. Сол үмітпен Әлпеш төркін жұртына барып, әкесі Дулатпен бірге туысқан Ақмырза деген кісінің Гүлше (Құрым, Дәмелі, Дәмеш, Тұрымтай деп те айтылады) есімді қызын атасы Найманға айттырып алып қайтады. Әлпеш атасы Найманға алып берген Гүлше қызда мейлінше құрметтеп, енді сен маған ене болдың деп, атын атамай Қызене дейді екен.
Гүлше Найман қартқа тиген соң алты айдан кейін жүкті болады. Күндердің бір күнінде Найман қатты сырқаттанып, төсек тартып жатып қалады. Ауруының бетін байқаған соң арғын ағайындарын шақыртып өсиет айтады. Жасым сексенге келіп, бұл өмірден тұяқсыз өтемін-ау деп өкіріп жылап жүргенде көремін бе деген балам еді. Мына Қызенеден ұл туса, оның жауабын Тәңірдің алдында сендерден сұраймын дейді. Мұнан соң Найман көп ұзамай дүние салады. Кешікпей-ақ, Гүлше де аман-есен қол-аяғын бауырына алып, бір ұл бала табады. Бұл кезде Найман шаңырағының бас иесі болып отырған Әлпеш алты алаштың басын қосып, ақ түйенің қарынын жарып, ұлан-асыр той жасайды. Осы тойда үйсін Дулат би: Найман – қаны араласқан қадірлес құдам еді, мына нәресте артында қалған белгі ғой, атын Белгібай қояйық дейді. Балаға ат қою жолы біздікі еді, Найман атамыздың Тәңірден өкіріп жылап жүріп тілеген баласы ғой, атын Өкіреш қоямыз , - деп арғындар да тілек білдіреді. Мұның бәріне Әлпеш ақ жамбы, ақ бас құндыз, ақ атан бастатып жолын беріп, риза қылады. Бұл жөнінде ел аузындағы шежіре сөзде мынандай өлең бар:
Баланың атын қойды Белгібай деп,
Атадан туып қалған белгі ғой деп.
Ару Әлпеш баланы ардақтайды:
Тәңірім бір тілекті берді ғой! - деп .
Ақыл-парасаты мол Әлпеш көз алдында дүниеге келген кішкене қайнысы Белгібайды оны алтыға келгенше күтіп отырып, өзі отыз жетіге келгенде әмеңгерлік жолымен қосылған екен.
Белгібай мен Әлпештің арасынан бір ұл туып, Сүйінші, Найманның тұяғы жалғасын тапты! деп қуанып, атын Сүйініш, қояды. Сүйініштен - Төлегетай, одан – Қытай, одан – Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл туып, бұл соңғы буынның өсіп-өнген ұрпағы Төрт Төлегетай атанады.
Найманның тұяғы Белгібай Әлпештен басқа да бірнеше әйел алған. Ол – түрікмен Арлауыт бидің Қаракөз атты қызы болса керек. Белгібайдың бұл әйелі бала көтермейді. Бұл екі ортада Әлпеш екінші екінші балаға жүкті болып, ол аман-есен туған соң, есімін Сүгірше қояды да, оны Қаракөз сұлудың бауырына салады.
Әлпеш Сүгіршеден кейін баладан тоқтап, өзі бөлек шығып, енді орнымды бассын деп, өзінің Тоқсұлу атты немере сіңлісін Белгібайға қосады. Тоқсұлудан – Өтеген туады. Сөйтіп, Белгібай (Өкіреш) некелеп қосылған үш әйелінен Сүйініш, Сүгірше, Өтеген атты үш бала көреді. Қазақтың қария сөзінде тоғыз таңбалы қалың найман осы үшеуінен өсіп-өнген. Осындай күйге жеткізген Әлпеш сияқты дана әйелді қазақтың қария сөзін айтушылар күні бүгінге дейін Найманның әулие келіні , Иісі Найманның ардақты анасы деп қадыр тұтады.
Қызене атанған Гүлшені Найман өліп, асын берген соң, ата жолымен Найманның ұлы атасы Сарымен бірге туысқан Шомақтың немересі Елтайға әмеңгерлік жолымен қосады. Кейбір шежіре дерегі бойынша, Елтай Найманның туған інісі Наймантайдан туып еді дейді. Сол Елтайды Әлпеш: Атамның орнына ата болды деп, есімін Елата деп атап кетеді. Кейін Елата мен Гүлшенің арасынан бір ұл туады. оның Белгібайға серік болысын деп, атын Серікбай қояды. Серікбайдан – Келбұға, Кетбұға атты екі ұл туады. Шежіре сөздің бір нұсқасы Келбұғадан – Балталы, Кетбұғадан – Бағаналы туады дейді. Бұлардың ұрпағы да бір-бір іргелі руға ұласқан. Кетбұға жырау әйгілі Шыңғыс ханның оң тізесін басып отырған би болғанын, Ақсақ құлан сияқты күйді тудырған ұлы күйші екенін айта кеткен жөн.
Найман атасының тұяғын жалған ұрпақты шашау шығарғысы келмей, ұжымын жарастыру үшін Әлпеш Серікбайды өз бауырына салып өсіреді. Белгібай мен Серікбайдың енелес-емшектес болғаны өз алдына, екеуі де Әлпештің бауырында өскендіктен, жұптары жазылмай біте-қайнасып, бір туғандай болып кетеді.
Осының бәріне Әлпеш-ана ұйытқы болып, Найманның кіндігінен тараған ұрпақ жиырма шақты ауыл болғанша жат болып кетпесін деп, енші бөлістірмей, мал-жанын ортақ ұстатыпты дейді. Байдың малы ортақ болсын, батырдың жаны ортақ болсын, шебердің қолы ортақ болсын, біреуге біреу зорлық жасамасын! деген өсиет осы Әлпеш-анадан қалыпты деген сөз бар.


Скачать


zharar.kz