Биология пәнінен экологиялық тәрбие беру жолдары
Бүгінгі таңда адамзат алдында тұрған күрделі мәселенің бірі - өзімізді қоршаған тіршілік ортасын биосфераны келешек ұрпаққа бүлдірмей, ластамай, көркейтіп - көріктендіріп жеткізу. Өйткені тіршіліктің барлығы сыртқы ортамен байланысты. Не ексең, соны орасың демекші еліміздің болашағы қазіргі жастарға байланысты, біз оларға қандай білім беріп тәрбиелесек, олар да сондай жеміс береді.
Экология - бүкіл адамзат баласының шалыс басқан әрбір іс - әрекетіне келешекте шек қоятын, оның тыныс - тіршілігіне тікелей ат салысатын ғылымның жаңа саласы.
Жан - жақты білімді іскер маман даярлауда мектептегі биология пәнінің атқарар рөлі зор. Экологиялық білім мен тәрбиелеу мәселелері жалпы білім берудің жеке дара құрам бөлігі ретінде оқушыларда айналадағы орта мен табиғатқа жауапкершілік, қарым қатынас қалыптастыруы тиіс. Мектептегі биология сабақтарында оқушылардың ғылыми әдістемелік көзқарасын дамытуға көп көңіл бөлінеді. Сонымен қатар жасөспірімдердің табиғатты қорғау қабілетін, экологиялық білім алуына назар аударылады. Оқушылардың биология пәнінде экологиялық білімді игеру мұғалімнің басшылығымен жүзеге асады. Мұғалім сабаққа дайындық барысында оның мақсатын, мазмұнын, құрылымын жоспарлайды, оқытудың әдістері мен түрлерін қарастырады.
Экологиялық білім мен тәрбие беру 1970 жылы БҰҰ деңгейінде ұйымдастырылған (ЮНЕСКО) Адам мен биосфера деп аталған бағдарламаны қабылдаудан басталады. Онда алғаш рет халықаралық деңгейде табиғат ресурстарын қорғау және оны тиімді пайдалану туралы бағдарлама жасалып, кең экологиялық сипатталған болатын.
Экологиялық білім мен тәрбие берудің мақсаты - жеке оқушы бойында табиғатқа деген ізгілік қатынастарды қалыптастыра отырып, Адам - Қоғам - Табиғат арасында толық үйлесімділік рухында тәрбиелеу. Экологиялық тәрбие беру өте күрделі процесс. Қоршаған табиғи ортаның өзі мен қоғам үшін мәңгі қажеттілігін сезіндіре отырып оқушының дүниеге деген ізгі көзқарасын бірте - бірте қалыптастыру көзделеді.
Экологиялық білім беру бағытында экология ғылымында жаңа ұғымдар мен түсініктер қалыптасты. Олардың негіздері: Экологиялық білім , Экологиялық сауаттылық , Экологиялық этика , Экологиялық мәдениет , т. б. Экологиялық ұғымдардың мәнін әрбір оқушы білуі тиіс. Ұғымдарды түсіну оқушының табиғатқа деген көзқарасын қалыптастырып, экология ғылымын меңгеруге жол ашады және пәнге деген көзқарасын қалыптастырып, қызығушылығын арттырады. Бұл мақсаттарды жүзеге асыруда әрбір сабақ кезінде және сабақтан тыс шараларда көрнекі құралдар, диафильмдер, кеппешөптер, коллекциялар, бақылаулар пайдаланған жөн. Сабақта әдебиет, география, саз өнері, көркем сурет, зертханалық жұмыс, бақылау және қосымша материалдар қолдану оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырады.
Халқымыздың табиғатқа деген қайырымдылық, қамқорлық сезімі, аялы алақаны, көздің қарашығындай қорғай білуі аты аңызға айналған Асан қайғы, күй атасы Қорқыт бабаларымыздың өсиетке толы сөздерінде елеулі орын алған. Қорқыт бабаның: Қара орманың шайқалмасын, мәуелі ағашың құламасын деген сөзі көп нәрсені аңғартпай ма? Биология пәнінің әр сабағында табиғат қорғау, оны көздің қарашығындай сақтай білу, көгалдандыру жұмыстарына белсене қатысу оқушыларға бағыт - бағдар беріп отыру қажет. Сабақтың құрылымына қарай ақын - жазушылардың өлеңдерін, табиғат суреттерін, мақал - мәтел, сөзжұмбақ, шытырман ойындарын пайдалану оқушы ынтасын арттырады.
Қазақта Бабалар еккен шынарды балалары саялайды , Тау бұлағымен көрікті, бұлақ құрағымен көрікті деген даналық сөздері ұрпағына мирас етіп қалдырып, табиғаттың арайлы ажарын, көркін, сымбатты сұлулығын сақтай біл дегенді білдіріп тұр.
1892 жылы Абай Құнанбаев Дала уәлаяты газетінде экологиялық мақала жариялаған. Онда Шыңғыстау өңіріндегі ормандардың қырқылып, құрылысқа пайдаланыла бастағанын, оның әсерінен сол жердің табиғаты тозып бара жатқаны айтылады. Бұл деректің өзі - ақ қазақ халқының бойында экологиялық сауаттылықтың ерте кезден - ақ болғанын айғақтаса керек.