Мағжан Жұмабаев
Жер жүзін топан басса екен!
Асқар таудан асса екен!
Таудай толқын құтырып,
Улы көбік шашса екен!
Басса екен топан жер жүзін!
Жапса екен көбік күн көзін!
Жанды, жансыз жоқ болып,
Қалсам жалғыз бір өзім!
Жан иесі тұншықса!
Үн иесі үн шықса!
Қараңғы жердің көгіне
Күн болып сонда мен шықсам!
Қандай ойын салар ем!
Жалынмен бәрін жалар ем!
Екі - шексіз дүниеде
Жалғыз өзім қалар ем!
Заулаған от - жалғыз жан,
Жер мінезді жоқ адам.
Заулап тұрған отымнан
Жаратар ем жаңа адам.
Жер жүзiне ер атағым жайылған,
Жан емеспiн оттан, судан тайынған.
Қайраты мол қандыбалақ қыранмын,
Күн болған жоқ жаудан жүрек шайылған.
Еркiн ырғып шыққам асқар Алтайға,
Қырда тұрып садақ тартқам Қытайға.
Талай тайғақ, тар кешуде таймаған
Батыр жүрек, қайрат ендi алдай ма?!
Талмай, қайтпай қамал бұзған кемеңгер,
Арыстанға қарсы ұмтылған мендей ер.
Бiр барқылдақ жалпылдаған төбеттен
Қорқар болсам, жұтсын менi қара жер!