Фариза Оңғарсынова өлеңі
Неге осы мен елпілдеп қуанбаймын?
Ілінген бе мойныма тұмардай мұң?
Қайда барсам, сумаңдап шығады алдан
шұбарлана ысылдап жылан - қайғым.
Жоқ соншалық өкінер, жылар ісім,
мені де өмір басқадай сынады шын.
Өзгелердей менің де бір басыма
жеткілікті секілді қуанышым.
Ортақ жұртқа, маған да ғасыр пысық,
елден бөлек шалған жоқ шашымды шық.
Жерім аман, ел тыныш, тауым да асқақ,
жалғыз маған жатқан жоқ жасын түсіп.
Жарқылдамай, жанарым толар мұңға
тұтқын құстай тұрғам жоқ тор алдында.
Халқым қамсыз, жаны тоқ.
Тегі, осы мен
қанағатсыз бір байғұс болармын ба?
Бар сияқты менде де сана, шыдам,
жығылғанды демеуге тағы асығам.
Жасайын - ақ десем де бір астамдық,
қорқам ардың айбалта - жазасынан.
Лайық - ақ жандаймын күлімдеуге,
қуануға - түріммен, үніммен де.
Неге менің жүрегім тілінгендей
қараймын да күрсінем жұмыр жерге?