Абай Құнанбаев
Асау той, тентек жиын, опыр - топыр
(М. Ю. Лермонтовтан)
Асау той, тентек жиын, опыр - топыр,
Ішінде түсі суық бір жан отыр.
Алысты тұманданған ол ойлайды,
Өзге жұрт ойды нетсін, өңкей соқыр.
Ішкен - жеген, таласқан, ойнап - күлген,
Кезек жоқ, келісім жоқ, сөйлей берген.
Дауырыққан, күліскен, өлеңдеткен
Қайғысызға қайғырып, жиіркенген.
Көп отырды, қозғалды сөйлегелі,
Құлағымда бүгін тұр соның үні:
Сендерге не жұмыс бар тағдырменен,
Ойнай бер де, күле бер күні - түні.
Ойынға ойсыз надан бәрі құмар,
Дүние істеп өз жүмысын жатқан шығар.
Елемесең, елетер, бір танытар,
Қайда айдаса, барасың,— кім тартынар?