Сабақтың тақырыбы: Алтын күз ертеңгілігі
Сабақтың мерзімі: 30. 10. 2012 жыл.
Сабақтың мақсаты: Балалардың күз туралы білімдерін жетілдіру, ойлау қабілеттерін арттыру, ой - өрістерін дамыту.
Тәрбиеші: Құрметті бүгінгі кешке жиналған қонақтар және ата - аналар! Бүгінгі мектепалды даярлық тобы оқушылары дайындаған шағын ғана Алтын күз атты ертеңгілігімізді бастаймыз.
(Әуен ойналады. Балалар бақшаға қарап балалар сөйлеседі.)
Тәрбиеші: Балалар қараңдаршы бүгін біздің бақшамыз өте қатты ашулы екен. Неге ашулы екен сұрап білгіміз келеді ме? Ия, балалар ендеше сұрап білейік.
Балалар: Бақша - бақша неге ашулысыз?
Бақша: Менің күз мезгілінің тез бітетініне ашулымын. Күз мезгілі таяп қалды. Менің көкөністерім мен жемістерімді адамдар бақшадан теріп - теріп алды. Менде енді түкте қалмайды. Соған ашулымын. Маған көмектесесіңдер ме балалар? Менің жемістерім мен көкөністерімнің бақшада қайтадан жайқалып өскенін қалаймын.
Тәрбиеші: Балалар бақшаға көмектесеміз бе?
Балалар: Ия көмектесеміз.
Тәрбиеші: Ендеше балалар біз бақшаға көмектесу үшін көкөністер мен жемістерді қайтып жинай алмаймыз, сондықтанда бақшаға олар туралы тақпақтарымызды айтып, Өз өнерімізді көрсетейік. Келістік пе балалар?
Балалар: Ия.
Тәрбиеші: Шоғы толған гүлдей жайнап,
Шақырады жарқын жүз.
Сайрандаған күліп - ойнап,
Келді міне алтын күз.
Күз мезгілі: Ақниет. Мен күзбін. Өте еркемін. Сол нәрсеге ренжіп, бұртиып, қабағымды түйіп, көз жасымды аямай төгіп - төгіп аламын. Менің ақ көңілділігімді бәрі ұнатады.
Тәрбиеші: Өнім биыл тамаша,
Көз тоймайды қараса.
Сәбіз, картоп, кәдеш пен,
Қып - қызыл піскен қызанақ.
Қырыққабатқа қарашы,
Көкөністер бір кезде
Жиыла қалып дауласты.
Тәрбиеші: Балалар бізге Көкөністер тобы келіп қалыпты, қане қошеметпен қарсы алайықшы. (Әуен ойналады)
Көкөністер дауы көрініс
Көкөністер: (хор) Жиналып қалып бәріміз,
Қайсымыз ең дәмдіміз.
Ішімізден адамға,
Тиеді көп пайдамыз.
Тәрбиеші: (Мақтаншақ бұршақ ортаға жүгіріп шықты)
Бұршақ: Сағадат
Кішкене түймедеймін мен,
Ұяламын мен бәрінен
Дәмді талғамдарыммен,
Сый жасаймын бәріңе!
Тәрбиеші: Ызаланғаннан қызылша қып - қызыл болып кетті.
Қызылша: Ерсұлтан
Ақ түсім бар қант алар,
Қызыл түсіп қанға нәр.
Зияным жоқ біліп қой,
Қызылшамын пайдам бар.
Менде бір сөз айтайын,
Мақтанайын сіздерге.
Менсіз борщ болмайды,
Винегрет те үстелде.
Қырыққабат: Аружан
Бақшаларда тізіліп,
Қаперсіз мен жатамын.
Қабат - қабат киініп,
Қырыққабат атандым.
Сәбіз: Нұрдаулет Кім бар сәбіз шырынын,
Жастайынан ішпеген.
Мені жеген адамдар,
Кем болмайды күлгенде.
Қызанақ: Русланбек
Тал шыбығым бұралып,
Бақшаларда қызарып.
Тұрған ол мен – қызанақ,
Күнге қарап ұялып.
Қияр: Көркем
Көптен ерте шымырлап,
Өсемін мен бүр жарып.
Атым – қияр, теріп ал,
Жиі - жиі суғарып.
Картоп: Сағадат
Картоп біздің атамыз,
Жер астында жатамыз.
Бір тамырдан тараған,
Ағайынбыз бәріміз.
Мен ұялшақ картоппын,
Мен емеспін мақтанар.
Мені жақсы көреді,
Үлкендер мен балалар.
Қауын: Ақниет
Иісім жұпар аңқыған,
Бақшадағы шырынмын.
Жеп көргендер тамсанған,
Балдай тәтті қауынмын.
Пияз: Диана
Боламын мен дәмдеуіш,
Барлық - барлық тағамға.
Көкөністер ішінен,
Мен пайдалы адамға.
Асханадан шықпаймын,
Атым пияз бұқпаймын.
Көзден жасты шығарып,
Тұмаудан бірақ сақтаймын.
Тәрбиеші: Бос айтысты қояйық
Дауласуды тоқтатайық.
Айболит: Көкөністер бәріде,
Денсаулыққа пайдалы.
Сондықтанда бірге жүріңдер,
Оларды жақсы көріңдер.
Би: Сары күз
Тәрбиеші: Балалар енді мен сендерге жұмбақ жасырайын:
1. Қызыл - сары кемелер,
Су бетінде қалқанды.
Соқса егер қалқиды,
Ырғалады, толқиды (жапырақ)
2. Жаздай інге тығылған,
Жатқан қызыл түлкіні.
Құйрығынан суырып,
Әкелді әжем бір күні (сәбіз)
3. Үстіне тігіп көк шатыр,
Астында қызыл дәу жатыр (қызылша)
4. Жайлы жұмсақ төсегім,
Домаланып өсемін.
Қабат - қабат тоным бар,
Қалай оны шешемін (қырыққабат)
5. Қалдың тағы түйірлеп,
Қазып алдың үйірлеп (картоп)
Тәрбиеші: Дұрыс балалар, қазір жылдың қай мезгілі?
Балалар: Күз
Тәрбиеші: Дұрыс балалар, ал күз айлары қандай айлар?
Балалар: Қыркүйек, қазан, қараша айлары
Тәрбиеші: Балалар енді біз әнімізді айта қояйықшы.
Ән: Апам үшін
Тәрбиеші: Балалар көкөністерден қалмай бізге жемістерде келіпті, соларды бір тыңдап көрелік.
(әуен ойналады)
Жүзім: Русланбек
Іші толған шәрбат,
Дәмі сондай әйбат.
Үзесің бірден үзіп,
Оның аты – жүзім.
Өрік: Дияс
Дөп - дөңгелек сары,
Ішінде бар дәні.
Қызығасың көріп,
Оның аты – өрік.
Шабдалы: Ақниет
Пісетін кезі дәл күзде,
Мезгілсіз оны үзбе.
Аузыңнан кетпес бал дәмі,
Оның аты – шабдалы.
Жаңғақ: Русланбек
Сырты қандай қатты,
Дәмі оның тәтті.
Шағып қара таңдап,
Оның аты – жаңғақ.
Шие: Ақниет
Бір сабақта көп түйме,
Жей алмайсың көк күйде.
Санап қара қанша,
Оның аты – шие.
Құлпынай: Диана
Жапырақты тасалап,
Өсетін жері бақша - бақ.
Күрең қызыл шіркін - ай,
Оның аты – құлпынай.
Алма: Аружан
Пісіп тұрған алмамын,
Тамсандырар бал дәмін,
Жерге сілкіп түсірме,
Ісіп кетер маңдайым.
Тәрбиеші: Балалар енді бақшамызға барайықшы, көңілі көтерілді ме екен, сұрайықшы. Бақша көңілді көтере алдық па.
Бақша: Ия, балалар мен енді көңілді жүремін. Сендер мені қуанттыңдар. Бірақ менің тағы бір шартым бар. Маған енді бір ойын ойнап берсеңдер мен оданда қатты көңілді жүретін боламын.
Тәрбиеші: Балалар бақшаға ойын ойнап береміз бе?
Балалар: Ия
Ойын: Бақша кімді алып кетті?
Тәрбиеші: Ендеше ойынның шарты былай балалар. Барлығымыз әдемі жүріп, әдемі би билейміз. Музыка біткенше билейміз. Ал музыка біткен соң, көзімізді жұмып, орнымызды ауыстырып, жерге отыра қаламыз. Келістік пе балалар?
Балалар: Ия.
(Музыка қосылады. Ойын ойналады. 3 - 4 баланы матамен жауып тығып тастайды. Қай бала жоғалғанын балалар айтады)
Тәрбиеші: Балалар енді қараңдаршы кім жоқ?
(ортаға себет толы алма әкелінеді. Балалардан кімнің тығылғанын сұрайды)
Тәрбиеші:
Берекесін сыйлауға,
Өлкемізге күз келді.
Жемістерін жинауға,
Шақырады біздерді - дей келе, құрметті бүгінгі кешімізге жиналған қонақтар, ұстаздар және ата - аналар, алтын уақыттарыңызды бөліп біздің ертеңгілігімізге келгендеріңізге көп - көп алғысымызды айтамыз. Келесі кездескенше сау болыңыздар.