Қасым Аманжолов өлеңі
ЖАННА
Артқа тастап алтыны,
Жанна жетті жетіге.
Жазды бастап А , Б - ны,
Бірді қосып екіге.
Нажағайдай жалт беріп,
Жарқылдайды жанары.
Санасына тап келіп
Әрбір ойдың хабары.
Саусағымен сырғытып,
Қайырады кекілін.
Жанна біздің жүр күтіп
Келер күнін жетінің.
Талпынады асығып
Жетіге тез жетпекке.
Жақсы сумка асынып,
Барамын, – деп, – мектепке .
Қай мектепке барады,
Кім болғысы келеді?
Сәл түйіліп қабағы,
Соны ойлай береді.
– Артис болам, ән салам,
Апа, папа, кел! – дейді.
– өзім шығып қарсы алам,
Билетсіз - ақ ен! – дейді.
– Дәрігер болам, дәрімді
Көп - көп етіп қойдырам.
Апа, мама, бәріңді
Аспиринге тойдырам.
– Аралаймын көп қала,
Ұшқыш болам мен! – дейді.
Бәрі болам тек қана
Ақын болғым келмейді...
– Кім болсаң да ер жетші,
Шықшы өмір төріне.
Қызығыңды көрсетші,
Ата - анаңа, еліңе!
1948ж,
Қасым Аманжоловтың өлеңдерін қарау