Ата - аналар балаларының оқу үлгерімін смартфон арқылы бақылай алады
Жаңа оқу жылынан бастап ата - аналар балаларының оқу үлгерімін смартфондар немесе планшеттер арқылы электрондық түрде бақылай алады. Бұл Astana Learning Management System жобасын іске қосудың арқасында мүмкін болып отыр. Бұл туралы Астана қалалық білім басқармасының баспасөз қызметінен хабарлады.
Ведомство ақпаратына қарағанда, ол Edupage порталы арқылы жүзеге асырылады. Бұл жүйе веб - сайт түрінде әрі смартфондар мен планшеттерге арналған мобильдік қосымша үлгісінде қолжетімді.
Edupage порталы арқылы кез келген уақытта сабақтардың кестесін, ағымдағы бағаларды, үй жұмысын, сабаққа қатысу журналы, асхананың мәзірі туралы хабардар болып, оқыту материалдарын парақтауға және оқушылардың ата - аналары арасындағы сауалнамаларға қатысуға мүмкіндік бар. Жүйе арқылы мектептің жаңалықтары туралы ақпаратты, алдағы жиналыстар немесе шаралар жайлы мәліметтер тәулік бойы қолжетімді болады. Сонымен қатар бұл ата - аналар үшін әрбір ұстазбен және мектептің әкімшілігімен тікелей байланыс орнатуға жол ашады.
Әрбір мектеп үшін лицензиялық бағдарламалық қамсыздандырудың құны 100 мың теңге тұрса, ата - аналар үшін тегін ұсынылады. Ол үшін Edupage бағдарламасын жүктеу қажет (смартфондар үшін Play Market, iPhone үшінApp Store арқылы). Жүйе мектепте іске қосылған кезде аталған білім ошағының әкімшілігі әрбір оқушы үшін құпиясөз береді.
Edupage бағдарламасының ресми серіктесі және дистрибьюторының (USTAZ Professional Learning Center ЖШС) сөзінше, бұл бағдарламаның жұмысына интернеттің ең төмен жылдамдығы қажет.
Ұстаздар қауымына бұл жүйе сабақтар кестесін автоматты түрде құруға, барлық бағаларды және үй жұмысын электрондық түрде тіркеуге мүмкіндік береді. Оларға мектептегі жаңалықтар, кестедегі өзгерістер туралы дер кезінде ақпараттандыру үшін қосымша уақыт бөлудің қажеті артта қалмақ.
Автор: Марлан Жиембай
ҚазАқпарат