Тұманбай Молдағалиев өлеңі
Ай да бүгін аласарып
Ай да бүгін аласарып төбемізден сөнеді,
Сәулешімді ұлықсатсыз қайта - қайта көреді.
Көлегейлеп жабар едім албыраған жер жүзін,
Бірақ менің өзімнің де көре бергім келеді.
***
Көрсетпе сүю әуресін,
Берілді жүрек тек саған.
Сүю де жақсы, сәулешім
Сүйікті болуы жақсы одан.
***
Жақындап келіп жаныңа,
Именіп, кейін шегіндім.
Жақындап бардым тағы да,
Жымидың, құрбым, не білдің?
Әйтеуір, биге шақырдым,
Бойымды бұл жол биледім.
Қарындас, айтшы, атың кім?
Фамилияңыз кім? – дедім.
Фамилиям мен жоқ, - дедің.
Атыңды айтып сен әрең...
Осындай қызға мен тегін
Фамилиямды берер ем.
Тұманбай Молдағалиев басқа өлеңдері