Аягөз, қайда барасың? - Дулат Бабатайұлы
Тауды екіге жарасың,
Тастың қашап арасын.
Кесіп өтіп кезеңді,
Аягөз қайда барасың?..
Тарбағатай тауынан
Тоқсан сала қосылып,
Тоғыз өзен түйісіп,
Ақтың төмен жосылып.
Ағының тасты ағызып,
Арнаң қалды осылып.
Күркіреген үніңнен
Аңдар қашты шошынып.
Қырға суың тарады,
Ойға суың барады
Тоғанменен тосылып.
Аягөз сенің бойыңда
Несібе ырыс тегіс қой,
Сай - салаң толған жеміс қой
Қырың малдың кіндігі
Ойың өнім егіс қой.
Айтуға ауыз келе ме
Аягөз кімнің жері еді?
Жер сауырын жайлауды
Ел сауыры дер еді
Жер кімдікі дегенде
Аға сұлтан қазылар
Не деп жауап береді....?