Қазақ және әлем халықтарының таңдамалы мақал - мәтелдері
Құрастырған
Өтебай Тұрманжанов
Алғы сөз
Қазақ халқы да өзге халықтар сияқты – адам заманнан қорланып, сұрыптала сұлуланып, жинала сақталып, бүгінгі күнге жеткен көл - көсір фольклоры бар халық. Соның ішінде мақал - мәтелдерге өте бай ел. Тегінде, қазақ мақал – мәтелдерінің қағазға түсуі, кітапқа кіру кешеулеу басталғанына қарамастан, теріп, тірнектеушісі оншама көп болмағанына қарамастан, бұл күндерде кітап болып халық қолында жүрген қазынамызды олқысына да алмаймыз, місе де тұтпаймыз.
Мәселен, ертеректе жылдар бойында сарсыла қазақ мақал - мәтелдерін жинаған белгілі жазушы Өтебай Тұрманжанов еңбегін елден ерекше атауымыз ләзім. Ол кісінің жалғыз тергенінің, өзі, шамасы, елу мың мақал - мәтеледей. Бұл – телегей байлық. (Мұзафар Әлімбай)
Қазақ халқының мақал - мәтелдері
Мақал - мәтелдер туралы мақал - мәтелдер
Мақал - сөздің маржаны,
Болмайды оның арзаны.
Мәтел – қыз,
Мақал - жеңгесі,
Ісінің жоқ теңдесі.
Сөз – сүт болса ойдағы,
Мақал - мәтел қаймағы.
Тұз астың дәмін келтіреді,
Мақал сөздің мәнін келтіреді.
Мақал – сөздің атасы,
Атаның ақ батасы.
Мақалсыз сөз болмайды,
Мақал ойды қорғайды.
Сөзге мақал жарасар,
Егдеге сақал жарасар.
Мақал қайдан шығады
Ой болмаса.
Киім қайдан шығады
Қой болмаса.
Мақал сөздің ажарын келтірер,
Делдал сауданың базарын келтірер.
Мақалмен сөз өтеді,
Мақтаумен бөз өтеді.
Мақал – сөздің серкесі,
Жауаптың ең келтесі.
Сөзіңе дәлел кере пе?
Келеді мақал көмекке.
Мақал – ата мұрасы,
Сөздің бұрау, сынасы.
Уақыттың өтіп сынынан,
Көрінген ойдың шыңынан,
Мақал - күн болса, мәтел – ай,
Сөзге нәр берер нұрынан.
Жасай білмесең
Астың дәмі болмайды.
Айта білмесең
Мақалдың да мәні болмайды.
Атаның ақ сақалын да қара,
Айтқан мақалын да қара.
Мақал атасы – сөз,
Мата атасы – бөз.