Мұхтар Шаханов
Уақытша жеңістер
Икрам Адырбековке
Ғасыр буаз болмаса да әділдікке желіндеп,
Қай кезде де Жеңіс даңқы екі топқа бөлінбек:
МӘҢГІ ЖЕҢІС және БАРЛЫҚ УАҚЫТША ЖЕҢІСТЕР .
Күш жоқ осы заңдылықты тайдыра алар өрістен.
Уақытша жеңістердің уақытша бағы бар,
Бар тіршілік кейде тіпті уақытшаға бағынар,
Жеңімпаздың мойнына алтын алқа тағылар,
Жағымпаздар жамыраса теңеу таппай сабылар.
Әркез бұған елікпейтін қайсар тұлға табылар,
Сол тұлғаны түзеу үшін уақытшалар жабылар...
Дантес жеңдім деп ойлады
Пушкинді атып құлатып,
Бірақ оңбай жеңілгенін дәлелдеді уақыт.
Оразбайлар жеңдік деді Абайды ұрып, сұлатып,
Олардың да ұтылғанын әйгіледі уақыт.
Қарсыластар қылышынан өр Махамбет өлді де,
Нәтижеде, қара күштер ұлы ақынды жеңді ме?
Жан шындығы қамалғанмен зұлымдықтың торында,
МӘҢГІ ЖЕҢІС қалып қойды Махамбеттің қолында!
Шыншыл, асау тағдырым бар пенделікпен тебіскен,
Сақта, Құдай, мені барлық уақытша жеңістен.
Кеңейтуге жол ашпаса әділдіктің өрісін,
Уақытша билік пен даңқ неге қажет мен үшін?
Бір бақшада өссін, мейлі, Бәйтерек пен Асқабақ,
Менің бағым — Асқабақты күндемейтін басқа бақ.
Менің бағым — елдік, ұлттық мүддеменен өрілген,
Сондықтан да ұлтпен бірге өлу даңқы берілген...
Рухсызға жеңіс жолы тым оңай боп көрінбек,
Бәлкім, маған тас атқанның бәрі ертең жеңілмек...
Бұл ізгілік ағыс күшін ұқпаған бар, ұққан бар,
Ал ұққандар, негізінен, пенделігін жыққандар.
Пенделігін жыққан жандар — Рух тауға шыққандар,
Оларға риза Махамбеттер, Абай, Мағжан, Мұхтарлар.