Доп домалату
Ашық алаңқайда ұзындығы жиырма - отыз метрдей сызық сызылады да, оның екі басында екі топ ойынға қатысушылар тұрады. Алдымен бір жағында топтан бір ойыншы шығады де, допты аяғымен домалата сызық бойымен жүгіреді. Сызық бойынан ауытқып кетуге немесе допты қатты тебуге болмайды. Сызық бойынан ауытқып кеткен бала ойыннан шығады. Ойыншылар көп қалған топ жеңіске жетеді.
Бұл ойын да футбол әуесқойларының жаттығуына өте пайдалы септігін тигізеді.
Шармен жүгіру
Алдыңғы ойындағыдай ашық алаңқайда ұзындығы жиырма - отыз метрдей сызық сызылады да, оның екі басында екі топ ойынға қатысушылар тұрады. Алдымен бір жағында топтан бір ойыншы шығады да, алақанына теннис шарын қойып, сызық бойымен жүреді. Келесі топқа жеткенде, шарын сол топтың бір ойыншысына ұстатады. Ол да сол шарды алақанына қойып, келесі топқа қарай жүгіреді. Шарды түсіріп алған немесе сызықтан ауытқып кеткен бала ойыннан шығады. Ойын соңында ойыншылар көп қалған топ жеңіске жетеді.
Ойын баланы ептілікке, жылдамдыққа тәрбиелейді.
Арқалау
Ашық алаңқайда ойынға қатысушылар екі топқа бөлініп, бір - бірлеріне қарама - қарсы тұрады да, әр топтан екі - екіден ойыншы шығады. Белгі берілген заматта біреуі екіншісін арқалап, межелеген мәреге қарай жылжиды. Мәреге жеткен соң, екінші ойыншы өзін арқалап барған ойыншыны арқалап, кері оралу керек. Жолда жығылған немесе арқасындағы баланы түсіріп алған ойыншыға ұпай жазылмайды. Көп ұпай жинаған топ жеңіске жетеді.
Ойын баланы төзімділікке, шыдамдылыққа, мықтылыққа баулиды.
Таяқпен жүгіру
Ойынға қатысушылар екі топқа бөлініп, сапқа тұрады. Он бес - жиырма метр жерге арнаулы таяқша қойылады. Белгі берілген кезде әр топтың басында тұрған ойыншы жүгіріп барып, таяқшаны айналып өтеді де, өз тобы сапының соңына келіп тұрады. Ол топтың да, екінші топтың да келесі баласы жүгіреді. Ойынға қатысушылар түгел айналып өтіп біткенше ойын жалғаса береді. Қай топтың ең артынан жүгірген ойыншысы озып келсе, сол топ жеңіске жетеді.
Ойын баланы төзімділікке, жылдамдыққа баулиды.
Шеңбер айналу
Ойынға қатысушылар екі топқа бөлінеді де, орталарынан екі шеңбер сызады. Әр топтың ойыншысы содан кейін сайысқа түседі. Сайыс шарты бойынша сайысқа түскен ойыншы екі қолымен сол аяғын тізеден қапсыра ұстап, көтеріп алады да, оң аяғымен сыңар аяқтай секіріп, алдындағы шеңберді айналып өтуге тиіс. Тізеден көтерген аяғын жерге тигізбей секіріп, шеңберді қай топтың ойыншылары көбірек айналып шықса, сол тап жеңеді.
Бұл ойын да баланы төзімділікке, жылдамдыққа баулиды.
Екі қолмен жүру
Ашық алаңқайда ойынға қатысушылар екі топқа бөлініп, әр топтан екі - екіден бала алға шығады да, біреуі екі қолымен жер тіреп, етпетінен жатады. Ал, екінші серігі оның аяғын көтеріп ұстайды. Бастаушы белгі берген кезде, қолымен жер тіреп жатқан ойыншы еңбектеп ілгері жылжуы керек. Серігі көтерілген аяқты жерге тигізбей, ілесіп отыруға тиіс. Олар мәреге жетіп, қайта оралғанда келесі екі ойыншы осы әдіспен ойынды әрі жалғастырады. Осылайша ойын шартын мүлтіксіз орындап, озып келген ойыншылар тобы жеңіске жетеді.
Бұл ойын да баланы төзімділікке, жылдамдыққа, мықтылыққа баулиды.
Кітаппен жүгіру
Ойынға қатысушылар екі топқа бөлініп, бәсекеге түседі. Екі топтағы ойыншылардың саны тепе - тең болуы шарт. Өздері тұрған жерден отыз - қырық метрдей жерге белгі қойылады. Әр топтың бір - бір ойыншысы басына қатырма мұқабалы, қалыңдығы екі елідей кітап қойып алады да, жарыса жөнеледі. Жерге түсірмей, әлгі белгіні жүгіріп өткен соң, кезекті өз тобының келесі ойыншысына береді. Әр ойыншыға бірден ұпай саналады. Басына қойған кітапты қолмен ұстап түзеткен немесе түсіріп алған ойыншыға ұпай саналмайды. Көп ұпай жинаған топ жеңіске жетеді.
Ойын баланы ептілікке, икемділікке, жылдамдыққа баулиды.
Шекемтас
Бірінші түрі
Бұл ойынды кілем үстінде немесе аласа жалпақ стол үстінде ойнауға болады. Бес - алты ойынға қатысушылар дөңгелене отырады да, біреуі ойынды бастайды. Оның оң қолында көлемі лобиядан үлкендеу бес домалақ тас болады. Ол қолындағы тастың біреуін жоғары лақтырып жібереді де, ол қайта оралғанға дейін, қолында қалған төрт тастың біреуін жерге қояды да, жоғарыға лақтырған тасын жерге түсірмей қағып алады. Осы ырғақпен ойыншы қолында қалған үш тастың тағы біреуін жерге қояды. Сөйтіп, төрт тасты түгел жерге қойып біткен соң, қолында қалған тасты тағы да жоғарыға лақтырып, ол оралғанша жердегі төрт тасты түгел жинап, жоғарыдағы тасты жерге түсірмей, қағып алады.
Келесі кезекте ойыншы қолындағы төрт тасты алдыңғы әдіспен енді жерге екі - екіден қойып шығады.
Үшінші кезекте ойыншы қолындағы бес тастың төрт тасын бірден жерге қойып, алдымен бір - бірден, одан кейін екі - екіден жинап шығады.
Екінші түрі – үйшік
Бұл – алдыңғы шекемтас ойынының екінші түрі. Ойыншы енді екі қолын да пайдаланады. Сол қолын доға секілді иілген күйде жерге тіреп қояды. Оның бас бармағы мен сұқ қолы үйшіктің қақпасы ретінде керіліп тұрады. Ойыншы оң қолындағы тастарды алдыңғы ойындағы әдіспен жерге кезегімен қоя береді. Бірақ, бұл жолы олардың оң қолына жинамайды. Лақтырып жіберген тасы оралғанға шейін жердегі тастарды сол қолының ашық қақпасына алдымен бірден, одан кейін екіден кезегімен кіргізе береді. Толық жиналып болған соң, оң қолындағы соңғы тасын лақтырып, сол қолының астындағы тастарды оң қолына жинап, жоғарыдағы тасты жерге түсірмей қағып алады.
Осы сындардан сүрінбей өткен ойыншы жеңіске жетеді. Кімде - кім жаңылысып кетсе немесе тасты жерге түсіріп алса, ол ойыннан шығып қалады да, ойынды келесі ойыншы жалғастырады.
Ойын баланы ұқыптылыққа, сақтыққа, жылдамдыққа баулиды.
Толық нұсқасын қарау