Тәрбие сағатының тақырыбы: Тәуелсіздік тірегі – білімді ұрпақ
Тәрбие сағатының мақсаты:
Білімділік: Оқушылардың ел тарихын, салт - дәстүрді қаншалықты білетіндіктерін тексеру.
Дамытушылық: Оқушылардың ой - өрісін, тіл байлығын дамыту, шапшаң ойлауға, ойын жинақтап жеткізе білуге үйрету, сөйлеу тілін, ой жүйелеу шеберлігін дамыту.
Тәрбиелік: Ұйымшылдыққа, адамгершілікке, жауапкершілікке, ел тарихы мен мәдениетін, салт - дәстүрін ұмытпай, қадірлеуге тәрбиелеу.
Сабақтың көрнекіліктері: слайдтар, сұрақтар, қима қағаздар, түрлі - түсті конверттер, шағын екі киіз үй, ұлттық нақыштағы оюлы себет.
Сабақтың әдісі: сұрақ - жауап.
Сабақтың түрі: интеллектуалды ойын - сайыс
Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы мен халықтық педогогика
Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру кезеңі.
- Армысыздар, құрметті ұстаздар мен оқушылар. 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай сыныптағы оқушылар арасында ұйымдастырылып отырған Тәуелсіздік тірегі – білімді ұрпақ атты сайысымызға қош келдіңіздер!
Тәуелсіздік жолында
Талай – талай тер төккен.
Билігім өз қолымда
Еркіндігім Елтаңбам.
Көк байрақтың бетінде
Қырай құстың бейнесі
Сол қырандай еркіндеп,
Бала өседі талапты, - дегендей, сіздерді Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын.
Сайысымызды бастамас бұрын 5 Ә сынып оқушыларының тәуелсіздік мерекесіне арналған арнау өлеңдеріне кезек берейік.
1. Оқушылар тәуелсіздікке арналған өлеңдер оқиды.
2. Ақ көгершін әні
3. 1 сынып оқушысы Мұхтарбек Бекжан Отан туралы өлең оқып бергісі келіп бізге қонаққа келіп отыр. Бекжанға кезек береміз.
Енді сайысымызға оралайық
Сайыстың талаптары: сайысқа сынып ішінен 7 оқушыны іріктеп алдық
Сайыстың кезеңдері:
1. Сәлем – сөздің анасы
2. Жеті қазына
3. Мақал – сөздің мәйегі
4. Мен тәуелсіз елдің ұрпағымын ойтолғау
Сайысымызда төрелік айтатын қазылар алқасымен таныстырып өтейін:
Бәйгеге түсіп жарыспай,
Жүйріктің бағы жанар ма?
Білім мен өнер жарысып,
Тәрбие, тәлім табар мән.
Бұл бәйге ойдың бәйгесі,
Кім жүйрік ойға, сол алда,− дегендей, бүгінгі сайысымызға қатысушыларды таныстырып өтейін:
Олай болса, Сәлем − сөздің анасы деп аталатын бірінші кезеңімізді бастаймыз. Әр оқушы кезек−кезегімен өз - өзін таныстырады.
Ән: Жас ұлан
Сайысымыздың ІІ кезеңі Жеті қазына деп аталады. Бұл кезеңде сайысқа қатысушылар ел тарихы мен салт - дәстүрге және қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сұрақтарды ұлттық нақыштағы оюлы себеттен таңдап алып, сұрақтарға жауап береді.
1. Ел билеудегі ең лауазымды тұлға (президент)
2. Үш арсыз (ұйқы, тамақ, күлкі)
3. Төрт маусым (қыс, жаз, күз, көктем)
4. Қазақ әліпбиінде қанша әріп бар? (қырық екі)
5. Сын есімнің сұрақтары (қандай? Қай?)
6. Жеті ырыстың бірі (ит)
1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы қашан қабылданды? (1992 жылы 4 маусымда)
2. Бес асыл іс (талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым)
3. Жеті қазына (ер жігіт, сұлу әйел, ақыл - білім, жүйрік ат, қыран бүркіт, берен мылтық, жүйрік тазы)
4. Қазақ тілінде қанша дауысты дыбыс бар? (он екі)
5. Қазақ тілінде неше сөз табы бар? (тоғыз)
6. Қазақтың үш биі (Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би)
1. Мемлекеттік Елтаңбаның авторлары (Шота Уәлиханов, Жандарбек Мәлібеков)
2. Бес қару (садақ, мылтық, найза, қылыш, айбалта)
3. Ұлттық музыкалық аспаптар (домбыра, қобыз, жетіген, сыбызғы, дауылпаз, адырна, керней, шертер)
4. Жалқы есімдер қалай жазылады? (бас әріппен)
5. Қазақ тілінде дауысты дыбыстар саны (12)
6. Батаның түрлері (Ақбата, теріс бата, баталасу батасы)
1. Мемлекеттік тудың авторы (Шәкен Ниязбеков)
2. Үш байлық (денсаулық, ақ жаулық, қорадағы бес саулық)
3. Төрт мұрат (дау мұраты – біту, саудагер мұраты – ұту, жол мұраты – жету, қыз мұраты – кету )
4. Зат есімнің сұрақтары (кім? Не?)
5. Жалпы есімдер қалай жазылады? (кіші әріппен)
6. Әнұранның қайырмасын айтып бер.
1. Мемлекеттік Әнұранның авторлары (Жұмекен Нәжмеденов, Нұрсұлтан Назарбаев)
2. Ұлттық ойындар (Ханталапай, қыз қуу, бәйге, аламан, күрес, көкпар, тоғызқұмалақ, дойбы, асық)
3. Үш дана (Абай, Шоқан, Ыбырай)
4. Сұраулы сөйлемнің соңына қандай тыныс белгі қойылады? (сұрақ белгісі)
5. Алпамыс батыр жырындағы Алпамыстың жеті жасар баласы (Жәдігер)
Елтаңбаның негізгі бояуы қандай? (Алтын түстес)
6. Сезім мүшелерін ата? (көз, мұрын, құлақ, тері, тіл)
1. Шығыстың қос шынары (Әлия мен Мәншүк)
2. Жеті жоқ (Жерде өлшеуіш жоқ, аспанда тіреуіш жоқ, таста тамыр жоқ, тасбақада талақ жоқ, аллада бауыр жоқ, аққуда сүт жоқ, жылқыда өт жоқ)
3. Киіз үйдің құрылысы (шаңырақ, уық, кереге, иіні, түндік, туырлық, ши, т. б.)
4. Сан есімнің мағыналық түрлері(алтау)
5. Сөздің мағынасын өзгертетін қосымша қалай аталады?(жұрнақ)
6. Қазақ елінің астанасы? (Астана)
1. Ұлыстың ұлы күні қашан тойланады? (22 наурыз)
2. Үш қуаныш (алғыс алу, өзіңді көптің іздеуі, ісіңнің өшпеуі)
3. Төрт түлік (жылқы, сиыр, түйе, қой, ешкі)
4. Сөз бен сөзді байланыстыратын қосымша қалай аталады? (жалғау)
5. Батыр сөзіне қарсы мәндес сөзді ата (қорқақ, ез)
6. Жүз жасаған жыр алыбы. (Жамбыл)
Сайысымыздың ІІІ кезеңі Мақал – сөздің мәйегі деп аталады. Сайысымызға қатысушылар киіз үйлердің ішінде жасырылған мақалдардың жалғасын табуға тиісті.
1. Ел ағасыз болмайды,...
(Тон жағасыз болмайды)
2. Адам көркі шүберек,...
(Ағаш көркі жапырақ)
3. Қоянды қамыс өлтіреді,...
(Ерді намыс өлтіреді)
1. Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын,
Жаманның жамандығын айт, құты қашсын
2. Тау тауға қосылмайды,...
(Адам адамға қосылады)
3. Талапты ерге...
(нұр жауар)
1. Ел іші...
(алтын бесік)
2. Жаңылмас жақ болмас,...
(Сүрінбес тұяқ болмас)
3. Ит тойған жерін іздейді,...
(Ер туған жерін іздейді)
1. Елдестірмек – елшіден,...
(Жауластырмақ - жаушыдан)
2. Өтірік айтып қара бет болғанша,
шындықты айтып жара бет бол
3. Жаңбырмен жер көгереді,...
(Батамен ел көгереді)
1. Басқа елде сұлтан болғанша,...
(Өз еліңде ұлтан бол)
2. Кісідегінің кілті...
(аспанда)
3. Баста ақыл жоқ болса,...
(екі аяққа күш түсер)
1. Сөз сүйектен өтеді,...
(Таяқ еттен өтеді)
2. Бірлік болмай,...
(тірлік болмас)
3. Тісі шыққан балаға...
(шайнап берген ас болмас)
1. Жылайын деген баланың...
(үш күн бұрын көзі қышиды)
2. Інісі бардың тынысы бар,...
(Ағасы бардың жағасы бар)
3. Көрдім деген көп сөз,
( көрмедім деген бір сөз)
– Бар байлығым – өлең‐жырым қолда бар,
Өн бойымда құпия жоқ таңқалар.
Көріп жүрген көп адамның бірімін,
Көңілімде қиял да бар, ән де бар, – деп жерлес ақын Мәлік Аяпов жырлағандай, келесі кезекті ән‐шашуға береміз.
– Білсең дағы біле бер, тағы тіле:
Мақсатыңа жетерсің біле‐біле! – деп дана, ойшыл Жүсіп Баласағұн айтып кеткендей, білімді, ізденімпаз оқырмандарымызбен әрі қарай сайысымызды жалғастырайық.
Сайысымыздың төртінші кезеңінде сайысқа қатысушылар Мен тәуелсіз ел ұрпағымын тақырыбында эссе жазады.
Бойларыңда от бар екен байқадым,
Жүректерде шоқ бар екен байқадым.
Әрқашанда осы өнерді сөндірмей,
Біліміңмен шарықтай бер әрдайым.
Бүгінгі сайысымыз өз мәресіне жетті. Жеңімпаз оқушыларды анықтау үшін сөз кезегі әділ - қазылар алқасына беріледі.
Білім сүйсең, кел күн сайын осында,
Кітап сенің айналады досыңа.
Талаптансаң үйренуге құмартып,
Келгін жан дос, ізденейік қосыла.
Құрметті бүгінгі Тәуелсіздік тірегі – білімді ұрпақ байқауына қатысушылар!
Сіздерге шығармашылық табыс тілей отырып, бүгінгі сайысымызды аяқтаймыз. Келесі кездескенше, аман‐сау болып тұрыңыздар.