Қайырлы күн! Құрметті: Әріптестер, ата - аналар!
Алтын – ұя, алтын - күз - атты кешімізге қош келдіңіздер.
О, ата - анам,
Таянышым, тірегім!
Бар бақытты бір басыңа тіледім.
Бізді жақсы болса екен деп қашанда
Лүпілдейді сенің қамқор жүрегің! – деп ересектер тобының бір топ бүлдіршіндері ата - аналарымен бірге күз мерекесін өткізгелі тұр.
Сайысқа қатысушы жанұяларды, қарсы алыңыздар.
Қошеметтеріңіз. Отырып жайғасуға рұқсат.
Армысыздар, ардақты ата - аналар,
Отбасының тірегі, елді бастар.
Құтты болып мереке баршаңызға
Шаттық көңіл орнасын ортамызда.
Алтын ұяларыңызда - алтын күздей молшылық, береке болсын!
Атамыз қазақ Бала - адамның бауыр еті , балалы үй - базар дейді.
Өйткені бала - өмірдің жалғасы, отбасының жеміс берер гүлі.
Баланың болашақта жақсы азамат болып өсуі үшін, жан - жақты тәрбиелі болуы отбасында берілетін тәрбиеге тікелей байланысты.
Әке асқар тау,
Ана мөлдір бұлақ,
Бала жағасындағы құрақ - деген жақсы теңеулер бар.
Бүгін міне, сіздермен яғни ата - аналармен балабақша арасындағы ынтымақты нығайта отырып, жанұя жылулығымен бала тәрбиесіндегі құндылықтарды дәріптеу мақсатында сіздермен кездесіп отырмыз.
Жиынымыз ата - аналар мен балалардан құралған топтар арасында сайыс түрінде өтпек.
Сайыс болған соң жеңіс болады. Бұл сайыста жеңімпаз отбасы Алтын тәждер - иелері атанады.
Әділ - қазылар алқасымен таныс болыңыздар.
---------------------------------------------------
Баға беру 1 - 3 балл аралығында болады.
Сайыс бағдарламасымен таныс болыңыздар!
1. Таныстыру
2. Психологиялық жаттығу Оркестр - психолог Г. Сембайқызы
3. Ертегілер еліне саяхат ертегіден үзінді мәтін қойылады, оқып танысып, дауыс ырғағына келтіріп, образға еніп орындап бересіздер.- артистік шеберлік сыналады.
4. Менің жанұям - балалар сурет салады. Суреттерін әңгімелеп береді.
5. Суретті сипатта - ойыны.
Әрбір отбасына бір суреттен беріледі. Бірінші суретті аналар алып, қарамай басына жоғары ұстап тұрады, ал әкелер ыммен, қимылмен сипаттап береді де, сол суретте не бейнеленгенін аналарымыз тауып айтуы керек.
6. Менің баламнан үйренгенім - ата - анасы балаларының балабақшадан үйренген өлең, тақпақ, санамақтарын ортаға салады.
7. Өнерлінің өрісі кең - Әр жанұя шеберлікпен вальс биін билейсіздер.
8. Әріптер әлемі м, н, ж, е, с, сұрақ - жауап. Таңдаған әріптер бойынша сұраққа тек сол әріптен басталатын сөздермен жауап бересіздер. 10 сұрақтан беріледі.
9. Күз сәні - 2014 - балалар арасында.
10. Үй тапсырмасы - Күз пейзажы - сурет көрмесі. (Балалар суреті қорытындыланады.)
11 Дәм думан - дайын ас мәзірін әкелу. Жасалуын, дәмнің атауын айту. Сыртқы көрінісінің мағыналылығы.
12. Қорытынды марапаттар.
Алтын - ұя, алтын күз - сайысының Алтын тәж иелері сайысымыздың Ханзадасы мен Ханшайымы........ отбасы
Үлгілі отбасы
Шебер отбасы
Ғажайып отбасы
Өнегелі отбасы
Жүргізуші:
Әділ қазылар мүшелері сайыстың қорытындысымен таныстырып, марапаттау рәсіміне көшейік. Сөз кезегі меңгерушіміз Т. Молдашқызында.
Құрметті ата - аналар алтын уақыттарыңызды бөліп келгендеріңіз үшін шексіз алғысымызды білдіреміз. Отбасындағы әрбір атқан таңдарыңыз - әнге, жылдарыңыз – жырға, күндеріңіз - күйге толы болсын деп тілек етеміз.
Еңбектеріңіз жемісті, отбасындағы өмірлеріңіз келісті болсын!