Таса жерден күткені оның жолбарыс

Скачать

Өлеңді жазған: Қайырбек Шағыр
(Фазу Әлиевадан аударма өлең)

Тау халқында бір аңыз бар мынадай.
Анасына қызы келіп шыдамай,
Мұң шағыпты: "Ерім менің тұрақсыз,
Өзге әйелге көп барады, бұл қалай?"

Анасы айтты:,"Уайым емес бұл жаман.
Тауып әкел бір - екі тал қыл маған.
Қыл болғанда, жолбарыстың тірідей,
Мұртын барып өз қолыңмен жұл, балам"

Көздерінің тым үлкейіп шарасы,
"Не деп тұрсыз?" деп шошынды баласы.
Сен әйелсің, келер бәрі қолыңнан
Байқап көр - деп міз бақпады анасы.

Сан ойланып, толғанды қыз неше күн,
Тапқандай боп бұл істің де есебін.
Ну орманға сіңіп кетті бір күні,
Қой етінің қолына алып кесегін.

Таса жерден күткені оның жолбарыс.
Көлбең етті, емес екен ол да алыс.
Атылды кеп ызалана күркіреп,
Етті беріп, аулақ қашты сонда қыз.

Ертеңінде тосты тағы жолынан.
Тағы ұмтылды тісі ақсиған долы аң.
Берген етін жеп жатқанда жолбарыс,
Тұрды қарап, қозғалмастан орнынан.

Үшінші рет көргенде әйел сыйлығын,
Тарғыл неме бұлаңдатып құйрығын
Күтіп тұрды жуасыған пішінде,
Алақаннан ас беретін туды күн.

Төртінші рет кездестірген аң мұны,
Ашу емес, қуаныштан қарғыды.
Қой етіне тойып алып, әйелдің
Тізесіне басын қойып қалғыды.

Ептілікпен осы сәтте қас - қағым
Әйел оның мұртын жұла бастады.
Үш - төрт тал қыл - ерлігінің жемісін,
Анасының алдына әкеп тастады.

Риза болған анасы айтты: "Ал, міне,
Айлалыға алдырмайтын қалды не.
Үйіңе бар, жұбайыңның тілін тап.
Ол соншама жолбарыстан кәрлі ме?!

Орныменен таба білсең қолданыс,
Жылуың мен мейірімің - ол да күш.
Дәл осындай отырғанын ұмытпа
Әр еркектің ішінде бір жолбарыс...


Скачать


zharar.kz