Арқан тарту
Аумағы үш - төрт метрлік шеңбер сызылады да, сызықтың екі басына бір - біріне арқасын беріп ек бала шығады. Оларды белдерінен байлаған арқан жалғастырып тұрады. Ойыншылар еңкейе тізелерін бүгіп, бастаушының бұйрығына дайын тұрады.
Белгі берілген кезде әрқайсысы қарсыласын сүйреп, шеңбердің сыртына шығаруға құлшынады. Қарсыласын шеңберден шығарғаны жеңеді. Белгі берілмей тұрып сүйретуге, қолды жерге тіреуге болмайды. Бұл шартты бұзған ойыншы жеңілген болып есептелінеді.
Ойын балалардың айла - амалын арттырып, күш - қуатын жетілдіре түсуге бағытталған.
Теке - тірес
Жерге не еденге аумағы екі - үш метрлік шеңбер сызылады. Ойынға қатысушылар сол шеңбердің ішінде екі - екіден күш сынасады. Олар қолдарын артына ұстап, иықпен, кеудемен тіресіп, қарсыласын шеңберден шығарып жіберуге тырысады. Қайсысы шеңбердің шетін басып кетсе немесе шеңбердің сыртына шығып қалса, сол ұтылады. Ал, жеңімпаз келесі ойыншымен айқасады. Ойын осылай жалғаса береді. Ойын балалардың айла - амалын арттырып, күш - қуатын жетілдіре түсуге бағытталған.
Қарсақ
Ойынға он шақты бала қатысады. Ашықтау жерге топтасып, өз араларынан бір баланы қарсақ етіп белгілейді. Қарсақ тұрған жерінде қозғалмай қала береді де, басқалары одан әрірек кетіп қалады. Содан кейін ойынға қатысушылар қарсақты алыстан қоршап, бірте - бірте жақында түседі. Таяп келіп:
Мына тұрған кім? – деп, шошынғандай, бірін - бірі сұрасады. Біреуі:
Ойбай, бұл қарсақ қой! – деп, тұра қашады.
Қалғандары да:
Қарсақ біреуін ұстап қалу үшін тұра қуады. Кімді ұстаса, енді сол қарсақ болады да, ойын солай жалғаса береді.
Ойын баланы тапқырлыққа, батылдыққа, жылдамдыққа баулиды.
Ақ серек, көк серек
Ойын ашық алаңда өтеді. Ойынға қатысушылар екі топқа бөлініп, бір - бірлерінен он - он бес метрдей қашықтықта қол ұстасып, қаз - қатар тізіліп тұрады. Ойынды бастаушы топ:
Ақ серек, көк серек,
Бізден сізге кім керек? – дейді.
Екінші топтық балалары өздері қалаған бір баланың атын атайды. Сол кезде аты аталған бала өз тобынан шығып, екпіндей жүгіріп келеді де, қарсы топтың тізбегін үзіп өтуге тырысады.
Егер үзіп кетсе, бір баланы жетектеп апарып, өз тобына қосады. Үзе алмаса, өзі сол топта қалып қояды.
Одан кейін ойынды екінші топ бастайды. Осылайша ойын кезекпен жалғаса береді. Қай топ өз ойыншыларынан көп ажырап қалса, сол жеңілген болып танылады.
Ойын баланы батылдыққа, жылдамдыққа баулиды.
Абдрахман Асылбектің "Балғын балалық" кітабынан алынды.
Толық нұсқасын қарау