Емшек сүті – табиғат берген ғажайып және сәби өмірінің алғашқы айларындағы ең мінсіз қорек. Оның құрамында өсу мен даму үшін қажетті барлық компоненттер бар: қоректік заттар, қарсы денелер, ферменттер және ең маңыздысы ақуыздық байланыстар. Дәл сол ақуыз негізгі құрылыс материалы болып табылады, жасушалар, ферменттер мен гормондар сол ақуыздан тұрады. Сәби өзін қауіпсіз сезінуі үшін анасымен тығыз байланыс орнату маңызды, ал емізу — шақалақпен байланыс орнатудың ең жақсы тәсілі.
Табиғат бар дүниені үйлестіріп жаратқан. Әр ана баласына ең үздігін бере алады. Емшек сүтінің формуласы ана + бала жұбының әрқайсында айрықша және әр баланың үнемі өзгеріп отыратын дербес қажеттіліктеріне мүлтіксіз бейімделеді. Мұндай композицияны жаңадан ойлап табу немесе қайталау мүмкін емес!
Сәбидің әлі толық қалыптаспаған ас қорыту жүйесі жақсы сіңіре алатын ақуыз дәл осы емшек сүтінде мол.
Сәби өмірінің алғашқы жылында жоғары сапалы ақуыз неліктен үлкен маңызға ие?
• Тұрақты өсу — тым тез немесе тым баяу емес — бұл балаңызға нағыз керегі. Сәбиге сүтпен берілетін ақуыз оның физикалық өсуі мен салмағына әсер етеді.
• Жоғары сапалы ақуыздар ас қорыту жүйесін демейді және сәбидің жетілмеген мүшелеріне түсетін салмақты азайтады.
• Медициналық зерттеулердің нәтижесі бойынша, кейбір жоғары сапалы ақуыздар аллергия даму қаупін төмендетуге көмектесе алады.
• Жоғары сапалы ақуыздар сәбидің табиғи иммундық жүйесін нығайта алады. Олар сәбидің ішегіндегі бифидобактерияларға жайлы орта қалыптастыруға көмектеседі.
• Ақуыз мөлшері сәбидің болашақ денсаулығына әсер етуі мүмкін екенін сарапшылар жақында анықтаған екен. Қажетті мөлшердегі ақуыз баланың мектеп жасында семіру қаупін төмендетеді.
Емшек сүті ақуызының қандай ерекшеліктері бар?
Емшек сүтінде көп мөлшерде сарысу ақуызы, аз мөлшерде казеин және қорыту процесін жеңілдететін жартылай ыдыратылған ақуыздар мен ферменттер болады. Сарысу ақуызы асқазанда тамаша қорытылады, ал оның емшек сүтіндегі казеинмен ара қатынасы 70 30 - ды құрайды. Ақуыз құрамына кіретін аминқышқылдар деңгейі емшек сүтінде үйлесімді. Осылайша, емшек сүтінің ақуызы сәбиге арналған үйлесімді мөлшерімен, сонымен қатар жоғары сапасымен ерекшеленеді. Дәл сол себепті сәбиге ана сүтінен асқан нәрлі тағам жоқ.
Алайда емшек сүті жеткіліксіз немесе тартылып қалған жағдайлар кездеседі. Мұндайда сәбидің қарны тоймай мазасыздануы мүмкін, бұған қоса салмақ қоспау және дамуда кенже қалу қаупі бар. Көп жағдайда жас аналар емшек сүтін сиыр сүтімен алмастырып жатады. Олар екі сүттің құрамының бір екеніне сенімді.
Сиыр сүтінің сәби ағзасына әсері қандай?
Табиғи сиыр сүті өсіп келе жатқан бала үшін пайдалы әрі нәрлі заттектердің қайнаркөзі деп есептеледі. Расымен, сиыр сүтінде пайдалы және нәрлі заттектер көп — бірақ туа салып бірден аяққа тұрып кетуі тиіс бұзау үшін, ал сәбидің нәзік ас қорыту жүйесі үшін сүт құрамы тым күрделі.
Екі жасқа толмаған балалар үшін сиыр сүті несімен қауіпті?
Сиыр сүтінде сарысу ақуызының казеинмен ара қатынасы 20 80 - ді құрайды, ал ақуыз мөлшері - емшек сүтінен 3 есе артық! Бұл сәбидің нәзік ас қорыту жүйесі үшін зілдей піл сияқты. Сәби рационында ақуыздың шамадан тыс мөлшері зат алмасудың бұзылуына, тез өсуге және семіруге әкелуі мүмкін.
Минералды заттектердің мөлшері сәбиге қажетті мөлшерден айтарлықтай көп. Минералды заттектер бүйрек жұмысын қиындатады, ал шамадан тыс ақуыз қандағы инсулин деңгейін арттырады.
Сиыр сүтінің құрамындағы ақуыз — ең мықты аллергендердің бірі.
Сондықтан емшек сүтін сиыр сүтімен алмастыру және қаймағы алынбаған сиыр сүтімен 2 жасқа дейінгі сәбилерді тамақтандыру ұсынылмайды. Анасы сәбиіне бере алатын ең үздік азық — бұл емшек сүті!