Фариза Оңғарсынова өлеңі
Ағалар
Ағалар асқар
тауым ғой
асқақтап тұрған көк тіреп,
Жабықтырғанда
дауылды ой,
мандайымнан
менің өтті кеп.
Ағалар барда
демеген -
бәрінен биік
шоқтығым,
еркелеп өстім
неге мен,
әкенің сезбей
жоқтығын?
Жолаушы кетсе, тұнжырап,
апамнан сұрай беріппін,
алдынан шықтым құлдырап,
лағындай боп
еліктің.
Білінбей жоқтық,
кем - кетік,
елдей ем өзім
рулы.
"Беремін,-
дейтін,- жеңге етіп
саған ұнаған сұлуды".
Өтіпті зулап
жылдарым,
кетіпті тулап
күндерім,
сусын ғып әлі
жүр жаным
мейірімнің сонау
күн демін.
Бар екен Жерде
тамыздар,
қабақтар шашқан
қар - ызғар,
өтелмей жүрген
парыздар,
берілмей жүрген
қарыздар.
Тосар да қайғы
кемірген,
солқынар нәзік денем де,
ұмтылам
бірақ сеніммен
ағалар барда мен
өрге.
Ағалар барда нұры айбын,
шыдаймын құздай сындарға,
Сынбаймын, өзім
Күн, Аймын,
аспаным болып
шығанда -
ағаларым аман тұрғанда!
Теңіз аласапыран
Теңіз аласапыран
тұра қашып, көктегі жасқанды бұлт,
күркірейді жағада тас жаңғырып.
Дауыл құшқан толқындар өршелене
шапшиды аспанды ұрып.
Толқындарда толас жоқ,
байсалдылық бұрынғы былай қалып
(әлдекімді, әлде өзін сынайды анық),
арыстандай тордағы аласұрып,
құлайды шыр айналып.
Шыдатпайды теңіздің бұл сынағы,
құлағыңды шулатып тылсым әні.
Қалтылдаған желқайық жел өтінде
толқынға тұншығады.
Тыныштықпен күн кешпей жай жылымда,
белді буып ағысқа, қайғы - мұңға,
ақ желкен боп барамын тағдырымның
дауылды айдынында!