Дінтану пәнінің тәрбиелік маңызы
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2011жылғы №511 бұйрығына сәйкес, оқушылардың дін туралы саяси - мәдени білімдерін қалыптастыру мақсатында мектептердің 9 сыныбына, Ғарифолла Есімнің авторлық ұжымымен жазылған Дінтану негіздері курсы жүргізіледі.
Пәннің міндеттері:
1. оқушыларды әлемдік және дәстүрлі діндердің және конфессиялардың тарихымен, олардың қазіргі қоғамдағы рөлімен таныстыру.
2. діннің танымдық - дүниетанымдық психологиялық - педогогикалық аспектілерін ашу.
3. әлемдік және дәстүрлі діндер ілімінің негізгі гуманистік жағдайын және негізін түсіндіру.
4. деструктивтік діни культтардың, діни және экстремистік ұйымдардың идеологияларын қабылдамау ұстанымдарын қалыптастыру.
5. оқушылардың белсенді азаматтық көзқарастарын қалыптастыру.
Дегенмен пәннің танымдық мәнімен қоса, оның тәрбиелік мәніне баса көңіл аударудың маңызы зор. Оқушыларға ең алдымен діннің анықтамаларына мән беруден бастаған дұрыс. Мысалға айтатын болсақ Дін адамды туралық пен әдемілікке жетелейтін жол , Дін адамның өмірін тәртіпке келтіретін жүйе , Дін адамды шындыққа жеткізетін жарық , ислам ғалымдары Құран мәтініне сүйене отырып Дін дегеніміз ақылды адамдарды өз қалаулары бойынша ізгілікке бастайтын құдайлық заңнама , Дін адамдарды тек игілікке, жақсылыққа бағыттайтын заңнама ретіндегі іс әрекеттер жиынтығы. Сонымен бірге дін қоғамның тәртіпті, бақытты болуына әсер етеді. Дін адамның жүріс тұрысын, мінез құлқын, ішкі жан дүниесін реттейді.
Тақырыптарды зерделеу барысында түрлі кездерде пайда болған ежелгі Рим, Грек, Иран, Конфуций ілімі, Христиан діні, даосизм, синтоизм, ілімдерінің барлығында адамдарды бауырмалдыққа, мейрімділікке, қайырымдылыққа, адалдыққа шақыратын ортақ құндылықтар бар екендігіне оқушылардың көзі жетеді. Аталған қасиеттердің барлығы әр адамның бойында бар екендігін түсіндірумен қатар, сол қасиеттерді әркімнің өз бойында жетілдіре білуіне басты назар аударылады. Алла тағала өзінің бір аятында Мен сендерді бір біріңді тану үшін бір еркек бір әйел қылып жараттым және ұлтқа бөлдім деген екен. Егер осы сөзді ақылға салатын болсақ бір еркек бір әйел заңдылық, ал ұлтқа бөлдім деген сөзден әр ұлттың салт санасына қарай таным түсінік қалыптасатынын көруге болады. Біздің ата бабаларымыз дінді тереңінен зерттеп мол тағылымын өзінің салт санасына, дәстүріне сіңіре біліп өзінің ұрпақтарына ана сүтімен, тәлімі мол істерімен дарыта білген. Қазақ халқының салт санасы, дәстүрі, құран ілімін терең меңгерген ғұлама, данышпандарымыздың нақыл сөздерінің, халық даналығының барлығы адамды бауырмалдыққа, мейрімділікке, инабаттылыққа, кішіпейілділікке т. б. жақсы қасиеттерге үйретеді.
Мысалы: Ата ананың қадірін білмеген халық қадірін білмес , Ары жоқтың ақылы жоқ , Ақыл, қайрат жүректі бірдей ұста
Сонда толық боласың елден ерек - дейді Абай атамыз.
Б. з. б. Қытай ғұламасы Конфуций Өзің ұнатпағаны өзгеге істеме десе Пайғамбарымыз хадисінде: Өзіңе не тілесең, әуелі оны басқалар үшін қыл , ал қазақ атамыз Өзі түгіл дұшпанына жамандық тілемеуді ұрпағына аманат еткен. Абай атамыз Алланың адам баласына дінді түсірудегі мақсаты – құлдарының жолдан адаспауы үшін, бір бірімен ізгілікте, татулықта өмір сүрулері үшін болды дейді.
Шәкәрім Құдайбердіұлы:
Әлемдегі діндердің түп мақсұты,
Үш нәрседе бұлжымай құшақтасар:
Құдай бар, ұждан дұрыс, қиямет шын,
Еш діннің мақсұты жоқ мұнан асар.
Дін адамды бір бауыр қылмақ еді,
Оны бөліп, дұшпандық қару жасар.
Інжіл, Құран бәрі айтып тұрса дағы,
Мағынасына адасып қара басар.
Сөйтіп бұзып, бүлдіріп есіл дінді,
Дін десе білімділер тұра қашар.
Ешбір дін өйтіп дұспан бол демейді
Қанеки бұл сөзіме кім таласар? Деп тұжырым жасайды.
Қазақта мынандай сөз бар Таза ақылмен таппаған дін, шын дін емес, жындылық - деген.
Абай атамыз:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сенде сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп
Және осы хақ жолы деп әділетті.
Осы үш сүю болады имани гүл.
Иманның асылы үш деп сен тахиқ біл! дейді.
Осындай дана сөздердің мағынасын аша отырып, түсіндіре отырып діннің түп мақсатын ашуға тырысамын. Алғашқы Дінтану сабақтары басталған кезде оқушылардан діннің не керектігін сұрағанымда Жұмаққа бару, о дүниеде жақсы өмір сүру, күнәдан арылу, мына өмір жалған деген сөздерді естідім. Қазіргі кезде оқушылар ол ойдан арылып өзін өзі тәрбиелеу керектігін түсінгендіктері қуантады. Сонымен қоса алғашқы кезде елімізге түрлі секталардың өтірік қайырымдылық пердесін жамылып дендеп кіріп алып, қазіргі таңда өз жұмыстарын жастар арасында белсенді жүргізіп отырғандығы көңіл көншітпейді. Осыған байланысты әр сабақта осының алдын алу мақсатында үнемі адамгершілік, мейірім, адалдық, отанды сүй сияқты негізгі қағидаларды басшылыққа ала отырып түсіндірме жұмыстары, пікір алысулар өткізіп, өзіміздің ұлттық дәстүрімізді, дінімізді сақтауды айтып отырамын. Сан ғасыр сусындаған, талай еліміздің қиын қыстау кезінде қалқан болған, 1000 жылдан бері жасап келе жатқан дінімізді, дәстүрімізді 1 жыл қалада немесе 5 жыл жырақта оқыған біреу келіп біз адасып жүріппіз деп насихат жүргізуі ақылға қонымсыз, қазақ ұлтына төнген қауіп деп білемін. Оқушылар арасында иманға бет бұрдық деп кейінгі кезде сабақ үстінде жұма намазға сұранып жүргендер де кездесті. Пайғамбарымыз: Бір сағат білім үйрену, бір күнгі құлшылық етуден жақсы деген екен. Білімнің маңыздылығын түсіне біліп соған жүрекпен бойсұнған адам - ақылды дер едім.
Сөз қорытындысында айтарым Пайғамбарымыз: Алла тағала сіздің ниетіңіздің дұрыстығына қарайды деген екен. Ниетіміз дұрыс болсын ағайын.