Негізінде гормоналды дәрілерді бала емізіп жүргенде қабылдау зиянды

Скачать

Гормоналды дәрілердің пайдасы мен зияны
Әлемде миллиондаған әйел гормоналды дәрілерді қолданады. Бүгінде фармацевтика қарыштап дамуының арқасында, бұл тек контрацептив емес, басқа да функциялары көп препаратқа айналған. Гормоналды таблеткалар туралы кең тараған мифтерді бірге талқылайық.

1. Гормоналды дәрілер ең бастысы денсаулыққа зиян. Алайда, оның әсерін дұрыс немесе бұрыс деп кесіп айту қиын. Әйелдерге ақ халатты абзал жандар тарапынан гормоналды препараттарды жүктіліктен сақтанудың бір әдісі ретінде кеңес беріледі. Кей жағдайда тіпті, гормон жетіспеушілігі байқалған әйелдерге жанама ем ретінде пайдалануға рұқсат етіледі. Сол себептен ол әркімге әрқалай әсер етеді. Бірінің денсаулығы нашарлап кетсе, пайдаланған екінші адамның керісінше дені сауығып кететін жағдайлар болады. Дегенмен, бұл препарат өз функциясын 100 пайызға орындап, жүктіліктен сақтайды.

2. Егер дәрі менің құрбыма сәйкес келсе, ол маған да жаға ма?
Гормоналды препарат арнайы рецептпен ғана пайдаланатын нәрсе екенін ескеріңіз. Өйткені, оның түрі көп. Дәл сізге оның қандай түрі жағатынын медициналық тексеруден кейін ғана белгілі болады. Яғни, дәрігерлер тарапынан әрбір әйелдің денсаулығына байланысты оның қандай түрін қолдану керектігі туралы жеке шипалық кеңес беріледі. Дәрі қабылдаған уақытта қант, қан құрамын жіті тексертіп, гинекологтың бақылауында болыңыз. Құрбыңыз тап болмаған кеселге, сіздің тап болмауыңызға ешкім кепіл бере алмайды. Сондықтан құрбыңыздан көріп оны өз бетіңізше пайдаланбаңыз.

3. Гормоналды дәрілерді 20 жасқа толмағандарға пайдалануға болмайды деген пікір бар.
Алайда, бұл негізсіз. Гормоналды дәрілерді бойжеткендер де қолдана алады дейді дәрігерлер. Тек олар гормон мөлшерлері аздау арнайы препараттарды қабылдағаны жөн. Кейде гинекологтар бойжеткендерге жүктіліктен қорғану үшін емес, басқа емдік мақсаттарда препараттарды жазып беретін жағдайлар болады.

4. Гормоналды препараттарды пайдаланғаннан кейін ұзақ уақыт құрсақ көтере алмауым мүмкін бе?
Мұнда көбіне керісінше жағдай орын алады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, дәріні пайдалануды тоқтатқан алғашқы айларда әйелдердің құрсақ көтеру белсенділігі 1, 5 - 2 есеге жоғарылап, егіз немесе үшен дүниеге әкелу мүмкіндігі артады.

5. Бірнеше жыл үздіксіз ішкен дәріні 1 айға тоқтатып, одан демалу қажет пе?
Бұл жансақ пікір. Ағзаны демалдыру үшін оны тоқтату немесе дәріні одан әрі жалғастыра беруден ешқандай өзгеріс болмайды. Дәрігер кеңес берген дәрі ағзаға жағып жатса, климакс келгенше қолдана беру керек.

6. Гормоналды дәрілерді бала емізіп жүрген аналарға қабылдауға бола ма?
Негізінде гормоналды дәрілерді бала емізіп жүргенде қабылдау зиянды. Әлбетте, бала емізіп жүрген аналарға арналған гормон мөлшерлері аз (мини - пили) деген дәрілер бар. Тек, оны емізер алдында ғана ішу керек. Дәрі пайдаланудың ерекше қағидасы да бар. Әр қабылдаудың арасы тура 24 сағаттан болуы тиіс. Қабылдау тізімі сәл ғана ауысып кетсе ол өз қызметін бəсеңдетеді.

7. Гормоналды дәріден салмақ қосыла ма?
Ол адам ағазасына тікелей байланысты. Кейбірінің тамаққа тәбеті артса, кейбірінікі керісінше әлсірейді. Ем қабылдамай тұрған адамға нақты жауап беру мүмкін емес нәрсе. Дененің толысуы препарат құрамындағы заттарға байланысты. Тек бұдан шығар бір ғана амал бар. Нақтырақ айтсақ, салмақ қосқаныңызды байқасаңыз дәрігерге қаралып, гормон мөлшері аз дәрі пайдаланған абзал. Арнайы зерттеу нәтижесіне қарасақ, дәрі қабылдаған әйелдердің 5 - 7 пайызы алғашқы жылы ғана 2 кг - нан салмақ қосқан. Ары қарай, сол қалыпта сақталған екен.

8. Ағзаны улағанша Постинор сынды жедел контрацептив ішкен дұрыс болар?
Бұл жыныстық қатынас туралы тәжірибесі аз бойжеткендер арасында орын алатын қателік. Постинор сияқты дәрілердің құрамында 1 айда 30 күн қатарынан ішіп жүрген гормондар бар. Демек, 30 күн ішетін дәріні 1 күнде ішіп алып, денсаулығыңызды құртып аласыз.
Оның зардаптары мынадай: етеккір циклі бұзылады, жыныстық қатынасқа деген белсенділік төмендейді, бауыр - бүйректің ісінуіне әкеп соқтырады, бала көтере алмайтын жағдайға жеткізеді.

9. Гормоналды препараттардан бетті безеу басып кетпей ме?
Көп жағдайда керісінше, безеуден көз аша алмайтын адамдар үшін безеуден құтылатын емдік жол ретінде пайдасы мол.

10. Гормоналды дәрілерден денеге жүн қаптап кетеді мыс.
Мұндай проблемамен бұрын біздің аналарымыз күрескен болар. Қазіргі заманғы медициналық гормоналды препараттар мұндай кемшіліктерден ада.

11. Гормоналды дәрілерді ішкен сайын, етеккір циклі өзгеріп, кей кездері тіпті келмей қалады.
Бұл олай емес. Дәрігерлер соның көмегімен цикл бір арнаға тұрақталып, мазалап жүрген сырқаттар бәсеңдейді деген пікірде. Екінші жақтан, бұл сұрақтың мәні зор. Дәріні қабылдап жүргендердің 2 пайызында етеккір мүлдем кешігіп келу жағдайлары кезігеді. Бұл - оның ағзанына сәйкес келмеді деген сөз.

12. Гормоналды дәрілерді көп қабылдау сүт бездері мен жыныстық жолдардағы ісік індеті қауіпін күшейтеді.
Канадалық ғалымдар жүргізген зерттеу қорытындысына назар салсақ, аталмыш дәріні үнемі пайдалану ісік індетінің қоздырғыштарын 45 - 60 пайызға төмендетеді екен.

13. Гормоналды дәрілер жыныстық жолдар арқылы жұғатын аурулардан сақтай ма?
Ол жұқпалы індеттен қорғайды дегенді алға тартатын ешқандай дәлел жоқ. Ол тек жатырдың асқынған суық тию індетінен ғана сақтап қалуға қауқарлы. Ал, жыныстық жолмен жұғатын кеселдермен күресе алмайды.


Скачать


zharar.kz