Жылдың қай мезгілінде болсын бет терісі ерекше күтімді қажет етеді. Арнайы косметика өнімдерімен қатар үй жағдайындағы күтімнің де бет терісіне өзіндік пайдасы бар. Табиғи өнімдерден әртүрлі маскалар қолдану бет терісін тазалауға, нәрлендіруге және ылғалдандыруға көмектеседі.
Бет терісі түріне қарай құрғақ, майлы, біріктірілген (комбинированный) және қалыпты болуы мүмкін. Оны анықтау үшін бетті тазартқыш құралдардың көмегімен тазалап, 3 сағаттан кейін қағаз майлықтың бірін маңдайға, тағы бірін бетке 15 секунд қойып тексеріп көруге болады. Майлықтарды салыстыру барысында екі майлықта да май дағы байқалса, терінің түрі қалыпты саналады. Майлықтың кез келгенінде май дақтары әзер байқалса, онда тері құрғақ болғаны. Немесе екі майлыққа да көп мөлшерде сіңген болса, ол майлы тері болып табылады. Егер қағаз майлықтың біріндегі май дағы екіншісінен көбірек болса, тері түрі біріктірілген болып табылады. Ендеше бетке косметика өнімдерін немесе маскаларды терінің ерекшелігіне сәйкес қолдану қажеттігі айтпаса да түсінікті.
Бет терісі күтіміне алмадан жасалған маскалардың пайдасы мол.
Алмадан жасалған дәруменді маска. Үккіштен өткізіліп ұсақталған алманы бетке жағып, 20 минут ұстау қажет. Сосын салқын сумен жуып тастайсыз. Егер теріңіз құрғақ болса, алдын - ала крем жаққан жөн.
Тазартқыш маска. Алманы үккіштен өткізіп, оған жұмыртқаның сарысын қосу керек. Масканы 20 минут бетте ұстап, сосын жылы сумен жуасыз.
Нәрлендіретін маска. Алма мен сәбізді үккіштен өткізесіз. Бетке жағып, 20 минуттан соң салқын сумен жуу қажет.
Жұмсартатын маска. Алманың жартысын, асқабақтың аздаған бөлігін ұсатып, оған 1 ас қасық бал, 1 ас қасық сүт пен аздаған лимон шырынын араластырып, дайын болған масканы 20 минут бетте ұстау қажет. Сосын жылы сумен шаю қажет.
Сергіткіш маска. Алманы үккіштен өткізіп, ыстық сүтке араластырып, 30 минут бетін жауып қоясыз. Дайын болған соң бетке жағып, 30 минуттан кейін жылы сумен жуасыз.
Барлық теріге арналған алма шырынынан жасалған маска. Алманы шырынсыққышпен немесе жіңішке үккіштен өткізіп, шырынын мақтаға немесе дәкеге сіңіріп, уақыт бетке қою керек. 20 минуттан соң салқын сумен жуу қажет.
Қысқа арналған маска. Сұлы ұнына үгілген алманың шырыны мен аздаған сүт қосып араластырасыз. Дайын болған қоспаны бетке жағып, 30 минуттен соң жылы сумен тазартасыз.
Жазға арналған маска. Үккіштен өткізілген алмаға 2 шай қасық бал қосып, араластырасыз. Дайын болған масканы 20 минут бетте ұстап, жылы сумен жуып тастау қажет.