Атамнан басталар, Әжеммен қосталар

Скачать

Мақсаты: "Қуаныш","бақыт","қамқорлық","шаттық" құндылықтарының мәнін түсіндіру.
Міндеттері:
- отбасында үйлесімді қарым - қатынас жасауға үйрету;
- отбасы мүшелеріне қамқорлық, жанашыр сезімдерін дамыту;
- отбасындағы өзара сыйластыққа тәрбиелеу.
Іс - әрекеттің көрнекілігі:
Интерактивті тақта, үлестірмелі суреттер, конверттер, хаттар және видеоролик.

- Сәлеметсіздер ме, балалар!
Келген қонақтармен амандасайық.
Қуан! Шаттан! Алақай!
Қуанатын күн келді!
Сәлеметсіздер ме!?

- Ал, балалар, тұрайық,
Шаттық шеңбер құрайық.
Атамнан басталар,
Әжеммен қосталар.
Отбасым мыналар:
Ең жақын адамдар
Әкем мен анам бар,
Бір туған ағам бар,
Бір туған апам бар...
Бәрін жақсы көремін
Еркелеймін еремін!

Оқушылар тәрбиешімен бірге өлең шумақтарын қайталайды.
- Өте жақсы, орнымызға отырайық.

Ата, әже, ана, әке туралы өзімізге таныс, білетін тақпақтарымызды айтайық.

Әсел:
Мені жақсы көреді,
Күндей күліп келеді.
Көп ертегі біледі,
Маған айтып береді.

Парасат:
Әке – асқар тау,
Ана – ағып жатқан бұлақ.
Бала – жағасындағы құрақ.

Арсен:
Атамның алып күрегін,
Ауланың қарын күредім.
Әжеме мен құдықтан
Су әкеліп беремін.
- Келесі тақпақты мен айтамын, ал, сендер жауабын табасыңдар.
Көзі, өзі, басы, аяғы, қолы кіші.
Өзіме ұқсайды түсі,
Бірақ жоқ аузында тісі.
Бұл кім бөтен?
- Бөпем

- Енді экранға қарайық. Кімдерді көріп тұрмыз? Бір сөзбен отбасы деп атаймыз.
- Сендердің отбасыларыңда кімдер тұрады?
Сұрақтарға жауап береді.

Әңгімелеу: "Бір ананың алты қызы"
- Сендер аналарың алыстан келгенде қандай сезімде боласыңдар?
Балалардың жауаптары.

- Отбасы - үлкен қуаныштың, қамқорлықтың, бақыттың ортасы екен. Бала отбасында жақсы тәрбиеленсе, өскенде әдепті, ақылды азамат болып өседі. Қашанда отбасы мүшелеріне көмектесу, үлкендердің айтқанын тыңдау әр баланың қолынан келеді.
Мұқият тыңдайды.

Дәйексөз
"Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің"
Сергіту сәті.
Бәріміз бірге тұрып - ап,
Табаққа ұнды үйеміз.
Жұмыртқа қосып, суменен,
Қамыр илеп аламыз
Анамыз үшін бірақ та,
Ұмыттық нені қосуды?
Қуаныш!
Шаттықпен қамыр иледік,
Қуаныш оған қосылды
Әкеміз үшін бірақ та,
Ұмыттық нені қосуды?
Сәттілік!
Мейіріммен қамыр тәтті боп,
Бақыттың дәмін тосамыз.
Мейірімге нені қосамыз?
Ісіміз сондай сәтті боп,
Бал күлкіні қосамыз!

- Балалар, бәрін араластырдық, енді аспазға беріп жіберейік.
Өзіммен өзім.
Балалар көздерін жұмып, өздеріне жақын адамдарды елестетеді.
Тәрбиеші:
- Кімдерді елестеттіңдер?
- Әсел сен кімді елестеттің?
- Диана, сен ше?
- Бекарыс, сен кімдерді елестеттің?

Өз ойларын айтып береді.

Ендеше, балалар, алыстағы жақын адамдарыңнан сендерге хат келді, мен оқып беремін.
(екі не үш хатты оқып беремін)
Балалар өздеріне келген хаттарды тыңдайды.
Тәрбиеші:
- Балалар, біз бүгін отбасы туралы қандай ғажайып сөз үйрендік?
Отбасы ненің ортасы екен?
Балалар:
- Қуаныш, шаттық, мейірімділік, сүйіспеншілік.

- Алыстағы ата - әжелеріңе, апаларыңа, туыстарыңа хат жазғыларың келе ма?

- Иә, жазғымыз келеді.

Экрандағы суреттердің сипаттарын айтып беремін. (күн - жылулық, гүл - әдемілік, көгершін - татулық, жүрек - жақсы көру, сүю, ағаш - денсаулық)
Суреттердің нені білдіретінін мұқият тыңдап алады.
- Сендер кішкентайсыңдар, өз беттеріңше хат жаза алмайсыңдар. Сондықтан осы суреттер арқылы өздеріңнің айтатын ойларыңды білдіресіңдер.

Суреттерді алдын ала дайындап қойған конверттерге салады.

Міне, сиқырлы поштаға жазған хаттарымызды да салдық.
Біздің үйден ән тарап,
Думандатар өмірді.
Біздің үйде салтанат,
Біздің үйде көңілді.
Балалар дөңгелене тұрып, өлең шумақтарын тәрбиешімен бірге айтады.

Есік қағылып, аспазшы келеді.
- Міне, балалар, біз дайындаған "Бақыт" дәмі де келіп қалды. Қонақтарымызбен бірге "бақыт" дәмін татайық.
Балалар ғажайып сәтті қуана қабылдайды.

- Апамызға арнап өлең айтып берейік.
Іс - әрекет соңында "Апам үшін" әнін айтады.

Бүгінгі ұйымдастырылған ашық оқу іс – әрекетіне өте жақсы қатынастыңдар, сендерге көп - көп рахмет.


Скачать


zharar.kz