Еңбек ерлікке бастайды еңбек ардагерімен сыр сұхбат
сыр сұхбатты жүргізген 6 сынып жетекшісі Гүлназ Айтжанқызы Әжібаева
Мақсаты:
а) Ардагерлер жолын оқушыларға үлгі ету. Олардың әңгімесінің мәнін ұғына білуді, үлкендерді сыйлауды, құрметтеуді, атаның батасын, ананың алғысын ала білуді үйрету.
ә) Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, сөйлеу тілдерін дамыту. Белгілі бір мамандыққа баулу. Өзін – өзі ұстау әдебіне қалыптастыру.
б) ерен еңбегімен ел есінде қалған жерлестер есімін келешек ұрпаққа ұмыттырмау. Олардың ел жадындағы ерен еңбектерін көпшілікке ұсыну болғандықтан алғашқы кейіпкері етіп денсаулық саласының үздігі болып отыр.
Армысыздар көрермендер, қымбатты оқушылар! Көңіл – күйлеріңіз қалай, жақсы ма? Бугін лицейде Еңбек ерлікке бастайды тақырыбында сыр сұхбат! Балалар білесіздер ме ардагер сөзін кім қалай түсінеді? Ардагер — құрметті, ардақты, қадірлі адам деген мәнді білдіретін этикалық ұғым. Ел қамын ойлап, намысын қорғаған, елеулі еңбек сіңірген абыройлы адамды халық ардагері деп жоғары бағалайды. Жеке адам қоғамда ерекше істерімен, ақыл - парасатымен, адамгершілік асыл қасиетімен, беделімен жұртышылыққа танылғанда ғана ардагер болады. Қазіргі кезде еңбек ардагері, соғыс ардагері деп атаймыз. Олай болса, бүгін 28 қыркүйек – Еңбек күніне орай өткізіліп жатқан шарамызға сіздермен сыр сұхбаттың қонағы еңбек ардагері ақ халатты абзал жан Барахат ағаны қошеметпен ортаға шақырамын!
Қош келдіңіз, Барахат аға! Сіздің көңіл – күйіңіз жақсы ма? Балалармен кездесуге дайынсыз ба? Ендеше бастамас бұрын өзіңіз туралы жазылған экрандағы анықтамаға назар аударалық! ( слайд - презентация)
Барахат Тоғжанұлы Абаев 1942 жылы Түпқараған ауданы Таушық ауылында дүниеге келді.
1965 - 1971ж Ақтөбе медицина институтын (қазіргі Батыс Қазақстан медицина академиясы) бітірді.
1965 – 84 ж. Маңғыстау аудандық ауруханасында хирург - дәрігер, бас дәрігер, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды.
1985 – 99 ж. Бейнеу аудандық ауруханасының бас дәрігері,
1999 – 2006 ж. Бейнеу аудандық ауруханасы Мемлекеттік қазыналық кәсіпорынның бас дәрігері, аудандық Денсаулық сақтау саласының үйлестірушісі болды.
2006 жылдан бастап Бейнеу аудандық емханасы мемлекеттік қазыналық кәсіпорынның бас дәрігері.
Марапаттары: Астана медалі (1998), ҚР - ның Денсаулық сақтау ісінің үздігі белгісі (2000), Шапағат медалімен (2001) марапатталған.
Құрметті аға сізге балалар тапсырмалар мен сұрақтар қояды, соны орындаймын деген уәдеңіз керек? Уәде бересіз бе? Ал, ендеше басталық! Сұрақ балалардан, алғашқы оқушының сұрағы қойылады.
Оқушылар кеш қонағына мынандай сұрақтар қойды.
Сұрақтар:
1. Балалық шақтан есіңізде не бар?
2. Туған жер сізге несімен ыстық?
3. Жас кезіңізде қандай болдыңыз?
4. Еңбек еткен жылдары есіңізде қалған қызық оқиға?
5. Балаларыңыздың ішінде ерекшелейтініңіз бар ма?
6. Бала кезіңізде қандай ойын түрлерін ойнадыңыз?
7. Дәрігер мамандығын не себепті таңдадыңыз?
8. Осы уақытқа дейін қанша операция жасадыңыз?
9. Мектепте қандай пәнді ұнаттыңыз?
10. Алғашқы ұстазыңыз кім еді?
11. Сіздің мінезіңіз қандай болды?
12. Балдармен төбелестіңіз бе?
13. Қазіргі жастар қандай?
14. Ән салып беріңізші?
15. Мамандықтың басқа түрін таңдар ме едіңіз?
16. "Жақсы дәрігер ауруды жазады, жаман дәрігер ауруға ауру қосады" деген мақалды қалай түсінесіз?
Тапсырма:
1. Аға сіз мына қағаздан бала кездегідей ұшақтың моделін жасап берсеңіз? (ақ қағаз беріледі)
2. Сізге фонендоскоп беріледі, осы құрал арқылы баланың жүрек соғысын, өкпесінде денсаулығында ақау бар ма анықтап берсеңіз? ( ортаға бір оқушыны алдырамыз)
Ал, оқушылар ағайдың орындаған тапсырмаларын қалай бағалаймыз? ( оқушылар 5 деген баға береді)
Құрметті ардагер аға, біздің сізге берілген сыр сұхбат аяқталып қалды. Бағанадан бері әр түрлі сұрақтар қойылды. Сол сұрақтардың ішінен өзіңізге ой салған немесе ұнаған сұрақтар болса сұрақ иесіне мына рамкаға қолтаңбаны жазып, беруіңізді сұраймын.
Қазірге жастар арасында смайлик деген сөзді коп қолданады. Әсіресе әлеуметтік желілерде бір - біріне көңіл күйлерін білдіру арқылы смайликтерді жіберіп жатады. Ағылшын тілінде смайл - күлкі дегенді білдіреді. Олай болса, сіз осы сұхбаттан алған көңіл күйіңізді, оқушылардан алған әсеріңізді осы смайликтер ішінен біреуін таңдап алып көрсетсеңіз! ( ардагер жымиған смайликті таңдады)
Ел тыныш, жүріп жатсыз ортамызда
Құрметпен қол жаямыз батаңызға
Шүкір дейді ақ шашты ардагерлер
Айналар өмірі үлгі, аты аңызға.
2. Батаменен ер көгерер (ардагер ағадан бата сұрау)
Міне балалар, бүгінгі сіздермен өткен сыр сұхбат аяқталып қалды. Бүгінгі кездесуден үлкен әсер алдыңдар деп ойлаймын. Кездесуге қонақ болып келген Барахат атамызбен естелікке суретке түсуге шақырамын. Ал, аға сізге ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тілейміз! Алтын уақытыңызды аялап келгеніңіз үшін мың алғыс айтамыз!
Еңбек ардагері дәрігер - хирург денсаулық сақтау ісінің үздігі Барахат Тоғжанұлымен сырласудан естелік