Бүгінгі Тәуелсіздік шежіресі тақырыбындағы тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер

Скачать

Тақырыбы: Тәуелсіздік шежіресі
Мақсаты:
1. Оқушылардың бойында Қазақстанның өткені мен бүгінгі өмірін салыстыра отырып, өз еліміздің даму тарихы туралы танымдарын қалыптастыру. Ұлттық сана сезімін, саяси сауаттылығын ояту.
2. Қазақстанның болашақ дамуына өзіндік үлес қосатын
жеке тұлға екендерін ұғындыру.
Оқушы бойында саналы тәртіп, сапалы білім алуға дұрыс көзқарас қалыптастыру. Қоғамның бір мүшесі ретінде адам өмірі мен жақсы тұрмыстық құндылықтарын ұғындыру, жауапкершілік сезімдерін ояту.
3. Оқушылардың ізденімпаздық қасиеттерін қалыптастыру, өткен тарихқа деген қызығушылығын ояту.
Түрі: танымдық тәрбие сағаты
Әдісі: интерактивті әдіс
Көрнекіліктер: интерактивті тақта, слайд, газет - журналдар, т. б.
Мазмұны мен өту барысы:

Жоспар:
І. Ұйымдастыру. Кіріспе сөз.
ІІ. Қазақстан қандай мемлекет? (топтастыру)
ІІІ. “Ой додасы” (пікірлерін айту)
Қазақстан кеше, бүгін, ертең …
Кеше (өткен тарихқа шолу)
Бүгін
1. Біз кімбіз? (таңбалау)
2. “Елдің жастарға жасауы”
Ертең
Болашақ біздің көзімізбен
Оқушылар шығармашылығы (ой толғау, сурет, өлең, шығарма т. б.)
ІҮ. Даналар деген екен… Тәуелсіз ел туралы афоризмдер, даналық сөздер, мақал - мәтелдер
ІV. Түйін.
Әнұран
І. Кіріспе сөз
Мұғалім сөзі:
Құрметті ата – аналар мен ұстаздар. Бүгінгі Тәуелсіздік шежіресі тақырыбындағы тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!
Тәуелсіздік бізге оңай жолмен келмеді. Сан ғасырлар бойы ата – бабамыздың аңсаған арманы ел Тәуелсіздігі ата – бабаларымыздың ерен еңбектері, күш жігерлері, батырларымыздың білегімен, кешегі желтоқсанда қыршынынан қиылған қазақ қыздары мен ұлдарының қанымен келгендігін біз бүгінгі Тәуелсіздік шежіресі тақырыбында өткелі отырған тәрбие сағатымызда айтып талқылағалы отырмыз. Әрбір қазақ баласы туған елінің, Тәуелсіздігінің шежіресін, тарихын білуге тиіс. Бірде қайғылы, шерлі, бірде азат, айбынды, рухты тарихымыздағы әрбір оқиға, әрбір қанды шайқас ежелден азаттықты аңсап, азаттыққа жасаған қадамымыз болды. Осындай кішкене адымдармен, бірақ оң жолмен, азаттық жолымен қазақ елі армандаған мақсатына келе жатты. Желтоқсан оқиғасы осы бір соқтықпалы соқпақтағы ең ірі адым болды. Мың өліп, мың тірілген тәуелсіз қазақ елі өзінің алғашқы демін желтоқсан ызғырығымен алды.
Осы желтоқсанда құрбан болған жастарымызды 1 минут үнсіздікпен есімізге алайық!
1 - жүргізуші (Назым): Армысыздар құрметті ата – аналар мен ұстаздар!
2 - жүргізуші(Нұрсұлтан): Ассалаумағалейкум құрметті қауым!
Ел Тәуелсіздігіміздің мерейлі мерекесі құтты болсын!
1 - жүргізуші (Назым): Осыдан 21 жыл бұрын, яғни 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан өзінің ғасырлар бойы армандаған мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады. Бұл қазақ ұлтының тарихы үшін үлкен орын алатын мереке.
Балалар Қазақстан қандай мемлекет?

ІІ. Топтастыру (интерактивті тақтада орындау)
Гауһартас: Қазақстан қандай мемлекет?
демократиялы
зайырлы
құқықты
көпұлтты
әлеуметті
біртұтас
1 - жүргізуші (Назым): Ия, балалар Ой додасы айдары бойынша сендердің пікірлеріңді тыңдайық. Біз бүгін Қазақстанның кешегі күніне, яғни тарихқа шолу жасаймыз.
Қазақстан кеше, бүгін, ертең …

ІІІ. Ой додасы (ой пікірлерін тыңдау)
2 - жүргізуші(Нұрсұлтан):
Қазақстан - кеше…
Тәуелсіздік бізге оңай келмеді,
Жұртым менің не қиындық көрмеді!?
Жылап тұрып Аналарым бұл жолда,
Сан перзентін қара жерге жерледі.
Кеше (өткен тарихқа шолу)
Шолпан: Құс ұясыз болмайды адам Отансыз болмайды. Ал менің Отаным - сонау Каспийден Алтайға дейін созылып жатқан қасиетті өлке – Қазақстан. Қазақстан – тәуелсіз, азат ел. Сол тәуелсіздік жолында қазақ бабам не көрмеді десеңізші?! Еліміздің басынан азап та, аштық та, сұм соғыс та өтті. Әсіресе ХХ ғасыр қазақ халқы үшін ауыр, қайғыға толы кезеңдерімен есте қалады. 1916 жылғы көтеріліс 1928 - 1932 жылдардағы аштық, Ұлы Отан соғысы, 1986 жылғы жерді дүрсілкендірген желтоқсан оқиғасы. Бұның барлығы да қазақ жеріне ауыр жара салды. Қанша қиыншылық келсе де біз оны ешқашан ұмытпаймыз, айтпаймыз. Себебі бұл – тарих.

1. Жоңғар шапқыншылығы (Ақбаян)
XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың басында Қазақ хандығы ішкі - сыртқы аса ауыр жағдайға душар болды. Алтайдан Атырауға дейінгі байтақ даланы алып жатқан қазақ халқы жерінің жағрафиялық ерекшелігіне қарай үш жүзге бөлініп өмір сүрді. Қазақ хандығында үстемдік еткен әскери - федалдық шонжарлар арасында ішкі тартыс күшейе түсті. Сонымен қатар бұл мезгілде қазақ - жоңғар қатынасы мейлінше шиеленісіп, қазақ хандығына үздіксіз шабуыл жасады. Жоңғарлардың Қазақстан жеріне енуі сонау XV ғ. басталған болатын.
1718 жылы Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін (Хақназар, Тәукенің) бір орталыққа бағындырғысы келген мақсаттары жүзеге аспай қалды. Қазақ хандығы ауыр дағдарысқа ұшырады, елдің бірлігі бұзылды, бытыраңқылық етек алып өзара қырқыс шегіне жетті. Тәукенің орнына отырған баласы Болат ханның тек атағы ғана болды.
Жүздерді билеген кіші хандар өз алдына дербестеніп, қазақ хандығы саяси жақтан бөлшектенді. Орта жүзді Сәмеке хан, Ұлы жүзді Жолбарыс хан, Кіші жүзді Әбілхайыр хан биледі.
Бұларға қарасты ұлыстарды билеген сұлтандар дербестікке қол жеткізе бастады. Осыны пайдаланған жау жан - жақтан шабуыл жасады.
Ш. Уалиханов сол кездегі жағдай туралы: “XVIII ғасырдың алғашқы он жылдығы қазақ халқының өмірінде қасіретті кезең болды. Жоңғарлар, Еділ қалмақтары, Жайық казактары мен башқұрттар жан - жақтан қазақ ұлыстарын ойрандады - дейді.

2. Ашаршылық(Аяу)
1723 жыл тарихта есте қаларлық жұт жылы болды. Осы жылдың көктемгі төл алу кезеңі мен жазғы көш - қону жұмыстарымен айналысып жатқан қазақ еліне жоңғарлар тосыннан, күтпеген жерден шабуыл жасады. Осы жолы шапқыншы жоңғарлардың саны 70 мыңнан асып түсіп, жеті бағытпен қазақ еліне кірді.
Сақталған мәліметтерге қарағанда, Ұлы жүз бен Орта жүз Самарқанд пен Бұқараға, Кіші жүздің халқы Хиуаға қарай босқан екен. Босқындардың біразы Алакөл маңына барып паналаған көрінеді. Бұл кезең (1723 - 1727 жылдар) қазақ тарихында Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама деген атпен аталады. Оның қазақ халқына тигізген зардабы — қайғы - қасіреті, аштығы мен қайыршылық халге душар етуі өте - мөте ауыр болды. Мың - мындаған адам қырылды немесе тұтқын ретінде айдалып кетті. Жүздеген, мындаған ауыл қатты күйзеліске ұшырады, мал - мүлік талан - таражға түсті, бір кезде гүлденіп тұрған қалалар жау қолында қалып, аяусыз қиратылды. Қазақтар қырғыннан аман қалу үшін елдің батыс аймақтарына қарай жылжып, Жайық бойына дейін жетті. Осы ауыр жылдарда шыққан қазақтың қаралы да қайғылы, ән ұраны Елім - ай , сол кездегі ауыр күндердің өшпес ескерткіші болып табылады. Қазақтар басынан кешірген сол бір орасан ауыр қайғы - қасіреттің символы Елім - ай атты зарлы жыр мәтіні мен әуенін ақын, әрі жауынгер Қожаберген жырау шығарған деп те айтылады.
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді,
Ел - жұртынан айрылған жаман екен,
Екі көзден мөлтілдеп жас келеді.
Мына заман қай заман, бағы заман,
Баяғыдай болар ма тағы заман!
Қарындас пен кара орман қалғаннан соң,
Көздің жасын көл қылып ағызамын.
Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның қазақ қоғамына тигізген зардабы орасан зор болды. Шәкәрім Құдайбердіұлының келтірген деректері бойынша, қазақтардың үштен екі бөлігі қырғынға үшыраған. Енді бір бөлігі құлдыққа сатылып кеткен. Халық ашаршылыққа душар болды. Өлмей аман қалу үшін қайыңның сөлін ішкен. Қайың сауған деген сөз содан қалған. Тірі қалғандар басқыншыларға шектен тыс ауыр алым - салық төлеп тұрған. Қазақ хандығының халқы елдің әр түрлі алыс аймақтарына, тіпті шекаралас жатқан шет мемлекеттерге де тарап, босып кетті. Қазақтардың батысқа қарай жаппай ағылуы қарақалпақтармен, түрікмендермен, өзбектермен, башқұрттармен және қалмақтармен жерге таласқан дау - дамайларға алып барды. Қазақтардың Орал Қазақтарымен де, Батыс Сібірден орыстармен де өзара қарым - қатынастарын шиеленістіріп жіберді. Міне, мұның бәрі әбден әлсіреп, қожыраған Қазақ хандығын Ресей империясының оңай олжа ретінде отарлап алуымен аяқталды.

Толық нұсқасын жүктеу


Скачать


zharar.kz