Қазақстан — әлемдік қоғамдастықтың белсенді мүшесі

Скачать

Мемлекеттігіміздің ең алғышартты белгілерінің бірі – Қазақстанның дүниежүзілік қоғамдастыққа толыққанды мүше болып, әлем мемлекеттерімен терезесі тең дәрежеде қарым-қатынас орната білуімен байланысты.
Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіздігіміз жарияланғаннан бастап осы аса маңызды мәселеге айрықша мән беріп, ол мәртебенің тұрақтанып, нығая түсуі жолында аянбай, еңбек етіп келе жатқандығы да сол маңыздылықтан өрбіп келеді.
Мемлекет әдетте ұлттық негізде құрылады. Ол – ұлттың өсу, өркендеу қабілеттілігінің нышаны. Осыдан 14 жыл бұрын Қазақстан өзін тәуелсіз мемлекет деп жариялағанда, шіркін “мемлекет” деген статустың тұрақтағанын көзімізбен көріп, өзіміздің шын мәнінде ұлттық мемлекетіміздің өкілі екендігімізді өзімізден бөтен ел таныса, басқа әлем жұртының құлағы “Қазақстан” деген мемлекетке үйреніп, дағдыланса деп арман еткенімізді естен шығармағанымыз жөн болар еді.
Мемлекетіміздің бүгінгі таңдағы әлемдік дәрежеде көптеген өркениетті елдермен үзеңгілесіп, дүниежүзілік қоғамдастықтың белсенді мүшесіне айналып отырғанын әңгіме етер тұста қысқаша ғана болса да кешегі күнімізді де еске алғанымыз ләзім.
* * *
Қазақтың соңғы мемлекеттік сұлбасы ХІХ ғасырдың орта шенінде хандық құрылымның түбегейлі күйретілуі арқылы мүлдем жойылып, тынды. ХVІІІ ғасырдың бірінші ширегінде басталған Ресей империясының отарлау саясаты толығымен жүзеге асырылып, орыс патшасының үстемдігі емін-еркін кең ауқымда жүргізілді. Қазақ жері бөлшектелініп, орыс генерал-губернаторларына бағындырылды. Империяның әкімшіліктері қазақ жері мен ел ішіндегі жағдайды өз тұрғысынан, яғни Ресей империясының отарлау саясатын кедергісіз жүргізу тұрғысынан басқарды. Кезінде жоңғар шапқыншылығына қарсы көтерілген қазақтың ұлттық рухын халық арасындағы көзі қарақты, санасы мен білімі озық тұлғаларды қуғын-сүргінге ұшыратып, әртүрлі жымысқы әдістермен көпшіліктің санасына ықпал ету арқылы жойып отыруды тәсіл етті. Сол дәуірде де, одан бұрынғы талай қиын кезеңдердегідей, жекелеген айрықша, табиғатынан сұңғыла тұлғалар болғанымен, қазақ – ел болып тұтасып, халық болып көтеріліп, қоғамға өз үнін шығарып, естірте алмады. Тек 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін ғана 1920 жылдан алдымен Ресей құрамындағы автономиялық, 1936 жылдан Кеңестер Одағы құрамында одақтас республика болып осы құрылыммен 1991 жылдың желтоқсан айында жарияланған мемлекеттік тәуелсіздігімізге дейін келдік.
Аталмыш кезеңдерде, тұтас бірнеше ғасырлық дәуірлерде де талай ұрпақ мемлекеттікке қол жеткізе алмай кеткен. Бәрі де салыстырмалы құбылыста танылады емес пе? Немесе, басқа сөзбен айтсақ – біз кімбіз? – деген сұраққа жауап іздеу. Біз кім едік? Кім болдық?
Меніңше, біз өз ұлтымыздың, мемлекетіміздің өсу, қалыптасу тарихын ерекше ұлтсүйгіш ұждандылықпен, өте мұқият ұқыптылықпен тізбектеп, зерделеп, кестелеп, дестелеп, көздің қарашығындай сақтай білуіміз, қасиетті рухымыздай қадірлей білуіміз қажет. Осыны әрбір ұрпақтың санасына сіңіріп, келер ұрпаққа түсіндіріп, тапсыра алсақ қана ел боламыз, ұлт боламыз, күшті, қуатты мемлекет боламыз.
Бүгінгі мемлекеттік мәртебемізді, ең жақсы, бұрын-соңды болмаған жетістіктерімізді әңгіме еткенде соның бәрі өздігінен болып жатпағанын түсінудің де маңызы бар. Әсіресе, өсіп келе жатқан жас ұрпақтың кейде, өкінішке орай, ерте заманды айтпағанда, жаңа тарихтан да хабарсыздығы қынжылтады.
Қай заманда, қай кезеңде, қай елдің мемлекет басшысы қазақтың басшысымен дәрежесі тең әріптесі ретінде сөйлесіп, келіссөз жүргізіп, тіпті ұсыныстарын тыңдап, оны қабылдап, санасып еді? Осы сұрақтың тереңіне ой жүгіртіп көрсеңіз, оған жауап табу да оңайға түсе қоймайды.
Тәуелсіз мемлекет болу – ұлтымыздың ғасырлар бойғы арманы болса, сол тәуелсіздікті ұстап тұру, толыққанды мемлекет болып қалыптасу – одан да биік мақсат, мұрат екендігін әрбір қазақ жанымен, санасымен, тәнімен түйсініп, сезінуі ұлттық рухтың сапасын көрсетеді. Ұлттық рух мемлекеттік рухқа ұштасып, қазақстандықтар өз мемлекетін көзінің қарашығындай қадірлеу қажеттілігін түсіне алса – болашақтың көрсеткіші сол болмақ.
Былтыр теледидар арқылы халықпен тілдесуінде Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық идея туралы өз тұжырымдарын ортаға салғанда бірінші тұғырға ұлттық тәуелсіздікті шығара отырып, мемлекеттің дүниежүзілік қоғамдастық қатарында тұрақтанып, нығаюына, бәсекелестікке қабілетті, дайын болу шарттарына айрықша назар аударғанын көрермен көпшілік бірауыздан мақұлдап, кұптады. Біз мемлекет болғалы жалғыз біз, біздің қоғам ғана емес, бүкіл дүние керемет өзгерді. Кеше ғана теміртастай тұтас көрінген кейбір ұғымдар көз алдымызда жаңа кейіпке ауысып жатқан құбылыстардың куәсі болып отырмыз. Міне, осындай аламан жаһандасудың өзінде мәңгі сақталып, қасиетін жоймай, керісінше қымбаттанып келе жатқан құндылықтар – ұлттық тәуелсіздік пен мемлекеттілік. Адам құқының қайнар бұлағы да осы мақсаттармен байланысты. Сірә, бүгін дәл осы құндылықтар ешкімнің де дауын туғызбаса керек. Ал осы ұғымдарды біз осыдан 15 жыл бұрын дәл бүгінгідей дәрежеде түсіне алдық па? Олай бола қоймағаны да шындық. Бүгінгі қоғамның дамуы да, біздің мемлекеттік дүниетанымымыз да ол кезеңдердің бір де бірімен салыстыруға келмейтіні де шындық.
Қазақстанның мемлекеттік мәртебесін айшықтайтын нышандар мен көрсеткіштер бүгін баршылық. “Біз кімбіз? Сіз кімсіз?” – дегенде біз бүгін – “Қазақпыз” деп қасқайып айтып, мақтанамыз. Күні кеше ғана қай елге барсаң да “қазақпын” дегеніңді түсіне алмай, соңыра “е, орыс екенсіңдер ғой” дейтін қытай, ағылшын, француз, америкалық, испандық бейтаныстар. “Ә, өте жақсы! Танысқаныма қуаныштымын. Жерлерің көп. Мұнайларың көп. Астықтарың көп. Малдарың көп” – деп Қазақстанды білетіндігін, Назарбаевты көргендігін айтатын болды қазір. Тіпті Қазақстанда тұратындығын мақтан ететін ұлттар саны көбейді. Бұл жерде тек бұрыннан қазақ жерінде өсіп, өніп отырған 130 ұлт пен ұлысты ғана айтып отырған жоқпын. Жаңа Қазақстан, мемлекеттік дәуірімізде Қазақстанға келіп қоныстанған басқа ұлт өкілдерін, соның ішінде өркениеті, тұрмысы озық дамыған, бай мемлекеттерден елге келіп қызмет етіп жатқан адамдарды да айтамын.
Басқаны былай қойғанда – қай заманда Қазақстанға Ресей, Қытай әріптес деп қарап еді? Тарихта екеуінің де Қазақстанға деген пиғылы бүгінгідей болмағаны да шындық. Олар қазақ жеріне, еліне “жоғарыдан” қарап үйренген. Біз өз дамуымыз арқылы ғана олардың көзқарасын өзгертеміз. ХІХ ғасырдың 80-ші жылдарында қазақ жерінің шығысында шекара сызығын жүргізгенде осы екі алып империяның өкілдері қай қазаққа қарайлап, қай қазақтың зарына құлақ асып еді? 1882 жылғы Пекин, Петербург келіссөздерінде осы екі көрші алпауыт мемлекеттер қазақтың жерін қазақтың қатынасуынсыз бөлді емес пе? Ал қазақ сол келіссөзге неге қатыса алмады? Өйткені – елі де, жері де бодан болды. Өзі мемлекет болмады. Мемлекет болмаған соң оның дауысы ешкімге де жетпеді. Дүниежүзілік қоғамдастық қазақ деген ұлтты танымады, білмеді. Қазақ ешкімнен көмек сұрап, шағына алмады. Сол шекара бөлісті түсіне алмай, 70 мыңға жуық қазақ әрі қашып, бері қашып босқындыққа ұшырады, мыңдаған қазақ тектен-текке оққа ұшып, құрбан болды. Бұл – шекараға байланысты бір ғана мысал. Бүгінгі шекаралық келісімдердің жеңісін көре алмаған кейбір сыншылардың тым сайыздығына таң қалмасқа шара жоқ. Сөз реті келгенде айтарым – кім де болса шекаралық келісімді сынау үшін алдымен тым болмаса сол аймақтың жағдайын біліп алса, оған қоса – тарихқа үңілсе, үшіншіден, геосаяси сарапты түсіне білсе – яғни, осы мемлекеттік шекарамызды бекітіп алуға кімнің мүдделі екенін анықтай алса. Дүниені айбатты қуатымен сескендіріп отырған Кеңес Одағының 74 жыл дәуірінде Қытай онымен шекаралық келісімге келмеді. Осының сыры неде? Қытайдың екі жарым мың жылғы мемлекеттік идеологиясында “Қытай елі аспан астындағы жалғыз мемлекет, ол мемлекетте ешқандай шекара жоқ” деп насихатталғанын да білгеннің зияны жоқ. Шүкіршілік, бүгінгі Қазақстан мен Қытай арасындағы мемлекетаралық қатынас бейбіт, достық сипатында дамып отыр. Ол да мемлекетіміздің сыртқы саясатының нәтижесі.
Қытай елімен шекаралас 15 мемлекеттің ішінде бірінші болып шекаралық толық келісімге Қазақстан қол жеткізді. Осыған дейін қытай оқулықтарында ескі, үш жүз жыл бұрын жасалған карталар қолданылып келді, ол карта бойынша тіпті Шуға дейінгі аймақ “даулы жерлер” тізбегіне кіретін-ді. Ресми келісімнен кейін, 1999 жылдан бастап шынайы карталар жарық көре бастады.
Сондықтан да тұңғыш рет Қазақстан мемлекетінің ресми шекарасының барлық көршілермен тегіс танылып, келісілуі, ресми хатталуы – мемлекеттілігіміздің, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи жеңісі деп танылуы әбден орынды.
* * *
Тәуелсіз мемлекет боларымыздың алдында ғана, социализм дәуірінде – өз ұлтымыздың, мемлекетіміздің тарихынан гөрі орыс, Батыс Еуропа, әлем тарихын мәртебелеп оқығанымызды да ұмыта қоймаған абзал. Оларды оқып, терең зерттеп, көбірек, жүйелі түрде білгенге не жетсін. Ондай мүмкіндіктен қазір де, алдағы уақытта да бас тартпай, керісінше, әлемдік өркениетке мейлінше бойлауға бейімделуден ұтпасақ, ұтылмаймыз. Мәселе, қазақ ұлтының рухани құндылықтарын, тарихын, мәдениетін әлемдік дәрежеге жеткізе алмағанымызда. Оның да басты себебі – өзіміздің дербес мемлекеттігіміз болмағандығында еді.
Абайды білмейтін қазақ жоқ. Абай – қазақ үшін қасиетті ұғым. Ал сол Абайымызды әлем, басқа мәдениеттер тани ма? Шекспир, Гете, Чайковскийді әлем қалай таниды? Сондай әлемдік тұлғалардың қатарында Фарабидің, Шоқанның, Абайдың есімдері атала ма?
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тойланған Абайдың 150 жылдығы көпшіліктің есінде. Осы мәртебенің көпшілік біле бермейтін қыр-сыры да бар. 1990 жылы Қазақ ССР Үкіметі атынан ЮНЕСКО басшылығына жазылған хат қаралмаған. Себеп – тек мемлекет Үкіметтерінің немесе тағы басқа құзырлы орындарының ұсынысы назарға алынады. Ал ол кездегі біздің ресми Үкімет КСРО яғни Мәскеу. Мәскеудегі орталық билік орындар Қазақстанның Абайдың 150 жылдығын ЮНЕСКО-ға енгізу қажет деген ұсынысын қарамаған және өз тарапынан ЮНЕСКО-ға ешқандай ұсыныс бермеген. Тек 1992, 1993 жылдары өзіміз тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін ЮНЕСКО басшыларымен бірнеше кездесу өткізіп, келіссөздер жүргізілгеннен кейін ғана еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысы ЮНЕСКО-ның арнайы жиналысында тыңдалып, пікір алысылып, басқа мемлекет өкілдерінің дауысына салынды. 1993 жылдың 2 қарашасында ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде оның Бас Ассамблеясының аясында өткен алқалы мәжілісте Қазақстан мемлекеті атынан Абай туралы баяндама жасау абыройы мен бақыты сол кезде Премьер-Министрдің орынбасары қызметін атқарған, ЮНЕСКО істері жөнінде Қазақстанның ұлттық комиссиясының тұңғыш төрағасы ретінде менің үлесіме тигені әлі күнге жүрегімді, санамды ерекше сезімге бөлейтінін жасыра алмаймын. Содан бір күн бұрын ЮНЕСКО-ның Бас Ассамблеясында Қазақстанды осы халықаралық беделді ұйымға мүше етіп қабылдау рәсімінде Қазақстан туралы менің баяндамам тыңдалып, гимн орындалып, Туымыз еңсесі биік ғимараттың төріне көтеріліп, дүние жүзілік қоғамдастықтың басқа мүшелері қатарынан орын алып, мәртебеміз ерлеп, бүкіл дүние жүзінің 180-нен астам мемлекеттері өкілдерінің Қазақстанды құшақ жая құттықтағанын сол кезде менімен бірге болған Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұңғыш өкілі, әрі Франциядағы Төтенше және өкілетті елшісі Төлеухан Қабдрахманов екеуміз қалай ұмытармыз. Көңіл шіркіннің көтерілгенде көркі қандай?! Және бұл – жай бір адамның жеке басының ғана қуанышы емес, бүкіл елдің, бабалардың рухы көтеріліп, Қазақстан деген жас мемлекетті әлемнің өркениеті танып, мойындап, қабылдап тұр емес пе?
Қазақстанның ЮНЕСКО-мен қарым-қатынасы осылайша басталып, қазір оның белсенді мүшесі болды. Бұл беделді ұйым тек соңғы жылдары дүниежүзілік өркениетке байланысты Қазақстанның көптеген бастамашыл ұсыныстарын талқылады. ЮНЕСКО-ның ұлы адамдар тізіміне Абайдан басқа Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Әбілхан Қастеев енді. Біздің Олжас Сүлейменов әрі елші, әрі сол халықаралық ұйымның белсенді қайраткері.
Мемлекет деген символикалық немесе абстрактілік ұғым емес. Мемлекеттің мазмұны мен пішінін анықтайтын, айшықтайтын нышандар мен критерийлері көп-ақ. Мемлекеттің басты байлығы да, мәртебесі де нақты адамдар, Мемлекет басшысы, мемлекеттік институттарының бағыт-бағдары, іс-әрекеті, қызметінің сапасы арқылы танылатыны белгілі. Қазір Қазақстанымызды әлемге таныту, дүниежүзілік қоғамдастықтың әрі белсенді, әрі беделді, лайықты мүшесі болуы жолында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамашылдығымен көптеген білікті мемлекет, қоғам, өнер, ғылым, мәдениет, спорт қайраткерлері салиқалы, нәтижелі үлес қосып келеді. Ел ішіндегі сапалы даму мен өркендеуді халықаралық деңгейге ұштастырып, әлемдік мемлекеттермен әріптес болып жүруде біздің еліміздің өкілі ретінде қызметке араласып жүрген азаматтардың еңбегі де зор. Олар өз өкілеттіктері дәрежесінде Қазақстанның көк туын көрсете білді. Қазақстанды тану, түсіну солардың біліктілігі мен білімділігіне, саяси мәдениетіне, қабілетіне, отаншылдығы мен ұлтжандылығына байланысты. Біз мемлекет болғаннан кейін Президенттің қолға алған шұғыл шаруасы сыртқы саясаттың бағыт, бағдары, болашағы болды. Арнайы тұжырымдама жасалды. Сыртқы істер министрлігі, оның жас қызметкерлері, әсіресе басқа елдерге жіберілген Төтенше және өкілетті елшілер Елбасының тапсырмасымен қыруар жұмыс атқара алды. Осы орайда ұзақ жылдан бері Сыртқы істер министрі қызметін абыроймен, біліктілікпен атқарып жүрген Президенттің серіктесі Қасымжомарт Тоқаевтың есімін де басқа мемлекеттердің дипломаттары, халықаралық ұйымдар өкілдері жылы лебізбен айтады. Ел аузында “Жалғыздың шаңы шықпас” деген нақыл бар. Халқымыздың ежелгі қазына мақалы бір қарағанда қарапайым ғана айтылса да мазмұны тым тереңде жатыр, әрі дәл осы заманның алапат үрдісіне сұранып тұр. Көп елдердің дипломаттары, парламент, үкімет мүшелерімен, журналистермен кездесіп, дидарласқанда олардың басым көпшілігі біздің лауазымды адамдар туралы өз пікір, тұжырымдарын айтып, ой бөліседі. Сондай кездерде негізінде қазақстандықтардың білімділігін, біліктілігін, жаңалыққа жаны құмарлығын, қарым-қатынасқа икемділігін айтып жатады. Президенттің жалғыз еместігін, ел тағдырына еркін араласып, қоғамға оң ықпал етуге қабілетті адамдардың Елбасын ұйымшылдықпен, бірлікпен қолдап жүргендіктеріне екпін беріп, кейде өздерінің таң қалғандарын да жасыра алмай жатады. Әрине, бұл абырой. Мұндай көзқарас еңсемізді көтереді. Бөтендер бізге сыйласымдылықпен қарайды. Дәл осы сияқты, бүгін біздің қоғамда, өмірде кездесе беретін жағымсыз жайлар да олардың назарынан тыс қалмайды. Еуропалық байқаушылар адам құқығы мәселесіне қатты мән береді. Әсіресе, атқарушы билік өкілдерінің “белден басқыш” заңсыздықтарына, кейбір салаларда жемқорлықтың өрбіп тұрғанына шұқшияды. Мұндайда, дауласып, таласып, “елдің бәрі, немесе мемлекет ондай емес” деп дәлелдеп те жатамыз. Бірақ іштей қынжылып-ақ қаласың. Әйткенмен, сенім мен үміт артық. Құлқыны апан боп кеткен “жұтқыштар” жойылар, жаңа, таза қатынас тұрақтанар, қоғам тазарар деп сенесің. Өйтпесек өркениеттен кенже қаламыз, дүниежүзілік қоғамдастықтан қағылып, шетке шығамыз. Шетте қалғаның – көштен қалғаның. Елімізде қазір Президент бастап жасалып жатқан шаруаның барлығы дерлік сол жаһандық дамудан сыртта қалмаудың қамы, елдің ертеңі.
* * *
Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде Қазақстан жетекші рөл атқаратынын осы жылдар ішінде айқын дәлелдеп, тұрақтандырды. Елімізде өткізілген экономикалық реформалар өзінің оң нәтижесін беру арқылы халықтың әлеуметтік тұрмысын көтерді. Біздегі өмір сүру деңгейі көршілес өңірлік мемлекеттерге қарағанда әлдеқайда жоғары. Тек Орталық Азия емес, біздегі экономикалық реформалардың тиімділігін, озықтығын қазір ТМД елдері, оның ішінде Ресейдің мойындап отыруы да көп нәрсені аңғартса керек. Бұл туралы Ресей Президенті В.В.Путин әлденеше рет әділін айтып, Қазақстанның бұл күндері “кіші іні” емес, иығы тең серіктес, әріптес екенін жария етті. Қазақстанның өркендеуі туралы және оның ТМД шеңберінде ғана емес, әлем кеңістігіне еркін еніп, табан тіреп, жылдан жылға өз дауысын айқын шығарып, келбетін келістіріп келе жатқаны туралы Мәскеу қаласының мэрі Ю.Лужков, Ресей үкімет мүшелері Г.Греф, А.Кудрин, экономика сарапшылары, әйгілі ғалымдар А.Аганбегян, А.Илларионов, А.Чубайс, тағы басқалары салиқалы түйіндерін бұқаралық ақпарат тұралдары арқылы көпшілік назарына ұсынды. Қазір Батыс Еуропа, Америка, Тынық мұхиты аймағының көптеген саясаткер сарапшылары Қазақстан туралы жылы лебіз білдіріп, біздің елімізге қызығушылық танытып жүр.
Президент Н.Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының жоғары мәртебелі мінберінен сөйлеген сөзінде дүниежүзілік өркениеттегі Қазақстан мемлекетінің, халқының орны мен үлесі үшінші мыңжылдықтағы адамзат дамуына көрнекті болып қосылатынын жариялады. 1991 жылы дүние жүзіндегі ең ірі төрт ядролық сынақ полигонының біреуін – Семей сынақ алаңын Қазақстан жауып, 40 жылдан астам жасалған атом бомбасының сынағы тоқтатылғанын әлемдік қоғамдастық жылы қабылдады. Бірақ ол кезде, көптеген ірі мемлекеттер, әлемдік қоғамдастық атом бомбасының сынақтарының Қазақстан халқына, жер қыртысына, табиғатына келтірген зияны мен зардаптарының көлемінен мүлде хабарсыз еді. Ол туралы Қазақстан БҰҰ-ға мүше болғаннан кейін ғана, еліміздің Президенті әлденеше рет сөйлеп, дүниежүзілік қауымдастықтың назарын осындай үлкен, ғасырларға кеткен проблемаға аудара алды. Семей аймағы мен Арал теңізінің тағдыры да осы әлемдік мінберден айтылды. БҰҰ Бас Ассамблеясы біздің елдің, жердің даусын естіді, дертін сезді. Өкінішке орай, Қазақстан әлемге Семей, Арал сырқаттарымен де танылды.
Н.Ә.Назарбаев 1992 жылы өзінің БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде Азия континентіндегі өзара ықпалдастық және сенім шаралары туралы кеңінен талдау жасап, БҰҰ-ның алдында осыған байланысты кеңес өткізу туралы ұсыныс жасады. Бұл тың ұсыныс БҰҰ-ның ықыласты қолдауына ие болды. Мұндай шаралар Азия елдерінің қауымдастығында бұрын өткізілмеген еді. Сондықтан да мұндай дәрежеде Азияның қайшылыққа толы мемлекеттерінің басын қосып кеңес өткізуге кейбіреулер сенімсіздікпен қарағаны былай тұрсын, тіпті мүлде әрекет жасаудың да қажеті жоқ деп шұғыл қайырды. Алайда БҰҰ-ның қолдауымен бұл істің тізгінін қолына ұстаған Қазақстан өзі бастамашы әрі тұңғыш ұйымдастырушы рөлін атқарды. Мақсатты, тиянақты, дәйекті келіссөздердің нәтижесінде Азия құрлығындағы мемлекеттердің көпшілігі Қазақстан басшысының бұл жаңа бастамасына шын ниеттерімен қолдау білдірді. Ең алдыңғылардың бірі болып Ресей, Қытай, Үндістан сияқты алып елдер басшылары түсіністікпен қарап, жас мемлекеттің ниеті мен тұғырлы тұжырымына ыждаһаттылықпен ден қойды. Саралы ой, пікірді сарапқа салды. Өз елдеріндегі мамандармен ақылдасып, сын тезінен өткізді. Ақыры бұл жобаның Азия елдері үшін маңыздылығы мен қажеттілігіне көздерін жеткізіп, қомақты қолдау көрсетті, кеңестің дайындалуы мен өткізілуіне белсене қатынасты. Қазақстан дипломатиясы он жыл бойына ізденіске толы толассыз келіссөздер мен кеңестер өткізді. Мұндай табанды әрі нақты бағдарлы, парасатқа ұмтылған бейбіт саясат жылдан жылға абырой жинап, Қазақстанның халықаралық беделін көтерді. Азия мемлекеттерінің назары саяси тұрақтылық пен бейбіт жасампаз қоғамды нық сеніммен қалыптастырып отырған Қазақстанға ауды. Қазақстанға деген сенім артты. Ақыры, 2002 жылдың жазында Алматы қаласында тұңғыш рет Азия құрлығының тарихында жиырма төрт мемлекеттің басшылары бас қосып Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары туралы алқалы кеңес өткізіп, Алматы декларациясын қабылдады. Кеңеске БҰҰ Бас хатшысы Кофи Аннан өзінің құттықтауы мен арнайы өкілін жіберді, сондай-ақ Біріккен Араб елдерінің лигасы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілетті өкілдері қатынасты. Бұл – сөз жоқ, Қазақстанның дүниежүзілік қоғамдастыққа еніп, халықаралық беделді ұйымдардың белсенді мүшесі ретінде қол жеткізген зор табысы, халықаралық дәрежеде саяси айтулы жеңісі болды.
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Цзян Цзэминь: “Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Азия мемлекеттері арасында Сенім шараларын қабылдау қажеттігін дер кезінде әрі өте алысқа болжайтын саяси көрегендікпен көтерді. Кездесу өте нәтижелі өтті. Біз Қазақстанды осы құнды бастамасының нәтижелі аяқталғанымен құттықтаймыз”, – деп ризашылығын білдірді. Араларында Кашмирге байланысты қайшылықтары бар Үндістан мен Пәкстан басшылары да Алматыда қол алысып, бір құжатқа қолдарын қойды.
Қазақстан қандай да халықаралық ұйымдарға мүше болса да жәй “қара көбейтіп” жүруден бойын аулақ ұстайды. Осы мемлекет болғалы 14 жыл көлемінде біздің ел әлемге орынды бастамашылдығымен, ширақ қозғалысымен, өсуімен, әділ жол тапқыштығымен танылуда.
Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) мүше болғандағы біздің басты мүддеміз – еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету еді. Құрамында 55 мемлекет бар осы беделді халықаралық ұйымның 1994 жылдың желтоқсанында Венгрия астанасы Будапештте өткен саммитінде біздің Елбасымыз сөз сөйлеп, Еуропа және Азия елдерінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы өз ойларын ортаға салды. Дәл осы басқосуда Қазақстан үшін тарихи шешім қабылданды.
1994 жылдың 6 желтоқсанында Будапешт қаласында 55 мемлекет басшысы қатынасқан саммитте АҚШ Президенті Билл Клинтон, Ресей Президенті Борис Ельцин, Ұлыбритания Премьер-Министрі Джон Мэйджер, Украина Президенті Леонид Кучма және Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ядролық қарудан қауіпсіздігіне кепілдік келісіміне қол қойды.
Осыдан кейін, 1995 жылы дәл осындай кепілдікті Қытай Үкіметі де жария етті.
Қазақстан соңғы жылдары көптеген халықаралық беделді кездесулердің, әртүрлі мәдени, рухани шаралардың орталығына айналды. Олардың негізгі дені гуманитарлық бағытта өткізіледі.
2003 жылы Астанада тұңғыш рет әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің бірінші съезі өткізілгені белгілі. Дәл осы дәрежеде бір-бірімен жауласпаса да бір-бірін қабылдамайтын діндер өкілдерінің бір дөңгелек үстелдің басында бірге отырып кеңескеніне ең алдымен олардың өздері зор ризашылық білдірді. Осындай кездесуді ұйымдастырып, оны салиқалы, салмақты өткізгені үшін Қазақстан басшысына деген өз ықыластарын көрсетті. Келесі, екінші съездерін де Астанада өткізетін болып келіскендері де Қазақстанға деген зор абыройлы сенім.
Еліміз қазір өсу, өркендеудің жаңа кезеңіне, әлеуметтік дамудың жаңа сапасына бет алды. Біздің елдің басқа ешқандай елмен, мемлекетпен бітіспеген дауы, келіспеген қайшылығы жоқ. Дүниежүзілік қоғамдастық, халықаралық ұйымдар Қазақстанның көпвекторлық дипломатиясын қабылдайды, белсенділігін бағалайды.
Біздің еліміз дүниежүзілік ортада болсын, аймақтық кеңістікте болсын, үнемі бейбіт және экономикалық жетістіктерді жетілдіру бағытында жаңа бастамаларға, орынды ұсыныстарға мұрындық болып отырады. Әсіресе ТМД елдері арасындағы біздің Президенттің бастамасы жеткілікті. Қазір көрші елдерімізде Н.Назарбаевтың Орталық Азия мемлекеттері одағын құру жөніндегі ұсынысы да кеңінен талқылануда. Егер біз, біздің көршілер Бүкіләлемдік сауда ұйымына мүше болуға талпынса, біз өз тауарларымыз бен рыногымызды да бірлесе қорғап, мүмкіндік туғызуымыз қажет. Бұл жерде үлкен рынок үшін біздің халқымыздың саны аздық ететінін де ескерген жөн.
Әлемдік қоғамдық пікір 2001 жылы құрылған Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) белсенді жұмыс істей бастағанына назар аударуда. Бұл – шынында да Азия елдері арасындағы сенім және іс-қимыл шараларынан кейінгі мақсаты айқын, мүмкіндігі мол жаңа халықаралық ұйым. Ол БҰҰ-дан қолдау алып, халықаралық ұйым ретінде тіркеліп, мойындалған. Бұл ұйым әуел баста Қытаймен шекаралас ТМД-ның төрт мемлекеті және Қытай арасында шекарадағы сенім шаралары туралы келісімге келуден басталған. Кейін осы форматта бірлесіп, лаңкестікке қарсы күрес ұйымдастыра алатын, сондай-ақ экономикалық қарым-қатынасты дамытуға ықпал ететін ұйымның қажеттілігі туындады. Әуелгі бес мемлекет – Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Тәжікстанға енді Өзбекстан қосылуға қызығушылық білдіріп, ШЫҰ-ға құрылтайшылары алты мемлекет болды. Қазір ШЫҰ жұмысына Азиядағы басқа мемлекеттер де зейін қойып, қызығушылық білдіре бастады. ШЫҰ-ға кіретін мемлекет басшыларының Қазақстанда өткен саммитіне Үндістан, Монғолия, Пәкстан, Түркия, Грузия мемлекеттері бақылаушы статусымен қатынасты. Яғни, болашақта бұл халықаралық ұйымның да жұмысы жандана түспек. Қазақстан осы Шанхай ынтымақтастық ұйымының негізгі ұйтқысы, оның ұйымдастырылуына алғашқы болып ұсыныс берген мемлекет. Қытай елі Қазақстанның осындай ширақтығын, белсенділігін жоғары бағалайды.
Қауіпсіздік бір рет мәңгілікке шешіліп қоятын құбылыс емес. Оны да үнемі үзіліссіз бақылап, қажетті шараларын дер кезінде жүргізіп отыру қажет. Қабылданған келісім-шарттардың өзі де бақылауды талап етеді.
Қазақстанның әлемдік қоғамдастықпен қарым-қатынасы тек қана ылғи жеңістерден тұрады, халықаралық жағдайы да ешқандай проблемасыз деп біржақты баянға бейімделу мақсатымыз жоқ. Сондай-ақ “біз керемет болдық, әлем бізді танып, мойындап болды, біз қайда барсақ та бізді қол қусырып күтіп отыр” деген жаңсақ пікірден де аулақпыз. Бұл орайда әлі ізденеріміз де, үйренеріміз де, тер төгеріміз де жеткілікті. Бәрі бірдей Қазақстанға мейіріммен қарап тек жағымды сөз айтып жатыр дегеннен де тежелеміз. Қабылдағысы келмейтіндер, тануға ықылас білдіргісі келмейтіндер де баршылық. Бізді әлі Ауғанстан деңгейінде деп ойлайтындар да, бізді оқытқысы, ақыл үйреткісі келетіндер де, тек сын көзбен қарап, атүсті сыңаржақ ақпарат негізінде сынап отырғысы келетіндер де баршылық.
Мемлекет осы жағдайларды ескере отырып, өзінің дүниежүзілік қоғамдастықтағы қызметін, жұмысын жандандыра түсуге тиіс. Және бұл бағыттағы жұмысқа мейлінше маңыз берілуі тиіс. Шет елдерге, халықаралық ұйымдарға дайындығы мол, ең жоғары беделді, бір өзінің тал бойымен, кескін-келбетімен, бай мінезімен, білім, біліктілігімен қазақтың мәртебесін көтеріп жүретін азаматтарымыз жіберілуі қажет. Олардың Қазақстанды шетел қоғамдарында жан-жақты насихаттауына қажетті қаржы бөлінуі қажет. Біз шетелдерге өз еліміз туралы шынайы ақпарат берілу ісін де жаңа жолға қоюымыз керек. Ол да үлкен білгірлікпен ұйымдастырылуы тиіс. Шет елдерде әртүрлі қоғамдық орталар, саяси партиялар, БАҚ, жастар ұйымдарымен тығыз байланысты жұмыс жүргізіп Қазақстанның бейбітсүйгіш, ізгілікті бейнесін қалыптастыруға жұмыс жасауымыз қажет. Және шет елге жұмысқа жіберілген адамдар туралы елдегі жұмысқа жарамаған, немесе “уақытша саяси айдауға жіберілген” деп қарамауымыз керек. Ол бір кезде Сталиннің Громыконы Англияға жібергендегі айтқан сөзінен қалған стереотип. Керісінше, ең мықтылар, өзінің сөзін өткізіп, тыңдата алатын, бөтен қоғамды сендіре алатын адамдар құрметпен қызметке шақырылса, ол да өз нәтижесін берері анық.
Қорыта айтқанда – біздің мемлекетіміз дүниеде болып жатқан құбылыстарға сырттан бақылаушы болып, тағдыр не сыйлар екен деп қол қусырып отырған жоқ. Қазақстан әлемге өзінің ізгілікті, бейбіт ниеті, өркендеуге, дамуға әзірлігі, тиянақты бағыты, бағдарламасы бар, бәсекелестікке қабілетті ел екендігін дәлелдеп, дүниежүзілік қоғамдастықтың белсенді мүшесі ретінде танылып, әлем елдерімен жіті қатынасын кеңейтіп отырған жаңа сипаттағы болашағы мол ірі мемлекет. Мақаланы күні кеше қабылданған жаңа Мемлекеттік гимніміздің сөзімен түйіндегіміз келеді:
Біздің ел осындай!


Скачать


zharar.kz