Болашақ мамандардың шығармашылық қабілеттерін инновациялық технологиялар арқылы дамытудың жолдары
Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында : Білім беру жүйесінің басты мақсаты – ұлттық және адамзаттық мәдени құндылықтар негізінде жеке тұлғаның қалыптасуына қажетті жағдай жасау , - деп көрсетілген.
Мұғалімдер педагогикалық, психологиялық, философиялық, физиологиялық және т. б. білім салаларының тиімді зерттеу нәтижелері мен әлемдік озық тәжірибелердің алдыңғы қатарлы идеяларын басшылыққа алады. Жаңа кезеңдегі мұғалімнің шығармашылық іс - әрекетінің мазмұны зерттеушілік қызметтен, жаңа ізденістерден, оқушымен, ата - анамен тығыз ынтымақтастықтан тұрады. Жеке тұлға қабілеттеріне бағытталған оқыту үрдісі әр мұғалімнің өзіне, өз ісіне және өзгеге деген жауапкершілігінің артып, оқушымен қарым - қатынасын берік сенімге негіздегенде ғана игі нәтижесін байқатуы мүмкін.
Қай мемлекеттің болмасын іргетасы, жарқын болашағы – оның ұрпағы. Олай болса, түптеп келгенде, елдің тілінің, туған жерінің, салт - дәстүрінің, қадір - қасиетінің артуы сол жас жеткіншектердің сана - сезімі болып табылады. Сол ұрпақты тәрбиелейтін де, жоғары сапалы азамат ретінде қалыптастыратын да білім ошағы болса, бұл - қоғамның білім саласына қосатын талаптарынан туындайды. Осы мақсаттан туындаған білім тұжырымдамасында: Білім саласындағы оқу - тәрбие үрдісінің айқын мақсаты, бір жағынан, гуманитарлық мәдениетті жаратылыстану - ғылыми мәдениетпен үйлесімді байланыстыру болып табылады ,- делінген. Міне, мұндай мақсатқа жету - оқытудың әдіс – тәсілдері мен әр алуан құралдарын қолданудың тиімділігін арттыру міндетін жүзеге асыруды қажет етеді.
Ана тілін ана сүтімен бойына дарытпаған, оның тұнығына қанып, тереңіне бойламаған бала тілдің қадірін қайдан түсінсін?! Демек, бесік жырынан басталып, баланың бойына сіңген ана тілі отбасында үзілмей, балабақшада ұласып, одан әрі мектеп, колледжбен жалғасып, жоғары оқу орындарымен аяқталып жатса, міне, сонда ғана ол мұратқа жетпек. Осы жүйе үзілмегенде ғана бала тілі ана тіліне айналып, тәрбие – тағылым тілі, өнер тілі, ғылым тілі бола алады. Ұлы кемеңгер Шыңғыс Айтматов айтқандай: Халықтың мәңгі ғұмыры – оның тілінде. Әрбір тіл өзінің халқы үшін ұлы . Ендеше, бүгінгі таңда ұстаз көтерер жүк те ауыр, ауқымды, салмақты. Заман алға жылжып, қоғам өзгерген сайын жаңа мазмұнды оқу жүйесін қалыптастыру өмір талабына айналуда. Бүгінгі студент - ертеңгі маманға қойылып отырған таңдау, мақсат та жоғары. Бала тәрбиесі - қоғамның азаматын даярлау жолындағы абыройлы іс. Өйткені тарихты жасайтын да, табиғатқа қожалық етіп, игілікке ие болатын да халық және оның жас ұрпағы.
Орта арнаулы оқу орындарында болашақ мамандардың шығармашылық қабілеттерін, кәсіптік деңгейін, танымдық белсенділіктерін жан - жақты дамыту мақсатына көп көңіл бөлінеді. Мұндағы біздің басты ұстанар міндет - мақсатымыз – халықтың өз бейнесін ашатын салт - дәстүр, әдет - ғұрпына тәрбиелеу, гуманитарлық бағытта көп көңіл бөлу, халқымыздың тарихы, әдебиеті мен мәдениетінен мағлұмат беру.