Басты дидактикалық мақсат - әрбір оқушының жоспарланған нәтижеге жетуін қамтамасыз ету

Скачать

center]Жаңа педагогикалық технологиялар және оларды тарихты оқытуда пайдалану[ center]
Білім беру сапасын жақсартудың бірден - бір жолы – жаңа педагогикалық технологияларды қолдану.
Қазір жаңа педагогикалық технологиялар туралы жарияланған еңбектер өте көп. Оларда осы жаңалық жан - жақты, әр түрлі қырынан баяндалады. Жалпы технология грек сөзі, бізше өнер, шеберлік дегенге келеді. Педагогикалық технология ұғымының қазір 300 - ден астам балама анықтамалары бар. Мәселен, осы проблеманы көптеген зерттеп жүрген Ресейдің белгілі педагог және т. б. ғалымдары оған төмендегідей анықтамалар береді.
Педагогикалық технология дегеніміз – оқыту үрдісін жүзеге асыратын мазмұнды техника (В. П. Беспалько).
Педагогикалық технология дегеніміз – оқытуды жоспарланған нәтижесіне жеткізетін қағазға жазылған барысы (үрдісі) (И. П. Волков).
Педагогикалық технология дегеніміз – оқушы мен мұғалім үшін барлық жағынан өте қолайлы жағдайлар жасай отырып, оқыту үрдісін жобалаудың, оны ұйымдастырудың және өткізудің бүге - шігесіне дейін ойластырылған, әрі бірлесіп жүзеге асырылатын педагогикалық қызметтің моделі (В. М. Монахов).
Педагогикалық технология дегеніміз – педагогикалық мақсаттарға жету үшін қолданылатын тұлғалық, инструменталдық, методологиялық құралдардың жүйеленген жиынтығы және олардың ретімен қызмет етуі (М. В. Кларин), т. б.

Жоғарыда келтірілгендерді және басқаларды жинақтасақ, оқыту (педагогикалық) технологиясы жүйелі категория екен, ол төмендегідей құрылымдардан тұрады: оқытудың мақсаты; оқыту мазмұны; педагогикалық әрекет етудің құралдары; оқыту үрдісін ұйымдастыру; оқушы, мұғалім; жасалған қызметтің (іс - әрекеттің) нәтижесі. Жоспарланған нәтижеге, мақсатқа жетудің басты шарты – оқытылатын тақырыптың, сабақтың мақсатын дәл, әрі нақты анықтау, оған нәтижеге жетудің жолдарын жобалап қолданылатын әдіс - тәсілдерді, құралдарды барынша тиімді іріктеу және дәл көрсету, нәтижені тексеру не тексеріп отыру. Осы жоба қағазға түсіріледі, оны жасауға да, жүзеге асыруға да барлық оқушылар белсене қатысады.

Оқыту үрдісіне жаңа педагогикалық технологияларды қолдану туралы Республикамызда жарияланған еңбектер, журнал мақалалары баршылық. Бірақ тарих пәнін оқытуда, әсіресе, қазақ мектептеріндегі тарихшылардың жаңа педагогикалық технологияларды пайдалану тәжірибелерін баяндайтын еңбектер, журнал мақалалары тапшы.
Төменде әңгіме болатын педагогикалық технологиялардың бәрі бірдей мүлде жаңа, бұрын қолданылмаған әдіс - тәсілдер немесе оқытуды ұйымдастырудың формалары емес. Әңгіме олардың мүлде жаңа тәсілмен қолданылатындығында, соған лайық жоспарланған нәтижеге, мақсатқа толық жететіндігінде.
Модульдік оқыту технологиясының ерекшелігі – оқулықтағы оқу материалдарының құрылымы үнемі сәтті бола бермейді, соның салдарынан тақырыптың оқу мақсатын жобалауда, нәтижеге жету де қиындық туғызады. Мұндай тақырыпты (3 - 5, 6 - 7 сағаттық) мұғалім оқушыларды қатыстыра отырып өздігінше жоспарлайды: құрылымын өзгертеді, мазмұнының логикалық байланыстарын күшейтеді, тақырыпты бірнеше ірі бөліктерге бөліп, әр бөлікке сәйкес келетін оқытудың ұйымдастыру формалары мен әдіс - тәсілдерін белгілейді. Бір модульде дәстүрлі сабақ, лекция, сабақ, семинар, қорытып - қайталау сабағы болуы мүмкін. Басты дидактикалық мақсат - әрбір оқушының жоспарланған нәтижеге жетуін қамтамасыз ету.

Дамыта оқыту технологиялары да тарихты оқытуда көп уақыттан бері (ХХ ғ. 60 - жылдарынан) пайдаланылып келеді. Оларды дұрыс, тиімді пайдаланған уақытта оқушылардың ойлау, таным қызметін ойдағыдай дамытуға, шығармашылықпен өздігінше жұмыс істеу біліктерін жетілдіруге мүмкіндік туады. Алдымен оқушылардың зерделілігі, қабылдаушылығы, ойланып - қиялданушылығы, есінде берік сақтаушылығы дамитын болады. Тарихтағы әр кезеңде болған ұқсас тарихы оқиғаларды, құбылыстарды салыстыру, ұқсастықтары мен айырмашылықтарын табу, айырмашылықтардың болу себептерін анықтау сияқты тапсырмалар бұған өте қолайлы. Тарихтағы жеке көрнекті қайраткерлердің атқарған қызметін толық ашып көрсету, оларға өздігінше баға беру сияқты тапсырмалар да осындай сипаты бар жұмыс түрлеріне жатады.
Этнопедагогикалық мәліметтерді пайдалану технологияларында келетін болсақ, алдымен тарих пәнінің бүкіл адамзаттың тарихы екенін, оның көп қырлы, жан - жақты ғылым екенін ескеруіміз керек. Сондықтан, жеке елдердің, мемлекеттердің тарихын оқытып үйрету барысында сол мемлекетті көптен мекендеп отырған ұлттардың, халықтардың мәліметтер келтірген дұрыс, бұл іске оқушылар белсене қатыса алады. Мұндай жұмыстың барысында жеке ұлттардың ерекшеліктерін де көрсетіп отырған дұрыс, мұның өзі оқушыларды сол ұлтқа деген құрметтеушілікке тәрбиелейді.

Тарих пәні ойын технологиясын пайдалануға да мүмкіндік береді және бұл туралы белгілі әдістемелік еңбектер мұнан көп бұрын - ақ жарыққа шыққан. Бұл технологияны тиімді пайдалану үшін оның жоспарлануы, мақсатының нақтылануы, толық жүзеге асуы және нәтижесі талдануы тиіс. Ойын – қоғамдық тәжірибені қайта қалпына келтіретін және меңгертетін іс - әрекет түрі. Оқыту үрдісінде пайдаланылатын ойындардың көпшілігінің мынадай ерекшеліктері болады: оған оқушылар өз еріктерімен қатысады, шығармашылық, бәсекелестік, жарысушылық, эмоциялық сипаты болады. Бұлармен қатар ойын мынадай қызметтер атқарады: оқушыларды әлеуметтік жағдаймен таныстырады, ұлтаралық қарым - қатынасқа үйретеді, олардың өз мүмкіндігін жүзеге асыруға жағдай жасайды, бала адамдар арасында болатын күрделі қарым - қатынасқа енеді, қиындықтарды жеңе білуге үйренеді. Оқушылардың көңілін көтеруі ойынның негізгі қызметінің бірі. Педагогикалық ойындардың түрлері: дидактикалық, құрылымдық, мазмұндық, жас ерекшеліктеріне байланысты болып бөлінеді.


Скачать


zharar.kz