Ағаштардың түрлері

Скачать

Ағаштардың түрлері
Категория: Балабақша үздік тәрбиешісі
Балабақшаның ересектер тобына арналған.
Білім беру саласы: таным, шығармашылық
Бөлімі: Қоршаған ортамен танысу.
Тақырыбы: Ағаштардың түрлері.
Мақсаты: балаларға туған табиғатымыздағы ағаштардың түрлерімен таныстыру және пайдасы туралы жан - жақты мәлімет беріп білімдерін кеңейту. Жаңа технологияны пайдалана отырып, сөздік қорын және ой - өрістерін дамыту. Ағаштарға қамқорлық жасай білуге үйрету. Табиғатты аялай білуге тәрбиелеу.
Әдіс – тәсілдері: түсіндіру, көрсету, сұрақ – жауап, тақпақ жаттату.
Заттық дамыту ортасы: ағаштардың суреттері, жаңа технологиялық мнемокестелер, өскін терек, ағаштан жасалған заттар, бақ.
Билингвалды сыңары: емен - дуб, аққайың – береза, терек - тополь.
Дәлелді – түрткі
- Балалар бүгін бізге көптеген қонақтар келіпті, келген қонақтармен сәлемдесе отырып, жылулық шеңберін жасайықшы!
Жарайсыңдар, балалар!

Ұйымдастырушылық – ізденістік
Балалар, далаға көз салып қарайықшы!
Қазір жылдың қай мезгілі?
Көктем мезгілінде неше ай бар?
Қазір қандай ай?

Көктемде қандай өзгерістер болады?

Көктемде қандай жұмыстар жасалады?

Дұрыс айтасыңдар, балалар!
Бүгінгі оқу іс - әрекетіміздің тақырыбын жұмбақ шешу арқылы табамыз ба балалар.
Күн жылынса киінді
Суытса шешті киімді (ағаш)
Балалар өздерің қандай ағаш түрлерін білесіңдер?
Бүгінгі тақырыбымыз Ағаштардың түрлері .
Ағаштардың түрлері өте көп және көп жылдық өсімдік.
Аққайың жер бетіндегі жалғыз ақ қабығымен ерекшеленетін әдемі ағаш. Өмір сүру ұзақтығы - 100 - 150 жыл.
Көктерек ағаштың жапырағы жел соқса, бірде жасыл, бірде сұрғылт болып түрленеді.

Шырша, балқарағай ағашы мәңгі жасыл болып тұрады және мықты, шірімейтін ағаш болғандықтан, одан кеме жасайды.
Билингвалды сыңары: емен - дуб, аққайың – береза, терек - тополь, алма ағашы - яблоня.
Ағаштың құрылымымен танысайық. Мынау суретке қарайықшы, мынау - толық жер астындағы ағашқа нәр беріп тұрған тамыры, топырақ ағашты берік ұстап тұрады, мынау - діңі. Діңінен жан - жаққа бұтақтары таралған. Көктемде бүршік атып, жапырақ жайып, гүлдейді. Жеміс ағашы туралы кім тақпақ біледі?
Ал келген қонақтарға жаңа технологиялық әдіс мнемокесте арқылы ағаштың пайдасын айтып өтейік.
Мынау қандай әріп? қандай дыбыс? Ағаштардың түрлері қандай болады?
Кесілген ағаштардан қандай заттар жасауға болады?
Жеміс ағашының пайдасы бар ма?
Қазақтар қандай ағашты қастерлейді?
Тосын сәт: (терезе алдында құс келіп қонады, оның аузында тістелінген хатын тәрбиеші алып): ой мына бірәдемі құс бізге хат алып келіпті ғой, қане хатты оқиықшы.
Сәлеметсіздер ме қошақан тобының балалары!
Сендерге хат жолдап отырған кәрі бағбан аталарыңмын. Мен қартайып, белім бүгіліп жүре алмайтын болғандықтан өзімнің күтіп баптайтын бағыма қарауға күш – қуатым жетер емес. Бағым күтімсіз қалғандықтан, ағаштардың бұтағы сынып, қурап бара жатыр. Бақтың ағаштарына қамқорлық жасауға көмек беріңдер.
с\н: бағбан аталарың.
Балалар бағбан атамыз кәрі кісі болғандықтан, бізден көмек сұрап отыр екен, ендеше көмекке барамыз ба?
Онда бару үшін дайындалайық. Олай болса мына өскін теректі атаның бағына егіп келейік.
Ағаштардың түбін қопсыту үшін және қураған бұтағын кесу үшін бізге қандай құралдар керек?
Баққа қандай көлікпен барамыз?
Ал балалар баққа келіп жеттік. Енді автобустан жаймен түсіп маған келіңдер. Табиғат неткен керемет! Балалар бақтағы ағаштардың жұпар ауасы қандай тамаша!
Қане тыныс алу жаттығуын жасайық.
Балалар жан – жақтарыңа қараңдаршы! Не байқап тұрсыңдар?
Кәне балалар сынған ағашты байлап, қураған ағашты кесіп, түбін қопсытып, зиянкестерден қорғап, түбін әктеп әдемі өсуіне жағдай жасайық.
Жарайсыңдар балалар!
Сол кезде ағашқа жан бітіп сөйлейді.
Рахмет сендерге
Сындырмаңдар мені,
Мен - жақсылық кені
Мен – денсаулық емі!
Күтсеңдер гүл ашам!
Жолыңа нұр шашам,
Міне балалар сендердің үлкен еңбектеріңнің арқасында, көрікті әсем баққа айналды. Ағаштарға арналған әсем тақпақтарымызды айтып берейік.
Бағбан ата келеді.
Сәлеметсіз бе ата? Сіздің хатыңызды оқып, көмекке Қошақан тобы келіп, бағыңызға қамқор болды.
Бағбаншы ата: сәлеметсіңдер ме Қошақан тобының балалары! Рахмет қошақандарым еңбектерің жансын. Сендердің зор еңбектеріңнің арқасында менің бағым әдемі баққа айналыпты ғой. Менің бағымдағы ағаштар туралы мақал - мәтел білесіңдер ме?
Жарайсыңдар, балалар! (атаның сыйлығын алып, рахмет айту)
Балалар баққа барып, таза ауа жұтып сергіп қалдық солай ма?
Бақтағы ағаштың жапырағы қандай болатынын байқадыңдар ма?
Олай болса мен сендердің есте сақтау қабілеттеріңді тексеріп көрейін.
Ойын: Луллия сақина
Шарты: алдарыңдағы луллия сақина затын алып, екі шеңберін айналдыра отырып, әр ағаштың жапырағын табамыз.
Таза ауамен серуендей жүріп тобымызға оралайық балалар.

Рефлексиялық – түзетушілік
Бүгінгі оқу іс - әрекетімізде не істедік?
Ағаштардың пайдасы туралы не білдік?
Бүгінгі оқу іс - әрекетімізді қорытындылай отырып мына суреттегі мнемокесте арқылы тақпақ жаттайық.
Көктем де, көктем де,
Күн нұрын төккенде.
Ағаштар, шөптер,
Гүлденіп жайқалады.
Бүгінгі оқу іс - әрекетімізден алған әсерлерің қандай?
Балаларды мадақтау.
Бүгінгі оқу іс - әрекетіміз осымен аяқталды, уақыт бөліп келгендеріңізге көп рахмет.

Күтілетін нәтиже:
Біледі: ағаштардың пайдасы туралы білді.
Игереді: ағаштарға қамқорлық жасап, ағаш егуді.
Меңгереді: жаңа технологиялық әдіс арқылы тақпақ жаттауды.

Жамбыл облысы, Тараз қаласы,
№32 "Ботақан" балабақша тәрбиешісі
Тастамбекова Айжан Усенкуловна

Толық нұсқасын жүктеу


Скачать


zharar.kz