Сабақтың тақырыбы: Сөз құрамы
Сабақтың мақсаты:
1. Білімділік: оқушылардың білімін одан әрі дамыту, тереңдету, ізденгіштігін арттыра отырып, ой - өрісін кеңейту, тіл байлығын молайту, ауызша жазбаша сөйлеу мәдениетін, сауаттылығын арттыру, шығармашылық қабілетін дамыту.
2. Тәрбиелік: оқушылардың бойына адамгершілік қасиеттер дарыту, ізгілікке, ынтымаққа халықтық педагогика негіздеріне баулу, өзара сыйластық, достыққа тәрбиелеу.
3. Дамытушылық: оқушылардың лингвистикалық дүниетанымдарын кеңейту.
Сабақтың типі: аралас сабақ
Сабақтың түрі: танымдық, тіл дамыту
Сабақтың әдіс - тәсілі: іздендіру, салыстыру, проблема қоя іздендіру, диалогты ойын түрлері, сөз құрастыру, СТО
Сабақтың көрнекілігі: сызбалар, таблицалар.
Пәнаралық байланыс: Қазақ әдебиеті, әлеуметтану, тарих.
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі:
1. Оқушылармен сәлемдесу.
2. Оқушылардың зейіндерін сабаққа аудару.
3. Оқушылардың сабаққа қатысын тексеру.
4. Оқушыларға сабақтың тақырыбы мен мақсаты туралы хабарлау
ІІ. Жаңа сабақ.
Сұрақ және тапсырма
1. Тракторшы, асқазан, кг., бірен - саран сөздерінің құрамдары бірдей ме, қайсысы қалай жасалған?
2. Бейбітшілік, радист, қалалық, құлыншақ, ашқыш, шекарашы сөздерін сөз бөлшектеріне талдап, әр бөлшектің мағынасы мен қызметін түсіндіріңдер.
3. Туынды түбірден тағы бір туынды түбір жасауға бола ма? Бір түбірге неше жұрнақ жалғауға болады?
4. Жұрнақтардың барлығы да жаңа мағыналы сөз тудыра бере ме? Сәл ғана үстеме мағына беретін жұрнақ жалғанған сөз тауып айтыңдар.
5. Қосымшалы сөздердің бәрі туынды түбір бола ма?
6. Оқырман, көрермен дейміз, ал сөйлермен, айтарман деп айтыла ма? Мұндағы жұрнақтар жайында не білесіңдер?
7. Әр шақпаққа бір бөлшектен келтіріп, төменде берілген шақпаққа жеті бөлшектен құралған сөз ойлап жазыңдар. Таблицамен жұмыс.
8. Мына сөздерді сөз құрамына, сөз бөлшектеріне талдаңдар. Бала - шағаларымызға. Жаздыгүнгідей, үгітшілеріміз.
9. Қосымша сөз құрамына жата ма?
10. Қай жалғаулар жақсыз қолданылады?
БЕС КҮРДЕЛІ, БЕС ЖАЛАҢ
Жалаң жұрнақты бес сөз, күрделі жұрнақ жалғанған бес сөз ойлап жазыңдар.
БҰЛ НЕ?
Кейбірі жаңа сөз жасайды, кейбірі сөзге қосымша мағына үстейді. Кейбірі сөз талғамай келе береді.
Кейбірі біраз сөзде ғана келеді.
Осындағы кейбірі деген төрт сөздің орнына төрт түрлі атаумен аталатын жауап сөз тауып айтыңдар.
КӨП ҚОСЫМШАЛЫ СӨЗДЕР
(жарыс ойыны)
Ойынға қатысушылар көп қосымшалы сөздер ойлап жазу үшін жарысады. Мөлшерлі уақытта сондай көп сөз тауып жазғандар жарыста озғандар болып саналады.
КІМ ЖЕҢУШІ БОЛҒЫСЫ КЕЛЕДІ?
Бастаушы ойынға қатысушыларға төмендегідей тапсырма береді де, оны мөлшерлі мерзімде дұрыс орындап шыққан балалар жеңуші болатынын ескертеді.
1. Жең деген сөзден (етістік) жасалып өрбіген сөздерді тізімдеп жазып алып, сөйлем ішінде келтіріп айту.
2. Төмендегі сөздердің әр түрлі түбірден өрбігенін дәлелдеп мағыналарына қарай екі бағанаға бөліп жазу.
Сыю, сыйлы, сыйымды, сыйлық, сыйымдылық, сыйла, сыйғызу, сыйлас, сыйласу, сыйдыру, сыйысу, сыйлау, сыйымсыз, сыйлағыш, сыймас, сыйласыңды, сыйыстыру, сыйласарлық.
БҰЛ ҚАНДАЙ ТҮБІР?
Төмендегі сөздердің қайсысы қандай түбір екенін айтыңдар. Бейбітшілік. Еңбек. Бостандық. Теңдік. Туысқандық. Бақыт.
ҚОСЫМШАЛАРДЫҢ ЖАЛҒАНУ ТӘРТІБІ
Мына схемаға қарап, сөздің түбіріне қосымшалардың жалғану тәртібін айтыңдар.
Түбір – Жалғау, Жұрнақ
Жалғаулар:
1) Көптік
2) Тәуелдік
3) Септік
4) Жіктік
ОЙЛАП КӨРІҢДЕРШІ
1. Көптік жалғаулардан кейін басқа жалғаулар ретімен жалғана береді, ал басқа жалғаудан соң көптік жалғауы жалғана ма? Жалғанса, қай жалғаудан соң жалғанады? Мысал келтіріп айтыңдар.
2. Бір сөзге 2 көптік, 2 тәуелдік немесе 2 септік, 2 жіктік жалғаулары жалғана ма? Ойлап көріңдерші.
3. Жалғаулардан соң жұрнақ жалғанған сөздер ойлаңдар. Ондай сөздер көп пе?
4. Септік жалғаулары жалғанбайтын сөздер бар ма? Мысал келтір.
5. Қай сөз табына жұрнақ жалғанбайды? Мысал келтір.
6. Жіктік жалғауының ІІІ жағы қай сөз таптарына жалғанбайды, қай сөз таптарына жалғанады?
7. Бір аттас жалғаулар түбірге бірінен соң бірі жалғана ала ма? (септік - септік немесе жіктік - жіктік т. б.)
БҰЛ ҚЫЗЫҚ
1- жақ тәуелдік жалғаудан соң ІІ жақ жіктік жалғауы жалғанады да, ІІ жақтық тәуелдіктен соң І жақтық жіктік жалғанады. Мысалы: сен менің жолдас - ым - сың; мен сенің жолдас - ың - мын.
- Жалғау көп пе, жұрнақ көп пе? – деп сұрайды, Ермек Қайраттан.
- Жалғау көп, - дейді Қайрат.
- Неге? десең:
- Жұрнақ екі - ақ түрлі, жалғау төрт түрлі ғой, - дейді.
- Жіктік жалғауының ІІІ жақ болымсыз түрі қалай? – десе:
- ІІІ жақтың болымды түрі де, болымсыз түрі де болмайды, - дейді.
Сендер қалай дейсіңдер?
Қосымшалы сөздерді табыңдар да, қосымшаларды түр - түріне ажыратыңдар.
1. Бар тілде, барлық жерде, ой мен қырда,
Қосады оны халық өлең, жырға.
Партия біздің Ұлы қамқоршымыз
Бөлеген елімізді бақыт, нұрға.
(Ж. Молдағалиев.)
Қай жалғаулар қолданылған?
Төмендегі үзіндідегі жалғаулы сөздерді анықтап, қай жалғаулар қолданылғанын айтыңдар.
Хан емессің, көмірсің, Хан емессің, бурасың,
Балқытқан көмір темірсің, Сақалың күнге қурасын!
Басыңды қасқыр кемірсін! Бауырыңа қайнаған қазан төгіліп,
Майыңа иттер семірсін! Бала-шағаң шуласын!
(Шернияз ақыннан.)
НЕШЕУІ ТУЫНДЫ ТҮБІР?
Арифметикалық төрт амалда (қосу, азайту, көбейту, бөлу амалдарында) қолданылатын атаулардың нешеуі туынды түбір?
ДӘЛ ТАУЫП АЙТЫҢДАР
Бастаушы қос сөздердің әр түрлерінің бірінші сыңарын атайды. Қол көтерген екінші сыңарын тауып айтады. Екінші ретте бастаушы екінші сыңарын атайды, оқушылар бірінші сыңарын тауып айтады. Емлесін де еске түсіріп, сөйлем құрап айтқызу тапсырылады. Дәл тауып дұрыс айтқан балалар жеңіске ие болады.
КІМ КӨП СӨЗ ТАУЫП, ДҰРЫС ЖАЗА АЛАДЫ?
Бастаушы оқушыларды екі топқа бөліп, біріншісіне біріккен сөздер, екіншісіне – әр түрлі қысқарған сөздер тауып жазуды тапсырады. Көп сөзді тауып, дұрыс жазған жағы жеңген болады да, оған мақтау беріледі.
ІV. Сабақты қорытындылау.
АЙТА АЛАСЫҢДАР МА?
1. Мына қосымшаларды тұсындағы сөздерге тиісті ретімен жалғап, сөйлем құрап айта аласыңдар ма?
Сөздер:------- - Қосымшалар:
Еңбек --------- - лер, - ші
Мал ---------- - лар, - шы, - ымыз
Оқы ----------- - у, - лар, - ға, - т, - шы
2. Оқы деген сөзден шәкірт сөзіне синонимдес сөз жасап айт. Онда неше жұрнақ бар?
3. – ист, - изм жұрнақтары бар сөздерді кім көп тауып айта алады?
4. Мына сөздерден әр түрлі қос сөз жасап айта аласыңдар ма?
Әдемі, бау, ауыз, ет, мәдени.
5. Республикамыздағы көмір алыптарының бірінің атын білдіретін біріккен сөздің біріншісі – сан есім, екіншісі – адамның негізгі мүшесі, үшіншісі – тағам аты. Ол қай өндірістің аты? Жазып көрсет.
6. Сөз құрамында талдағанда – туынды түбір, табына талдағанда – тұйық етістік. Жалпы алғанда грамматикалық термин. Ол қай сөз екенін айта аласыңдар ма?
V. Үй тапсырмасын беру.
VІ Оқушыларды бағалау.