Түс көру, оны жору, адам баласы келешекте болатын оқиғаларды немесе аяқ жетпес жердегіні түсінде көру құбылыстарын (вещие сны (орыс)) қазақ аталарымыз қасиетке балаған. Ғылым әлемі үшін мұндай көріністер әлі күнге дәлелсіз аксиомаға жатқызылады. Осындай ғажайып түс көріп, келесі күні телефон арқылы Тараз қаласындағы Сәкен ағайыма хабарласқанда Бөлеген досы түнде келін түсіргенін жеткізді. Сол түс көрген күні таңға жуық көмейіме санамнан небір кесек сөз тіркестері құйылып дегбірімді қоздырды. Мазам кетіп, таңғы 04. 15 - те орнымнан тұрып қатирамды қолыма алғанша небір құнды сөздер ғайыпқа кетіп, есімде қалғандарын қағазға түсірдім. Оқырмандар бұл көрініске нендей пікір айтар екен...?
БӨЛЕГЕН МЫРЗАҒА.
Қараша айы, түн ортасы бір түс көрдім,
Жағасы екен деймін айдын көлдің.
Тұғырда қыраны бар сері аңшы,
Көлге қарай бет алған асып дөңді.
Құс қаққан аңшының жүзі таныс,
Нақ тануға жер шалғай, деймін алыс.
Қыраны ақсұңқар ма, әлде лашын?
Оны да көрсетпейді қалың қамыс.
Құсбегі жүректі екен мойымайтын,
Дарияның толқынынан тайынбайтын.
Терең су ат сауырын басса дағы,
Ер ме деймін - еш апаттан қаймықпайтын.
Аңшының дегенімен жолы ақ екен,
Дауылпазды қағуы сол - ақ екен.
Қамыстан сансыз құстар тіке ұшты,
Мен дедім: Аңшы жолы болады екен .
Қалың құс көк аспанға көтерілді,
Құс шуынан бір сәтке құлақ тұнды.
Балақ бауы ағытылған қыран құс та,
Салған бетте жас аққуды бірден ілді.
Аңшының қыран құсын қызықтайын,
Олжалы болған екен құттықтайын.
Деген оймен асығып алға ұмтылам,
Терең су өткізбейді беті айдын.
Жүзі таныс бұл аңшы кім болды екен,
Дәу болса да өмірде анық көргем.
Қаладан ба, ауылдан ба әлде қайдан,
Жоқ болмаса көрдім бе басқа жерден?
Дегенімше саятшым да таяп келді,
Шытыменен сүртеді маңдай терді.
Міне ғажап көрініс осы екен,
Азаматты жазбай танып тұрмын енді.
Бөлеген - деймін - мұнда қайдан келдің,
Семей - Тараз арасы шалғай жердің.
Той болады - дейді - ұлымның, соған сені,
шақыруға елімнен әдейі келдім .
Оянып осы түсті көп ойладым,
Әкенің орындалған басты арманы.
Деуші еді: келін алып, той жасаймын ,
Қол жеткізген армандап ойға алғанын.
Бөлеген! Сәкенімнің досы едің,
Ақылыңа көзім жетіп әбден сендім.
Тойыңда болмасам да тілеулеспін,
Шаңыраққа бақ қонып, Қыдыр енсін.
Әмин!