Ұлбосыным пұл босын

Скачать

Мағжан Жұмабаев

Бауырсақ мұрны пұштиып,
Бесікте жатты Ұлбосын.
Әкесінің ойында:
Ұлбосыным пұл босын!..
Тышқан көзі сықсиып,
Ойнап жүрді Ұлбосын.
Әкесі енді жиірек
Ойлап жүрді: Пұл болсын!..
Бүйрек беті бұлтиып,
Шолпы тақты Ұлбосын.
Күлім қақты әкесі,
Ойға батты: Пұл болсын!..
Салмақты қыз боп ақылды,
Он бірге жетті Ұлбосын.
Мал алуға әкесі
Құдаға кетті: Пұл болсын!..
Бауырсақ мұрын, бүйрек бет
Он беске келді Ұлбосын.
Әкесі ойды иректейд:
Отыра түссін, пұл болсын!..
Ирек боп қалды - ау ой шіркін,
Пұл болмады - ау Ұлбосын.
Ұлбосын биыл есітті:
Енді әйелге жол болсын...
Естіпті де досына:
Мән - жай мынау... ал досым... -
Депті. Сөйтіп, сол түнде - ақ
Кетіп - ақ қалған Ұлбосын.
Бұрқырап отыр әкесі:
Құл болмаса, бұл болсын!
Мен не деймін, қалқам - ау,
Жол болсын деймін, жол болсын.


Скачать


zharar.kz