Ағылшын тілі сабақтарында дидактикалық материалдарды пайдалану
Дидактикалық материалдар 5 сыныпқа арналған, ағылшын тілі оқулығы авторлар: Т. Аяпова, Д. Ұқпаев, 50 тақырып (10 бөлім) бойынша жасалған. Әр тақырып бойынша оқушылар белгілі бір сөздік қорын игеруі, жаңа сөздерді қолдана білуі және жаза білуі қажет.
Балалар көбінесе ағылшын тілін қиын пән деп ойлайды. Сабақты бірыңғай әдістермен жүргізе беру оқушыларды жалықтырып жіберуі мүмкін. Сондықтан дидактикалық ойындар, логикалық ойын - тапсырмалар оқушылардың білімді толық игеруіне көмектеседі. Дидактикалық тапсырма түрлерін сабақтың әр кезеңінде орны мен мақсатын анықтап, қолдану теориясы мен практикасын мұғалім алдын ала дайындап отыруы тиіс. Дидактикалық тапсырмалар сабақтың тақырыбы мен мазмұнына сәйкес алынса, оның танымдық, тәрбиелілік маңызы да арта түседі.
Қабілеттілік, дарындылық, логикалық икемділік дегеніміз дамудың нәтижесі болғандықтан, оның туа бітуі мүмкін емес. Оқушының қабілеті педагогтардың ықпалының аясында шыңдалады.
Логика дегеніміз спортшыға да, бишіге де, жазушыға да керек қой. Өз ойыңды, сезіміңді логикалық тұрғыда дұрыс жеткізе білу – үлкен өнер
Мектеп курсында логика жеке пән ретінде өтілмейді. Логикалық білім мен дағдыларды қалыптастыруға барлық сабақтардың үлесі бар, олардың ішінде ағылшын тілі сабағының өз орны бар.
Жинақта берілген логикалық тапсырмаларды орындау баланың ақыл – ойын, қиялын, ой ұшқырлығын дамытады. Бұл оқушылардың түрлі мазмұнды жаттығуларды орындауға, өздігінен жұмыс істеуге, алған білімін өмірде қолдана білуге, ізденімпаздыққа, ой белсенділігі мен тіл байлығын арттыра түсуге, түрлі дағды мен шеберлікті меңгеруге қалыптастырады.
Тілдік жұмбақ, ребустар, сөзжұмбақтар, сөзтізбектер – ой әрекетті дамытады. Мұндай тапсырмалар оқушының пәнге деген ынта ықыласын арттырып, тапсырмаларды өздігінен орындауға итермелейді, логикалық ой - өрісін дамытады.
Тақырыбы: Ағылшын тілі сабақтарында дидактикалық материалдарды пайдалану.
Мақсаты:
Ағылшын тілі сабақтарында дидактикалық материалдарды қолдана отырып, оқушылардың шығармашылық ізденістерін, логикалық ойлау қабілетін дамыту.
Білімділік: Оқушылардың сөйлеу тілін қалыптастырып, сөздік қорын молайту.
Дамытушылық: Әрбір жеке тұлғаның ақыл - ойының дамуына адамгершілікке ұмтылып, әдемілікті сүюге, үйретуге және шығармашылық даму мүмкіндігіне жағдай жасау.
Тәрбиелік: Оқушылардың тілдік мәдениеттілігі мен тілдік іс - әрекеттер арқылы халық мәдениетінің элементтерін қолдана алу іскерліктерін қалыптастыру.
Міндеттері:
Ақыл – ойды дамыту.
Шығармашылық тақырыптағы тапсырмаларды орындату.
Ағылшын тілін игеру процесінде тұлғаны тәрбиелеу.
Алдына қойылған сұрауға немесе тапсырманы орындауға (жылдам, сенімді және дұрыс) жауап беруге дағдыландыру.
Логикалық ойлауды және сөздік қорын толықтыру.
Күтілетін нәтиже:
1. Қазақстанның әлемдік зерделік нарығында бәсекелестік таныта алатын дарынды тұлға қалыптастыруға қадам жасау.
2. Оқушының оқу еңбегін биік сапаға жеткізу, шығармашылық белсенділігін арттыру
3. Дарынды тұлға қалыптастыра отырып, Қазақстан Республикасының зерделі әулетін қалыптастыруға үлес қосу.
Оқушыда қалыптасатын дағдылар:
Байқампаздығының дамуы
Ізденгіштікке ұмтылуы
Толық фантазиялық еркіндігі
Ой - өрісін, ұғымын кеңеюі
Ағылшын тілі пәніне қызығушылығының артуы.
Оқыту үрдісін нығайтуда, оқушылар білімін тереңдетуде дидактикалық тапсырмалардың алатын орны ерекше. Дидактикалық тапсырмалар арқылы пәннің мазмұндылығын арттыруға, оқушыға жаңа білім беруге, алған білімін жүйелеуге, пысықтауға, қорытындылауға болады.
Дидактикалық тапсырмаларды оқушы қарындашпен орындайды. Бұл үлестірме материалдарды бірнеше рет әр сыныпта пайдалануға мүмкіндік береді.
Ауызша сұрақ – жауаптан айырмашылығы – дидактикалық карточкалар арқылы бір мезгілде бірнеше оқушы қамтылып, сынып оқушыларының зерігуіне жол берілмейді. Тарау немесе бөлім бойынша құрастырылған дидактикалық тапсырмалар бірнеше тақырыпты, бірнеше ұғымды бір – бірімен байланыстырып, оқушының тарау бойында алған білімін жүйелеп, қорытындылауына мүмкіндік береді. Сондай - ақ, дидактикалық карточкаларда тапсырмалар көбіне көрнекті кескінделеді сызбасы беріледі немесе түрлі түспен жазылады, т. б. де, білімді қабылдауға, жүйелеуге есіту анализаторымен бірге көру анализаторы да қатысады, бұл – оқушының ойлау үрдісін, есте сақтау үрдісін арттыра түседі.
Оқушылардың ағылшын тілі пәніне деген қызығушылығын оятуда шығармашылық тапсырмалар, дидактикалық тапсырмалар мен ойындар, танымдық жаттығулардың алатын орны ерекше екені белгілі. Себебі бұндай тапсырмаларды орындау барысында оқушылардың дербес ойлануына, тұжырым жасауына мүмкіндік беретін өз білімін тексеру және өзара жарысу элементтері бар. Оқушылардың шығармашылық ойларын дамытып әр түрлі сөзжұмбақтар шешу, дидактикалық тапсырмалар орындау барысында оқушылар өздігінен жұмыс істеуге дағдыланады.
Сонымен қатар бүгінгі таңдағы өзекті мәселе ақпараттандыру болса, біз де соған бейімделе отырып компьютерді тиімді пайдалана білдік. Компьютерде Дидактикалық материалдар папкасын құрдық. Оқушылар сабақтан тыс уақытта папканы ашып, қажетті сыныпты, тақырыпты таңдап, тапсырманы орындай алады. Мұғалім қажет уақытта оқушының жұмысын бағалай алады. Бұл сабақ уақытын үнемдеп, тиімді пайдалануға ыңғайлы.
Сондай - ақ мұндай дидактикалық материалдарды кез келген технологияда жұмыс істейтін мұғалім пайдалана алады.
Сонымен оқушылардың теориялық білімдерін тереңдетуде, тілін ширатуда, сөздік қорын молайтуда, жаңа сөздердің сырын ұғуға икемдеуде осы дидактикалық материалдардың маңызы зор.
Ағылшын тілімен енді ғана таныса бастаған 5 - сынып оқушылары үшін әрбір жаңа сөз – жаңа білім. Төмендегі дидактикалық тапсырмалар ағылшын тілінің әліпбиін, сандарын жете меңгеруге арналған.