Алашымның Ұлы анасы бір өзіңсің, Әлемге қанат жайған атақ - даңқың

Скачать

Қасиетпен құт дарытқан Қызылорда!

Құтты болсын айтамын бұл тойыңа,
Құдіретті жинағансың бар бойыңа,
Қызылордам қасиетті құт мекенім,
Алламның сыйы берген сыр бойына.

Сен менің шырқалатын шаттық үнім,
Тек өзіңде арайлап атты күнім,
Бақыттымын өзіңде туғаныма,
Ақындықтың ақ сандығын аштым бүгін.

Әрбір атқан таңыма шаттанамын,
Шайырлардың ізімін деп мақтанамын,
Өлең десе жүрегім елегізіп,
Жыр - маржаны көгіме атты алауын.

Мәңгілік мекен еткен Қорқыт бабам,
Сүлейлерді түлеткен сайран далам,
Жер жәннәті өзіңсің ғаламдағы,
Тек өзіңнен туған жер бақыт табам.

Сыр елі аңыздағы жырдың елі,
Жыраулар күміс көмей дүл-дүл еді,
Сұлу сырда бойжеткен Роза апам,
Қазақтың ерке қызы, бұл - бұл еді.

Сырдың елі қашаннан да бағалы,
Тұғырынан түлеткен ел дананы,
Екінші Абай деп таниды мына әлем
Сыр сүлейі, Тұрмағамбет бабаны.

Ақ күрішті ақ алтынды аймағым,
Өсе берсін асқақтасын айбарың,
Бірлігіңмен татулығың бекем боп,
Сүттей ұйып, бұзылмасын қаймағың.

Ару қалам Ақмешітім астанам,
Мәдениеттің үлгісін сен бастаған,
Ана тілдің биік ұстап тұғырын,
Ата - салтын әркез халқың сақтаған.

Тең келмейді өзіңе күміс, алтын,
Тілеуіңді тілейді барша халқым.
Алашымның Ұлы анасы бір өзіңсің,
Әлемге қанат жайған атақ - даңқың.

Сен менің байлығымсың сарқылмайтын,
Айдын - шалқар көлімсің тартылмайтын,
Тарихың бар сан ғасырлық тұнып жатқан,
Тұңғиыққа батсам да таусылмайтын.

Сыр Алаштың анасы бұл қашаннан,
Тарихы бар тасқа ойып қашалған,
Сенсің менің Меккем менен Мединам,
Жаратқанның құдіретімен жасалған.

Қасиетпен құт дарытқан Қызылорда,
Тарихыңды таңбаладың сара жолда,
Жасара бер, жайнай бер мәңгілікке,
Жаратқаным жар болып Аллам қолда.


Скачать


zharar.kz