Тақырыбы: Сабын және СЖЗ
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында білім берудің мемлекеттік стандартына сәйкес мектептегі оқыту мен тәрбиелеу маңызы түбегейлі өзгеріп, бірінші кезекке оқушының оқу - танымдық іс - әрекетін дұрыс және тиімді ұйымдастыру негізінде жеке бас тұлғасын қалыптастыру мақсаты алға қойылған.
Мұғалімнің міндеті – оқушыға кез - келген білім саласын меңгертудің жеңіл де тиімді жолдарын тауып, шығармашылықпен жұмыс істей білуге үйрету. Уақыт өткен сайын сабақ өткізуді жетілдірудің жолдары мен әдістері үнемі өзгеріп, жаңаруда. Балаға білім беруде химия пәнінен дәстүрлі емес сабақ өткізу барысында сыни тұрғысынан ойлаудың элементтерін пайдаланам. Бұл кезде оқушының белсенділігі артады, өз ойын ашық, еркін айта алады, топпен жұмыс жасап, бір - бірін тыңдауға үйренеді, білгендерін айтуға ұмтылса, білмегендерін білуге тырысады. Шығармашылықпен жұмыс жасауға үйренеді. Қиындықты бірігіп шешуге, мәселелерді бірлесе талқылауға үйренеді. Осындай сабақты 11 - сыныпта Сабын және синтетикалық жуғыш заттар тақырыбында өткіздім.
Күтілетін нәтиже:
- Заттың формулаларын ажырата алады.
- Химиялық қасиеттерін анықтай алады
- Қолдану аясын біледі
- Химиялық реакция теңдеулерін жаза алады
- Заттардың айырмашылығын біледі.
Үй тапсырмасы бойынша оқушыларға тез жауап беруді талап ететін сұрақтар қойылып, үйге берілген есептің шығарылуы тексеріледі.
І. Қызығушылықты ояту Оқушыларға жұмбақ - сұрақ жасырылады. Бұл заттың аты – тілімізге арабтың сабун деген сөзінен енген кірме сөз. Сілтінің, сақардың және майдың қосындысынан жасалған, суда еритін кір жууға арналған кесек немесе қоймалжың сұйық зат. Бүгінде оның сан түрлі атаулары бар. Ал біздің ата - бабаларымыз да оны ерте кезден - ақ қолдан қайнатып жасап шығару тәсілдерін білген. Бұл қандай зат? Оқушылар жұмбақ - сұрақтың жауабының сабын екенін тауып, сабақтың тақырыбы хабарланады.
ІІ. Мағынаны тану Жаңа сабақты меңгеру.
Оқулықтағы жаңа мәтінді оқу, содан соң мынадай сұрақтарға жауап беру.
Блум таксономиясы.
Білу сұрағы. Сабын және синтетикалық жуғыш заттар дегеніміз не?
Түсіну сұрағы. Өндірісте сабынды қалай алады? Қазақ халқының ежелгі сабын жасау әдісін қалай түсіндіре аласың?
Қолдану сұрағы. Сабын арқылы судың кермектігін қалай анықтауға болады?
Талдау сұрағы. Сабын мен синтетикалық жуғыш заттардың бір - бірінен айырмашылығы қандай?
Жинақтау сұрағы. Сабынды жуғыш құралдан басқа тағы қалай пайдалануға болады?
Бағалау сұрағы. Синтетикалық жуғыш заттардың қоршаған ортаға зиянды әсері қандай?