Мемлекеттік әнұранның авторлары кімдер

Скачать

Ұйымдастыру кезеңі.
Оқушыларды сабақтың тақырыбы, оның мақсат - міндеттері және негізгі әдістерімен таныстыру.
Тәрбиеші: Сәлеметсіздер ме, балалар! Бүгінгі Әнұраным – айбыным, туым – теңдігім, елтаңбам - елдігім атты дөңгелек үстелімізге қош келдіңіздер!
Қазақстан туымен тұғырлы,
Елтаңбасымен еңселі.
Әнұранымен айбатты
Ендеше бүгінгі дөңгелек үстеліміз мемлекеттік рәміздер туралы болмақ.
Слайд. Мемлекеттік рәміздер түсінігі.
Мемлекеттік рәміздерге нелер жатады? Оқушылар жауап береді.
Мемлекеттік рәміздер – елдің тәуелсіздігін білдіретін негізгі белгілер. Мемлекеттік рәміздерге мемлекеттік әнұран, мемлекеттік ту, мемлекеттік елтаңба жатады. Мемлекеттік рәміздерде белгілі мағына, жанды, жансыз заттардың бейнелері көрсетілді.

Слайд. Әнұраным – айбыным. Қазақстан Республикасының Әнұраны туралы.
Бұрын да ел ішінде танымал болған Менің Қазақстаным әні 2006 - жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен мемлекеттік әнұран ретінде бекітілді. Әннің авторы Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекеттік рәміздердің ішінде ең маңыздысы - әнұран. Ол халықты әйгілі етеді. Қазақстан әнұранында халықтың тарихы, бүгінгі өмірі мен келешек армандары суреттелген.

Сұрақ - жауап.
1. Мемлекеттік әнұран қайда орындалады?
2. Мемлекеттік әнұранды орындағанда қалай тұрамыз?
Оқушылар жауап береді.
Әнұран маңызды салтанатты жиындарда, спорт жарыстарында орындалады. Әнұранды айтқан кезде түрегеп тұрып, қолымызды көкірегімізге қойып орындаймыз. Бәріміз Қазақстан республикасының азаматы ретінде әнұранымызды білуге міндеттіміз.
Қане, балалар, бәріміз бірігіп әнұранымызды орындайық.
Әнұран орындалады. (слайд)
Туым – теңдігім. (слайд) Қазақстан Республикасының туы – Қазақстан республикасының негізгі рәміздерінің бірі. Слайдта көрсетіледі.
Тудың ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген. Тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Тудағы күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес.
Тудың авторы кім, балалар?
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы – Шәкен Ниязбеков. (слайд)
Ән. Көк тудың желбірегені Бәріміз орындаймыз. Бейнебаян көрсетіледі.
Слайд. Елтаңбам – елдігім. Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасы.
Слайдта елтаңбаның суреті көрсетіледі.
Мемлекеттік елтаңба – дөңгелек пішінді және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген. Шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде Қазақстан деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы, қанатты пырақтардың бейнесі, сондай - ақ Қазақстан деген жазу – алтын түстес.
Мемлекеттік елтаңбаның авторлары: Жандарбек Мәлібеков
Шота Уәлиханов
Тәрбиеші: Ал, балалар, мемлекеттік рәміздер туралы мәлімет алдық. Рәміздер туралы тақпақ білеміз ба? Оқушылар тақпақ айтады.

Сұрақ - жауап. 1. Қазақстан республикасы тәуелсіздігін қашан алды?
2. Тәуелсіздік мерекесі қай күн?
3. Мемлекеттік рәміздер қандай?
4. Мемлекеттік әнұранның авторлары кімдер?
5. Мемлекеттік тудың авторы кім?
6. Мемлекеттік елтаңбаның авторлары кімдер?

Тақтамен жұмыс. Интерактив тақтада бірнеше мемлекеттің тулары көрсетіледі. Оқушылар солардың арасынан Қазақстан туын тауып көрсетеді.

Қорытынды. Сурет салу. Оқушыларға мемлекеттік ту мен елтаңбаны салу тапсырма ретінде беріледі. Тапсырма бағаланады.
Тәрбиеші: Міне, балалар, бүгін өздеріңді Тәуелсіз елдің болашағы екендеріңді көрсеттіңдер. Біз бүгін мемлекеттік рәміздер туралы мәліметтер алдық. Осы мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – елді, халықты, әдет - ғұрыпты, салт - дәстүрді құрметтеу болып есептеледі. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу - әрбір Қазақстан азаматының қасиетті борышы. Біз тілімізді құрметтеп, Отанымызды сүйіп, еліміздің көркейіп, дамуына өз үлесімізді қосамыз.

Қаскелең қаласы облыстық зерде бұзылыстары бар
балаларға арналған мектеп - интернаты тәрбиешісі
Жұманазарова Амина


Скачать


zharar.kz