Тақырып: Туған өлкеде өсетін және бөлме өсімдіктерінің емдік қасиеттері. Алоэ
Алғы сөз
Қазақстан ұлы державада болуы үшін ақылды да ойлы, дарынды жастар керек.
(Н. Ә. Назарбаев)
Бүгін білім саласының алдында шығармашылық бағытта жұмыс істейтін, тың жаңалықтар ашатын, біртума ойлау қабілетімен ерекшеленетін жеке тұлға қалыптастыру міндеті тұр.
Өйткені қазіргі кезең қоғамның жедел дамуымен байланысты болса, ал болашақта ғылым мен техниканы, өндірісті дамытатын бүгінгі мектеп оқушылары. Оқушылардың өз - өзіне сенімін арттыру, олардың шығармашылығын дамыту, бастауыш сатыдан бастап ғылыми - зерттеушілікпен айналысуға баулу – мұғалімнің педагогикалық шеберлігіне байланысты.
Мұғалім алдында бүгінгі болашақ ұрпақ тәрбиелеуде тұрған міндеттер:
Білім мазмұны және оны оқытудың әдіс - тәсілдерін түрлендіру арқылы білім сапасын арттыру.
Бастауыш сатыдан кішкентай ғалымдарды даярлауда зерттеушілік ізденіске, зерттеу жұмыстарына баулу.
Бала бойындағы алғырлық, зеректікке байланысты дарындылықты анықтау.
Әрбір оқушы бойындағы ерекше қабілетті көре білу мұғалім үшін аса қажет қасиет. Ол үшін ерінбей еңбектеніп, күнделікті сабақта, тәрбие жұмысында, үйірме жұмысында оқушыны үзбей бақылап, рейтинг жүйесімен білімін бағалай отырып, бала бойындағы дарындылықты, жүйелі білім алуға қабілетті жеке тұлғаны анықтауға болады.
Жалпы зерттеушілік қабілетті дамыту үшін мына талаптар орындалуы қажет:
ұстаз біліктілігі;
оқушы мен ұстаз арасындағы қарым - қатынас;
туа біткен қасиетті дамыту;
отбасының жағдайы, ата - анасының қолдауы;
Бастауыш класс мұғалімдерінің мектеп оқушыларының жас ерекшеліктеріне қарай шығармашылықпен айналысуынан өз шәкірттерінен бүгінгі талапқа сәйкес жас ғалымдарды тәрбиелеп шығарып отырады деген сенімдеміз.
Үкібаева Ы. З.
Зерттеудің мақсаты: Туған өлкеде өсетін және бөлме өсімдіктерінің дәрілік қасиеттерін тану, ажырата білу, олардың емдік қасиеттерін анықтау, салауатты өмір салтын насихаттау.
Зерттеудің міндеттері: Туған өлкеде өсетін және бөлме өсімдіктерін зерттей отырып, олардың адам, қоғам өміріндегі маңызын ашу. Бұл өсімдіктердің таптырмайтын емдік көзі екенін дәлелдеу. Олардың өсетін жерлерін, өсу ерекшеліктерін анықтап, қоршаған ортаны таныту, олардың адам өмірінің арашасы екеніне көз жеткізу.
Зерттеудің өзектілігі: Туған жерде өсетін дәрілік өсімдіктердің құпиасын Аша, зерттей отырып, адамзат қауымын өзін қоршаған табиғат аясын қорғауға және оны аялай білуге шақыру. Табиғат әлемінің адамдарға берер нәрі мол екеніне көз жеткізу.
Аннотация
Өсімдіктердің емдік қасиеттері атты бұл зерттеу жұмысын таңдап, зерттей бастағаныма бір жылдан асты. Сынып жетекшім мен ата анамның көмектесуінің арқасында көптеген іс шаралар атқарылды.
Зерттеудің алғашқы баспалдағы жалпы дәрілік өсімдіктер туралы мәліметтер жинақтаудан басталды. Осы мақсатта мектеп, аудан кітапханаларын үздіксіз аралап, дәрілік өсімдіктер туралы деректер жинақталды. Сонымен қатар, аудандық аурухана қызметкерлерімен және халық емшілерімен жие жүргізілген сұқпаттар оң нәтиже бере бастады.
Зерттеудің келесі сатысында жинақтаған деректерге сүйене отырып жасалған жұмыс өз нәтижелерін бере бастады. Зерттеу барысында аулада, бақшада өсетін дәрілік өсімдіктердің ( итмұрын, түймедақ, жусан, бақбақ, қалақай, өгейшөп) түрлерін жинақтау, теру, өңдеу жұмыстары атқарылды. Бұл өсімдіктер туралы көптеген деректер жинақталып, жұмыс алға жылжыды. Бос кездің бәрінде бөлме өсімдіктерін өсіріп, баптап, күттім. Өсіріп ғана қоймай олардың ауырғанда қандай мүшесін, қандай ауруға қолдануға болатынын зерттеп білдім.
Зерттеу жұмысы көп оқуды, білуді талап етті. Өзім зерттеп жүрген дәрілік өсімдіктердің, атап айтсақ алоэ, герань, золотой ус, жусан, түймедақ, итмұрындардың қаншама шипасы екеніне көзім жетті.
Осы дәрілік өсімдіктерді пайдалана отырып, мектеп жасындағы балалар және жас сәбилер жиренбей іше алатын, түрлі дәмдеуіштер қосылған, дәмі жағымды дәрілер жасалса нұр үстіне, нұр болар еді.
Зерттеу жұмыстарының оң нәтижелерін көре отырып мынадай ұсыныстарды алға міндет етіп қойғым келеді:
- Мектеп оқушыларына өз жерінің дәрілік өсімдіктерін таныту мақсатында жазғы демалыстарында мамандар немесе мұғалімдер топсеруендер ұйымдастырса;
- мектеп қабырғасынан емдік қасиеттері бар бөлме өсімдіктерін арнайы өсіріп, баптап, зерттеп, күтетін бұрыш берілсе;
- тек дәрілік өсімдіктерді және олардың емдік қасиеттерін жарнамалайтын дәріханалар ашылса;
- дәрілік өсімдіктерге түрлі дәмдеуіштер қоса отырып, жас балалар жиренбей іше алатын түрлі - түсті кәмпиттер секілді дәрілер жасалса;
Егеменді, тәуелсіз мемлекетте тұрып салауатты өмір салтын сақтай білейік!
Кіріспе
Өсімдік өмір кепілі деген қағиданы ұстана отырып өсімдіктердің емдік қасиеттерін зерттеуге бел будым. Менің бұл тақырыпты таңдауыма сынып жетекшім мен анам ықпал етті. Өзім кішкентайымнан бөлме өсімдіктерін өсіріп, күтіп, баптауды ұнататынмын. Ес білгеннен бері оқыған - түйгенімнің арқасында тек бөлме өсімдіктері ғана емес, жалпы өсімдік атауының адам өміріне, олардың денсаулығына тигізетін пайдасы, қасиеттері қызықтыра бастады.
Қоршаған ортаның адамдарға тигізетін әсері орасан зор екендігі белгілі. Соның ішінде дәрілік өсімдіктердің адам өміріне тигізетін маңызы зор екеніне ешкім күмән келтіре алмас.
Біздің халқымыз ерте замандардан бері дәрілік өсімдіктердің құпиясын білген, әрі оларды әртүрлі ауруларды емдеуге шебер қолданып келген.
Өсімдіктердің емдік қасиеттерін білу үшін көп еңбек етуге тура келді. Мектеп және аудан кітапханаларында болып осы төңіректе көптеген мәліметтер, деректер жинақтадым. Сонымен бірге Хромтау қаласындағы дәріхана қызметкерлерімен кездесулерге барып, дәрілік өсімдіктердің емдік қасиеттерімен танысып отырдым. Көп ізденіп, көп оқыдым. Өз бөлімше дәрігерім, терапевт Қайрашева Сауле апаймен кездесіп, емдік өсімдіктердің түрлерін, қолданылуын білдім.
Көп ізденіп зерттеу барысында өсімдіктердің емдік қасиеттері туралы деректер жинала бастады.
Отбасымызда анам Алтынай Шоқылқызы емдік мақсатта пайдалану үшін бөлме өсімдіктерін көп отырғызады. 1 - 2 сыныптардан бастап ана көрген тон пішер демекші менде анамнан көргенімді ойға түйе отырып, бөлме өсімдіктерінің емдік қасиеттерін біле бастадым.
Атап айтсам, бөлме өсімдіктерінен емдік мақсатта алой (алоэ), орыс халқы оны столетник (жүзжылдық) деп те атайды, герань, фикус, золотой ус, кактус т. б. өсіремін.
Жаз айларында өзіміздің бақшамызда өсетін аскөкті, меруетгүлді, бақбақты, сонымен қатар даланың кез келген жерінде өсетін түймедақ, өгейшөп, жусан өсімдіктерін теріп, кептіріп емдік мақсатта пайдаланамын.
Қазіргі технология қарқындаған заманда ауаның түрлі себептермен ластануына байланысты адамдарда көптеген ауру түрлері көбейіп отырған жайы бар. Сол ауруларды өсімдіктермен емдеу жолдарын білген әрбір адамға тиімді болар еді. Өкінішке орай аяғымыздың астында өсіп тұрған емдік қасиеті жоғары өсімдікті тани бермейміз. Егер әрбір саналы, сауатты
Қазақстан азаматы, азаматшасы өз елінің табиғат сыйлаған сыйын танып, қолдана білсе, салауатты өмір кепілі болмас па еді. Олай дейтінім ерінбей бар затты пайдалану керек.
Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде демей ме атам қазақ.
Сондықтан табиғаттың сыйға тартқан дәрілік өсімдіктерін тану, оларды зерттей білу, қасиеттерін ашу мен үшін алға қойған басты мақсат деп білемін.
Қоғам бар жерде адам бар. Адам бар жерде түрлі аурулар бар. Бірақ, сол мәселені шешу әр адамның саналы қорғанысында.
Бөлме өсімдіктерін зерттеу сәтінен көрініс.
І. Негізгі бөлім
Біздің халқымыз ерте замандардан бері дәрілік өсімдіктердің құпиясын білген, әрі оларды әртүрлі ауруларды емдеуге шебер қолданып келген. Шипалы өсімдіктерден дәрі жасау әдістері ұрпақтан - ұрпаққа өтіп, бұл дәстүр атадан жалғасып отырған.
Қазақстан табиғи жағдайлары әртүрлі болып келетін орманды, далалы, таулы аймақтардан тұрады. Республика аймағында 6000 - ға жуық өсімдік түрлерін кездестіруге болады екен десек, оның 500 түрінен дәрілік заттар алынады екен. Осынша байлықты игерумен бірге дәрілік өсімдіктерді зерттеудің, оны танып, білудің маңызы зор. Ерте заманнан бері мал бағумен айналысқан көшпелі қазақ халқы шөптердің, жалпы өсімдіктердің емдік қасиеттерін ертеден білген.
Әбу - Насыр - Әл Фараби, Әбу - Әли Ибн - Сина, Беруни, Әл - Джуржани қазақ халқының медицинасының дамуына әсері дәрілік өсімдіктерді тауып пайдалануына зор ықпал етті. Жер жүзіндегі дәрілердің 40 -%- ы өсімдіктен дайындалады екен. Қазіргі кезде шөппен емдеу әдіс - тәсілдері кеңінен қолданылып жүр. Үй жағдайында кеңінен қолдануға жеткілікті. Ол үшін дәрісіз ем - дом дәрілік өсімдіктерден іздеуіміз керек. [5, 31б]
Қай заманда болсын, адам өсімдік өнімдерінің тағамдық жағына ғана емес, сонымен қатар емдік, шипалық жағына да көңіл бөлген. Қазіргі кезде дәрі ауруы , аллергияның шығуы, иммунитеттің азаюы сияқты құбылыстардың байқала бастауына байланысты оның маңызы арта түспесе кеміген жоқ. Дәрілік өсімдіктерді ем ретінде пайдалану сонау көне заманнан бері дағдыға айналған, мұны ескі ескерткіш қолжазбалардан айқын көре аламыз.
1. 1Мың теңге тұратын дәрі шарбағының дәл түбінде өсіп тұр.
(Халық мақалы)
Қазақ емшілерінің ауру - сырқаулармен ұзақ жылдар күресу барысында қолданып келе жатқан алуан түрлі дәрі - дәрмектердің қайнар көзі – ұлы табиғаттағы өсімдіктер дүниесі. Олай болса, аяғымыздың астында өсіп жатқан дәрілік өсімдіктерді танып, білім зерттеп ауруымызға шипа етпеске. Біздің Хромтау ауданы маңындағы жерлерде, елді мекендерде өсиетін көптеген дәрілік өсімдіктер бар. Оларға түймедақты, итмұрынды, бақбақты, өгейшөпті, жусанды, аскөкті, киікотын жатқызуға болады. [8, 24б.]
Шипалы өсімдіктер қатарына әртүрлі сәнді өсімдіктер де жатады, өйткені олардың көпшілігі ляззат мүмкіндігімен ғана (бұлардың шипалы күші де осында) шектелмейді, бойындағы физиологиялық сергек заттардың арқасында (меруетгүл, шегіргүл, гүлшетен) олардың денсаулығымыздың серігі де бола алады. Сондай - ақ біздің бау – бақшамызда аяқ астында қаптап өсетін арамшөптер жөнінде де осыны айтуға болады, өздерінің жер үстіне және жер астында өсетін мүшелерінде аса бағалы үй дәріханасына қажетті заттардың болуы арқылы олардың көпшілігі аса пайдалы, мәселен, бақбақ ата заманнан өмір нәрі аталған, ал қалақай – витаминдер қоймасы саналады. Өсімдіктерді отап тастауға асықпай, алдымен олардың пайдалы қасиеттерін біліп алуға тырысу керек.
Қазақ емшілерінің ауру - сырқауларымен ұзақ жылдар күресу барысында қолданып келе жатқан алуан түрлі дәрі - дәрмектердің қайнар көзі – ұлы табиғатты өсімдіктер дүниесі.
өсімдіктердің сабағы, тамыры, гүлі, жапырағы, қабығы, жемісі шәйірі және тұқымынан дәрі - дәрмек жасалады. Қазақ емшілерінің қолданатын дәрілерінің басым көпшілігі - өсімдіктер. Өсімдіктердің әрбір бөлігінің, мәселен, тамыр, сабақ, жапырақ, гүл, жеміс тұқымдарының дәрілік қуаты әртүрлі болып келеді. Сондықтан оларды емдік қуаты ең күшті болатын мезгілде жинағанда ғана сапалы дәрі - дәрмек алуға болады.
Дәрілік өсімдіктер жиналып алғаннан кейін, жас күйінде бірден пайдаланудан қалғандарын кептіріп, жақсы сақтай білу оның емдік қасиеті мен сапасының жоғалмауының басты кепілі болып табылады. Мұндай өсімдіктердің дәріге бірден пайдаланылмайтын бөліктерін топырақ, балшық секілді лас нәрселерден арылтқаннан кейін, әрқайсысының ерекшелігіне қарай кептіру, көлеңкеде кептіру, самалдатып кептіру.