Тақырыбы: Қош бол, құтты Әліппе
Мақсаты: Оқушылардың Әліппеге деген сүйіспеншілік сезімін тудыру, өздерінің сауатын ашқан кітабы Әліппеге байланысты өлең тақпақтарын мәнерлеп оқу, өнерлерін көрсету.
Көрнектілігі: нақыл сөздер, интербелсенді тақта, шарлар, суреттер, қима әріптер
Өтілу барысы:
Музыка ойнап тұрады.
Балалар екі - екіден кіреді.
Мұғалім: Сәлеметсіздер ме, құрметті ұстаздар! Аяулы да ардақты ата - аналар! Міне, бүгін біз барлық білім атасы, біздің болашағымыздың негізі, алғаш хат танытып, сауатымызды ашқан, біздің жақын досымыз Әліппемен қоштасамыз.
Балалар осы уақытқа дейінгі алған білімдерімізді көрсетіп, ән - күймен, өлеңдермен, жұмбақтармен, мақал - мәтелдермен өрнектеп, өнерімізді ортаға салайық. Біліміміздің артып, сөз байлығымыздың молайғанын, санамыздың өскенін көрсетейік.
(интербелсенді тақтадан көрсетілім)
- Бұл Әліппенің ерекшелігі Елбасы Н. Назарбаевтың ертеңгі болашағымыз егеменді еліміздің іргесін нығайтушы балаларға Айналайын сөзімен басталып тұр.
( Айналайын сөзін оқып беру)
- Балалар сендер елбасына, ұстаздарға, ата - аналарға жақсы оқып, отанын, елін қорғайтын жігерлі де, білімді азамат болып өсуге уәде бересіңдер ғой.
- Иә, уәде береміз.
- Балалар мен сендерге сұрақ қоюдан бастайын.
- Іші толған әріпке,
Білімдегі жарық не?
Хормен: Болашаққа жол ашар
Ол сүйікті ӘЛІППЕ
Мұғалім: Олай болса, өздерін алғаш қолдарыңа ұстаған аяулы Әліппені ортаға шақырайық.
Хормен: Әліппе, әліппе, әліппе!
Ортаға Әліппе мен Математика келеді.
Әліппе: Армысыздар, жас достар!
Армысыздар ұстаздар, ата - аналар!
Болашаққа жол бастар
Әліппен келді ортаға
Білім деген ғажаптың
Әліппесін меңгерген,
Келешегі қазақтың
Басталады сендерден.
- Иә, балалар мен сендердің осы жыл бойы алған білімдеріңді Мектеп кеме, Білім теңіз дегендей білім теңізіне құйып, әрі қарай дамытып, көп нәрселерді үйренеді деген үмітпен келіп отырмын.
Мұғалім: Иә Әліппе, бүгін балалар білімің де, өнерлерің де ортаға салмақ.
Топтық би: Балдәурен ( Ақжол, Қ. Мәдина, Назым, Қ. Арайлым, Жанерке, Жансая)
Мұғалім: Әліппе сіздің сиқырлы әріптеріңізбен білім теңізіндегі Алтын балық Айбалық туралы ертегіні баяндап берейік.
Әліппе: Қане тыңдайық.
(Қолдарына әріп жазылған шарды ұстап тұрып, оқушылар ертегіні өлеңдетіп айтып береді Алтын сарай тұрғызады).
Аружан: Айдай алып Айбалық
Айдай жарық Айбалық
Аспай - саспай жайланып
Айналасы барлады
Алтын сарай салғалы
Ақыл қосар жолдас көп
Асықпасақ болмас деп
Асар жасап ақыры
Ағайынын шақырды.
Жанасыл: Әтеш балық сайрап жүр
Әнші еді қандай бұл!
Әне - міне дегенше
Әркім қолдан келгенше
Әрлі нәрлі іс қылды
Ә, дегенше іс қызды.
Балнұр: Балға балық түріп жең
Бел бүкпеді күнімен
Бағанасын сарайдың
Болды өзі қалайтын
Балға балық ол дағы
Бастаманы қолдады
Бірі шеттеп қалмады
Берекелі іс жалғанды.
Мәди: Зерлі күмбез мұнара
Зорайып тым ұзара
Зәулім сарай жарқылы
Зеңгір көкке шарпылды
Заулап уақыт ағады
Зерлеп алтын сарайды.
Арайлым: Ваху балық бұл дағы
Вестюбиль салып тынбады
Вахтаға қонып ақыры
Веранданы да қатырды.
Максим: Үдете түсіп барлық іс
Үлгілі тынды әр жұмыс
Үмітті күндер молайды
Үлкен үй сарай зорайды
Жансая: Гаухардан Ақ сарайға
Гүлзар керек қалайда
Губан балық гүл екті
Гүл алаңын гүлдетті
Гүлзар қандай бақ қандай!
Гүл жайнады Ақ сарай!
Ақжол: Түсте жұртта дамыл жоқ
Түнде де лаулар жалын от
Тынымсыз еңбек тынбады
Табан шалғы шыңдады
Тынымсыз еңбек қайнады
Төңірек гүлдей жайнады!