Қадыр Мырза Әли
Шабытты шақ
Жүрек пен жүйке егессін,
Жыр көңіл сонда толғайды.
Жынды деп жынды емессің,
Жынды емес деуге болмайды.
Тебісіп ырғақ миыңда,
Төгесің сырды отырып.
Адам деп айту қиын да,
Алла деп айту өтірік!
Серпінді ой ішті кернейді,
Соғыса кеткен көп сендей.
Құдайды көзін, көрмейді,
Көреген бірақ жоқ сендей.
Қас қағым уақыт ішінде
Ұғасың бәрін дана боп.
Қас қағым уақыт ішінде
Шығасың және бала боп.
Жатасың сосын бой жазып,
Ақынға бір сәт саналмай.
Тамаша жырды мен жазып
Тастадым деуге сене алмай!