Мұғалімнің әңгімесі

Скачать

Ашық сабақ Мұқағали Мақатаевтың Сүйемін, өскен Отаным өлеңі
Мақсаты. Оқушыларға өздері оқып, танысқан Мұқағали өлеңдерімен оның шығармашылығынан жан – жақты деректер бере отырып, танымдық көзқарастарын қалыптастыру, шығармашылыққа шыңдау.
Тәрбиелік мәні: Жеке тұлғаны жан – жақты болуға тәрбиелеу, үлкенге құрмет кішіге ізет көрсетуге тәрбиелеу, оқушыларды шығармашылыққа, ізденімпаздыққа баулу.
Әдіс – тәсілдер: баяндау, әңгімелеу, іздендіру, сұрақ - жауап, сын тұрғысынан ойлау технологиясының элементтері.
Көрнекілігі: Ақынның портреті, шығармалар жинағы, ақын туралы естеліктер, буклет, презентация.
Пәнаралық байланыс: музыка, қазақ тілі, тарих.
Сабақтың эпиграфы:
Қазақ жырының аспандағы азғана жұлдыздардың арасынан сенің жұлдызыңды біз оңай танушы едік.
Сенің жұлдызың - ең шүғылалы, ең мейрімді жұлдыз
Тұманбай Молдағалиев.

Сабақ барысы:
Ұйымдастыру кезеңі.
Сәлемдесу
Тапсырма: орны ауыстырылған нақыл сөздер таратып, жаңа тақырыпты анықтау.
1) Отан - оттан да ыстық.
2) Отансыз адам, ормансыз бұлбұл.
3) Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас.
4) Отан үшін отқа түс, күймейсің.
Сұрақ: Не туралы мақал - мәтелдер?
– Отан туралы.
Ендеше бүгін Туған өлкем - тұғырым тарауындағы қазақ поэзиясында шоқтығы биік аса дарынды ақын Мұқағали Мақатаевтың Сүйемін, өскен Отаным өлеңіне тоқталамыз.

б) Мағынаны тану.
– Алғашқы сауалдарыңыз, яғни автор жайлы мен өзіне қысқаша түсінік бере өтейін, сол әңгімедегі негізгі ойды біз мәтінді оқи отырып танысармыз.
Үнтаспадан Мұқағали Мақатаевтың Қарасаздың шыбығын жел тербеген әні ойналып тұрады.
Мұғалімнің кіріспе сөзі. Ол 1931 ж. 9 – шы ақпанда Алматы облысы, қазіргі Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Ақынның туған күні жөнінде екі түрлі ақпарат бар. Алайда, құжаттар бойынша ақынның туған күні ақпанның 9 - да тойланады. Екінші ақпарат: ақынның анасы Нағиман апа былай деген: Мұқағалиым 1931 жылы наурыз айының 8 – інде дүниеге келген болатын. Жаңылысуым мүмкін емес. Себебі балам мынау фәнидің есігін ашқаннан біраз уақыт кейін Наурыз тойы болады, наурыз көже жасаймыз деп күтіп отырғанбыз. Мұқағали Мақатаев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты Оразақын Асқар ақынның екінші туған күніне байланысты мынадай сөз айтады: Ал құжат бойынша Мұқағали 9 ақпанда дүниеге келген. Бұл куәлікті ақын ес білген кезде сол кездегі сайлау науқанына байланысты өзі жаздырып алған екен . Азан шақырып қойылған аты – Мұхаммедқали. Әкесі қарапайым шаруашы: колхозда сушы, шалғышы болып істеген. Мұқағали үйдің тұңғышы болған, оның артынан бір қыз және үш ұл туған. Ақынның қарындасы мен алғашқы інісі ерте көз жұмған. Соңғыларының есімдері – Тоқтарбай мен Көрпеш. Қазақ дәстүрі бойынша үйдің алғашқы баласы ата – әжесінен тәрбие алуы тиіс, сондықтан Мұқағали әжесі Тиынның қолында өсіп, анасын жеңгесіндей қабылдайды. Балалық шағы соғыспен қатар өткендіктен, ақын тағдырдың ащы дәмін ерте татады(“Неңді сенің аңсаймын, бала шағым?”). Мұқағалидің әкесі 1941ж Калиниград майданында қаза табады.

Бүгінгі сабақтың тақырыбы: М. Мақатаевтың Сүйемін, өскен Отаным өлеңі.

Бүгінгі сабағымыздың мақсаты: қан тәңірінің мұзбалағы атанған әйгілі ақиық ақ Мұқағали Мақатаев туралы толық мәлімет алу арқылы рухани тәрбие алу, өз ойынды дұрыс, анық жеткізе білу, шығармашылық қабілеттерін жетілдіруге күш салу.

Мына өлеңдерді еске түсірейік.
Үш бақытым
Ең бірінші бақытым – Халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.
Ал екінші бақытым – Тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей – кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.
Бақытым бар үшінші – Отан деген,
Құдай деген кім десе, Отан дер ем! …
Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай – ақ кел дағы от ал менен…
Нені аңсаймын?..
Туған өлке, туған жұрт, сені аңсаймын,
Heгe аңсаймын, білмеймін, неге аңсаймын
Ұл де, мейлің, адасқан құл де, мейлің,
Сені аңсаймын, туған ел, онан сайын!
Қуат берген дәмің мен тұзың маған,
Қаймағыңды аңсаймын бұзылмаған.
Гүлін сүйем, шалғынның бүрін сүйем,
Үнін сүйем масаңның ызыңдаған.
Сені аңсаймын, қайнаған ақ бастаулар,
Ақ бас таулар – самайын ақ басқандар.
Сені аңсаймын, қазіргі ақ бас шалдар,
Бұрынғы өреден құрт ап қашқандар,
Су кешіп, жалаң аяқ от басқандар!

Мұғалімнің әңгімесі: Бұл өлеңдердің авторы – қазақ поэзиясында шоқтығы биік аса дарынды ақын Мұқағали Мақатаев. Оның өлеңдерінде сөздің сұлулығы мен ойдың асқақтығы астасып, үйлесіп тұрады. Сондай өлеңдерінің бірі – Сүйемін, өскен Отаным!

Мұғалімнің мәтінді мәнерлеп оқуы.
Сатылай кешенді талдау (мұғалімнің түсіндіруі).
1. Тақырыбы: Сүйемін, өскен Отаным!
2. Авторы: Мұқағали Мақатаев.
3. Бұл - әдеби шығарма. Әдеби шығарма – дегеніміз белгілі бір дәуірдегі қоғамдық шындықтың сәулесі.
4. Жанр түрі: өлең (поэзия). Себебі, белгілі бір өлшеммен алынған қиыстырылып үйлесімді ырғақпен ұйқасып келетін өрнекті сөз жүйесі.
5. Идеясы: туған Отанды, оның сұлу табиғатын жырлау.
6. 16 шумақтан тұрады. Шумақ дегеніміз аяқталған біртұтас ойды білдіреді.
7. 12 тармақтан тұрады. Тармақ бұл өлеңнің әрбір жолы.
8. Қара өлең ұйқасы (АБАБ) Ұйқас - бұл соңғы сөздері бір - бірімен үндес, дыбыстары да бірегей жақын, ол өлеңнің бүкіл бітімімен, мазмұнымен тамырлас.

9. Әдеби теориялық ұғымдар: А. Кейіптеу – табиғат құбылысын жандандырып, адам сияқты күлдіріп, қуантып, т. б кейіпте суреттеуді айтады (бетті аймалап уілдеп…)
10. Түсіндірме сөздік: ескегін(желін, самалын), сұлаған (созылып жатқан) 11. Өлеңнің негізгі түйіні, тәрбиелік мәні: Отансүйгіштікке тәрбиелеу

Преподаватель казахского языка и литературы
Екибастузский колледж инженерно - технического института им. академика Сатпаева
Кырыкбесова Айымгуль Ермековна
Ашық сабақ Мұқағали Мақатаевтың Сүйемін, өскен Отаным өлеңі. жүктеу


Скачать


zharar.kz