Ақпарат көзі, қабылдаушы мен жеткізу ортасы

Скачать

Тақырыбы: Табиғаттағы ақпарат ұғымы. Ақпарат түрлері. Ақпарат көзі, қабылдаушы мен жеткізу ортасы. Ақпарттық процестер. Адамның ақпаратты қабылдауы.
Сабақ мақсаты: а) Ақпарат ұғымымен, оның түрлерімен, үлгілерімен және өңдеу тәсілдерімен таныстыру.

Б) Арнаулы, сипаты мен қабылдау тәсілдері бойынша әр түрлі ақпарат түрлерін ажырат алуға үйрету. Қазіргі таңдағы ақпараттың маңызын ұғындыру.

В) Айналадағы болып жатырған процестерге мән беріп, терең түсініп қарауға, әр нәрсенің мағынасын, негізін түсінуге тырысуға тәрбиелеу.

Сабақ көрнекілігі: Плакаттар
Сабақ түрі: Пікірлесіп - түсіндіру сабағы
Сабақ әдісі: Түсіндірмелі баяндау, әңгіме түрінде.
Сабақ типі: Жаңа білім меңгерту сабағы.
Сабақ барысы: Ұйымдастыру кезеңі
Үй тапсырмасын тексеру
Жаңа сабақ түсіндіру
Жаңа сабақты бекітуге тапсырмалар беру.
Үйге тапсырма
Сабақты қорытындылау

Сәләматсыңдар ма?
Бүгінгі сабағымыз Ақпарат тақырыбына арналады. Ақпарат сөзі латынның түсіндіру, баяндау, мәлімет деген ұғымдарды білдіретін informatio сөзінен шыққан. Қазір ақпарат сөзі күнделікті тұрмыста, ғылымның әр түрлі: философия, экономика, физика, математика, информатика т. б. салаларында кең қолданылады. Бірақ әрбір ғылымның ақпарат туралы өз ұғымы мен түсінігі бар.
Тапсырма: Ақпарат деген сөзге сен қандай мағына берер едің? (Оқушылардың өз ойларын айтуы сұралады.)
Ақпарат деген сөзді біз қалай түсінеміз. Оны қолдану мысалдарын қарастырайық. Ақпаратты ауызша, жазбаша немесе қимыл - қозғалыс түрінде бере аламыз.
Бізді дүние жүзіндегі күнделікті жаңалықтармен таныстыратын газеттерді, радио мен теледидарды бұқаралық ақпарат құралдары деп атайды. Біз теледидардан жаңалықтарды көреміз, радиодан естиміз, бір - бірімізден қызықтырған нәрселерді сұраймыз, яғни ақпарат аламыз. Бұл мысалдардан біз ақпарат деген сөз белгілі бір хабардың, жаңалықтың, өткен оқиғаның мазмұнын білдіретінін көреміз.
Ал археологиялық қазба жұмыстары арқылы табылған бұйымдар бізге сол кездегі тұрмыс - тіршілік туралы, адамдар жөнінде, қандай жағдайда өмір сүргендері туралы аса бағалы ақпарат береді.
Тас бөктерлерінде, жер қатпарларында ертеден сақталып қалған хайуанаттар сүйектерін, өсімдіктер жапырақтарын зерттеу нәтижесінде де біз жер бетінде көне заманда өмір сүрген жануарлар, өсімдіктер туралы көп мәлімет аламыз.
Шексіз алыс әлемді, физиканың жұлдыздар жүйесін зерттеу барысында физиктер, астрономдар олардан жерге жетіп жатқан электромагниттік сигналдар арқылы олардың құрылыс, шығу тегі жөнінде көп мағлұматтар алады.
ХІХ - ХХ ғасырларда телеграфтың, радионың пайда болуы ақпаратты кез - келген қашықтыққа жарық сәулесінің тарау жылдамдығымен жеткізуге, ал теледидардың шығуы үйде отырып - ақ, дүние жүзінде не болып жатқанын көріп - білуге мүмкіндік тудырды.
Ақпарат тек қарым - қатынас нәтижесінде алынып қоймайды. Оны адам миы қабылдаған мәліметтерді, хабарларды өңдеу процесінде де тууы мүмкін. Мысалы біздің футбол командамыз қатарынан үш рет жеңілді деген хабардан кейін біздің команда жақсы командалар қатарында емес екен деген ой туады.
Сонымен ақпарат тірі табиғатта да, өлі табиғатта да болады, ол тек сөзбен жеткізілмейді, яғни ақпарат алудың сан алуан түрі бар. Ақпарат қарым - қатынас жаса, өз бетімен ойлану, зерттеу және т. б. әрекеттер нәтижесінде пайда болады.
Ақпаратқа үзілді - кесілді анықтама бере алмаймыз. Оны қоршаған орта туралы және онда жүріп жатқан процестер туралы хабарлар мен мағлұматтар деп түсінуге болады.
Неігізінде ол ғылымдар шегінде анықталмайтын ұғым болып табылады. Бұл ұғым тек материалдық ақпарат тасуыш, ақпарат көзі ақпарат жеткізуші, оны қабылдаушы, көзі мен қабылдаушы арасындағы байланыс арнасы арқылы түсіндіріледі.

Кім ақпарат хабарласа сол ақпарат көзі болып табылады.
Ал кімде - кім ақпаратты қабылдап алса, онда ол ақпарат қабылдаушы болып табылады.
Ал ақпарат тасушы: сынып тақта, журнал, ауа бөлшектері, радиотолқындар, қағаз, ағаш, металл, тас, кассета, дискета, сурет, слайд, перфокарта т. б. бола алады.
Ақпарат көзі мен қабылдаушы арасындағы байланыс арнасы телекоммуникациялық арна да, ауа да дыбыс толқындарын тасушы бола алады.
Ақпарат көзі мен қабылдаушы жанды (тірі организм), жансыз (ДК) заттар, айқын (мұғалім - оқушы) және жанама (су шуылы сарқыраманың жақын екенін білдіреді) болуы мүмкін.

Мысал:

(Оқушылардың көмегімен тақтаға схема сызылады)
Ал адам ақпаратпен не істей алады, деген сұраққа жауап берелік.
Біріншіден, адам ақпаратты сақтай алады.
Біз кітап, газет - журнал оқығанда ақпаратты есте сақтап жинаймыз. Оны бірнеше күннен соң біреуге жеткізе аласыңдар. Ал адамның өмірінде оқитын, көретін, еститін ақпарат мөлшері өте көп болатындықтан адам миы оның бәрін сақтай алмайды. Ұмытып қалуы мүмкін. Сол себептен оларды сақтау үшін сыртқы ақпарат тасуыштар: қағаз, түрлі таспалар, дискілер т. б. қолданылады.
Екіншіден, адам ақпаратты жеткізе алады.
Ақпарат жеткізу мысалдарын біз барлық жерде кездестіреміз. Бір - бірімізбен сөйлескенде, сабақта, теледидар көргенде, кітап оқығанда т. б. Кітап оқығанда сен қабылдаушы, ал автор жолдаушы болады.
Сонымен ақпарат алмасу үшін, жолдаушы мен қабылдаушы болуы керек. Хабар жеткізуге пайдаланылатын құралдарды ақпарат жеткізу арнасы деп атайды. Оған теледидар, радио, компьютерлік желі т. ь. жатады.
Үшіншіден, адам ақпаратты өңдей алады.
Ақпарат өңдеу деп – ақпарат алуды, оның мазмұнын өзгертпей, ұсыну түрін өзгертуді, алынған ақпаратты бір ретке келтіруді және жаңа ақпарат іздестіріп толықтыруды айтады.
Мысалы, есепті шешу барысында сендер:
Есептің шартын оқисыңдар – ақпарат аласыңдар.
Есепті шешесіңдер – ақпаратты өңдейсіңдер.
Нәтижесін оқытушыға көрсетесіңдер – оған ақпарат бересіңдер.
Адамның ақпаратты өңдеуі үздіксіз процесс. Ақпарат өңдеу (қиын жағдайдан шығу кезінде) кезінде адам жаңа ақпараттар ойлап табуы мүмкін.
Сонымен адам ақпаратты сақтайды, өңдейді және жеткізе алады. Бұл жағдайда адам қандай да бір әрекеттер жасайды, оларды ақпараттық процесс деп атайды.
Тапсырма:
Сені ойыңша берілген ақпараттық процестердің қайсысы басым екенін кестеде өзің белгіле. Әр процесте ақпаратты жеткізу, сақтау және өңдеу әр түрлі мөлшерде болады. Мұның ішінде басым түсетінін белгілеу керек. Жауап әр түрлі болуы мүмкін.

Процессс Жеткізу Сақтау Өңдеу
1. Кітап оқу +
2. Күнделікке баға қою +
3. Математикадан есеп шығару +
4. Есікке қоңырау соғу. +
5. Компьютерде ойнау + +
6. Диктант жазу + +
7. Тақпақ жаттау +
8. Суретке түсу. + +
9. Балмұздақ сатып алу. + +

Адам ақпарат үздіксіз қабылдап отырады. Адамға ауа, су, жылу қандай қажет болса, қоршаған орта туралы ақпарат та сондай қажет.
Адам сезім мүшелері арқылы көреді, естиді, сезінеді, иісті, дәмді сезеді, яғни ақпарат қабылдайды. Адам ең көп ақпаратты көру мен есту арқылы алады (90 пайыз).
Адам қабылдайтын ақпаратты таңбалы және бейнелі деп, екіге бөледі.
Бейнелік ақпарат – табиғат көріністері, кескіндер, дәм, иіс, сезу мүшелері арқылы алынатын ақпараттар.
Таңбалық ақпаратқа адамның сөйлеу, жазу түрінде алатын ақпараттары жатады.
Жазба мәтін, ауызекі сөз әртүрлі таңбалардан тұрады. Дыбыстық таңбалар – фонемдер. Таңба түрінде қатынасуды қатынас тілі деп атайды. Қатынас тілдері – табиғи және жасанды болып бөлінеді.
Табиғи қатынас тіліне орыс, қазақ, ағылшын т. б. тілдер жатады.
Жасанды қатынас тіліне математика, физика, музыка, компьютермен қатынасу тілдері жатады.
Әр тілдің өз алфавиті, яғни символдар жиыны болады. Бұл осы тілдің таңбалары.

Тапсырма:
Бейнелі Ақпарат Таңбалық
Тіл
Табиғи Жасанды
Сынып журналындағы бағалар +
+ Айвазовскийдң Девятий вал суреті
Радиодан диктордың хабарлары +
+ Компьютер ойыны
Градусник көрсетуі +
+ Ауру адамның түрі
+ Сағат тілінің көрсетуі +
+ Сабақтан шығу қоңырауы
Жол белгілері +
Ерте кездегі тайпа тіліндегі мәтін +
+ Теледидардағы хоккей ойыны
Бағдаршам сигналы +
+ Жайсыз орындық
+ Фотосуреттер
Көбейту кестесі +
Кітап +
+ Жұмсақ орындық
Математикалық формула +
+ Күлкі
Ноталар +
+ Жұлдызды аспан

Бекіту сұрақтары:
1. Ақпарат деген сөзге қандай мағына бересіңдер?
2. Сендер ақпарат алатын негізгі көздерді атаңдар.
3. Адам ақпаратты қайда сақтайды?
4. Адамның ақпаратты өңдеуіне мысал келтіріңдер.
5. Ақпарат жеткізушіден қабылдаушыға қалай беріледі?
6. Адам қабылдайтын ақпарат нешеге бөлінеді.?
7. Бейнелі ақпарат – қандай ақпарат?
8. Таңбалы ақпаратқа қандай ақпарат жатады?
9. Табиғи қатынас тілге не жатады?
10. Жасанды қатынас тілге не жатады?

Үйге тапсырма 1. 1 тақырып. 3 - 9 беттер. Оқып келу.


Скачать


zharar.kz