Көп сөз басты қара жерге кеп тығар

Скачать

Тіл қадірлі етер, ерге бақ қонар,

Қор қылар тіл, кететіғұн бас болар.

Тіл — арыстан есік баққан ашулы,

Сақ болмасаң жұтар, ерім, басыңды!

Не дейді, ұққын, тілден жапа шеккен ер,

Құлақ салып, амал қылып, есті елер:

Тілімнен көп жапа шектім, есебім:

Бас кесілмес үшін, тілді кесемін!

Сөзіңді бақ, басың кесіп алмасын,

Тіліңді бақ, тісің сынып қалмасын!

Біліп айтқан сөз — білікті, саналар,

Біліксіз сөз басыңды жеп, табалар.

Көп сөйлеме, аз айт бірер түйірін,

Бір сөзбен шеш түмəн сөздің түйінін.

(Көрген емен көбік сөзбен оңғанды,

Тобықтай түй тоқсан ауыз толғамды!)

Сөз кісіні ұлы қылар, бек қылар,

Көп сөз басты қара жерге кеп тығар.

Көп сөйлесең, Езбесің деп жек көрер,

Сөйлемесең, Мылқау екен — деп сөгер!

Бұлай болса, тең ортасы — керегің,

Тілге ұстамды болсаң, өсер беделің!

Тіліңді бақ, басың аман болады,

Сөзді қысқа айт, жасың ұзақ болады.

Туған адам өліп сөзі қалады,

Өзі кетіп, ізгі аты қалады!

Қалар мұра — сөз, кісіден кісіге,

Сөзді мұра тұтсаң, пайда ісіңе.

Жүсіп Баласағұн


Скачать


zharar.kz