Достық туралы мақал - мәтелдер №1
Асы бар қазан сүйкімді,
Досы бар адам сүйкімді.
Жақынға жаны ашымағанның
Бір беті қара.
Жолдасына жаны ашымағанның
Екі беті қара.
Үйінде асы жоқтың,
Түзінде досы жоқ.
Жас асыңа қарайды,
Дос басыңа қарайды.
Тістем нанның қадірін
Тарыққанда білерсің.
Анық достың қадірін
Зарыққанда білерсің.
Қарның ашса қосқа бар,
Қайғың асса досқа бар.
Достың ескісі,
Тонның жаңасы жақсы.
Сырласуға дос жақсы,
Сыйласуға жат жақсы.
Жақсы дос –
Басыңа дос.
Жаман дос –
Асыңа дос.
Есепті дос айрылмас.
Ас барында дос жоқ,
Ат барында той жоқ.
Дос бергеннің түсіне қарама.
Дұшпан күлдіріп айтады,
Дос жылатып айтады.
Досыңның пышағымен киіз кес,
Дұшпаныңның пышағымен мүйіз кес.
Айрылғысы келген дос,
Аяулыңды сұрайды.
Жаңа дос келгенде,
Ескі достың көзінен жас шығар.
Дос сыртыңнан мақтар,
Дұшпан көзіңе мақтар.
Досы көпті жау алмайды,
Ақылы көпті дау алмайды.
Қайғың болса,
Досыңа бар.
Қарның ашса,
Қосыңа бар.
Есептескен – дос болмас.
Досыңмен көп сөйлеспе,
Жолынан қалдырарсың.
Дұшпаныңмен көп сөйлеспе,
Сырыңды алдырарсың.
Жаман дос:
Озып бара жатсаң
Етегіңді басады,
Қалып бара жатсаң
Қасыңнан қашады.
Досыңды мақтағаның –
Өзіңді жақтағаның.
Дос – ажарың,
Жолдас – базарың.
Өзің қандай болсаң, досың сондай.
Жақындай қимас –
Шын досыңмен сыйлас.
Ағаш тамырымен,
Адам досымен мықты.
Егер біреу жолға шықса,
Аман барып, сау қайтсын.
Шын тілектес досы болса,
Сол тілеуді күнде айтсын.
Білімдар достан бір сақтан,
Білімсіз достан мың сақтан.
Түлкі мінез адамдар,
Досты досқа жамандар.
Досыңа шапан кигізсең,
Ішік кигізді дейді.
Қасыңа ішік кигізсең
Шапан кигізді дейді.